Наурыз – жыл басы, ынтымақ пен ризықтың бастауы Избранное

Пятница, 18 Март 2022 04:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1340 раз

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ғасырлар қойнауынан жеткен Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – табиғаттың ғана емес, адамзат рухының да жаңаруының белгісі. Бұл мейрам баршамызды бірлік пен татулыққа шақырып, ортақ іске жұмылдырады.

517

 

Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкенттің әлеуметтік және экономикалық дамуында үлкен серпін бар. Бүгінгі таңда елдегі саяси тұрақтылық жағдайында қала тұрғындарын әлеуметтік, инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету мәселелері сәтті жүзеге асырылуда. Қала халқы да ел экономикасын дамытуға өз үлестерін қосып келеді.
Біздің жерлестеріміз ежелден қонақжайлылығымен, ізгілігімен ерекшеленеді. Бұл қасиеттер, әсіресе, адамзаттың ізгілігі мейрамында айқын көрінеді.
Шымқалада Наурыз мейрамын жаңаша атап өту ізгі дәстүрге айналып келеді. Наурыз Шымкенттен бастау алады деуге болады. Бұған табиғаттың өзі де қарайласып тұр. Басқа аймақтар қардың құрсауынан шыға алмай жатқанда Шымкентте нағыз көктем-наурыз басталады. Дәстүрлі мерекемізге басымдық беру мақсатында наурыз айының әрбір күнін ерекше атап өтуді қолға алдық. Он күндік іс-шара «Көрісу», «Жайлау», «Шежіре», «Тарихқа тағзым», «Игі істер», «Шымырлық пен шеберлік», «Nauryz Fashion Day», «Зияткерлік», «Ұлттық тағамдар» фестивалі, «Гастроном Fest», «Ұлыстың ұлы күні» және «Жоралғы күні» деген атаулармен өтіп жатыр. Осылайша ұлттық қазынамыз бен тарихи құндылықтарымыз, халқымыздың салт-дәстүрі дәріптелуде.

Қадірлі шымкенттіктер!
Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтсін. Жасампаздығы мен қуаты артып келе жатқан еліміздің ажары мен айбыны да осындай игі дәстүрлерімізбен жалғаса берсін!
Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ
сыйласын!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.