Табиғаттың жас жанашырлары Избранное

Среда, 06 Апрель 2022 02:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 654 раз

Шымкентте жас орнитологтардың «Ornis–2022» қалалық сайысы өтті. Байқау 1 сәуір – халықаралық құстар күніне арналған. Шаһардағы мектептердің оқушыларынан құралған командалар зообақта бас қосып, өзара сайысты.

102

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыс алдымен қаладағы 4 ауданда өткен. Іріктеу турынан іркілмей шыққан командалар қалалық сайысқа жиналып отыр. Мұнда олар көрермендер мен әділқазылар алдында өз өнерлерін паш етіп, түрлі номинациядан мықтыны анықтайды.
– Сайысымыз төрт номинация бойынша өтті. Олар – «Команданың визит-карточкасы», «Құстарға қамқор болайық», «Құстардың таңғажайып әлемі» және «Шекарасыз шығармашылық» номинациялары. Яғни, бірінші турда командалар өздерін таныстырса, екіншісінде өздері жасаған құс ұяларын салыстырамыз. Келесі кезеңде балалар құстар туралы викторинаға қатысып, соңында сахналық көрініс ұсынады. Мұндағы мақсатымыз – жастардың табиғатқа, оның ішінде жан-жануарлар мен құстарға қамқорлығын арттыру, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты «Экология, өлкетану және туризм» орталығының бөлім меңгерушісі Мұхтар Керімбеков.

103


Байқау қорытындысы бойынша «Шекарасыз шығармашылық» номинациясында «Экология, өлкетану және туризм» орталығының «Лашын тобы» І дәрежелі дипломмен марапатталса, «Құстардың таңғажайып әлемі» номинациясында С.Нұрмағамбетов атындағы №72 мектептің «Қыран-5» тобы жеңіске жетті. «Команданың визит-карточкасы» номинациясында – А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның «Феникс», ал «Құстарға қамқор болайық» номинациясында №109 мектептің «Қыран-1» тобы қарсыластарынан озық шықты.
Айта кетейік, қалалық білім басқармасына қарасты осы орталық мұрындық болған сайысқа қалалық зообақ, «Сайрам-Өгем» және «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи парктерінің басшылары қолдау көрсетіп, жеңімпаздардан бөлек, көзге түскен командаларға табиғи парктерде саяхаттауға арналған жолдама табыстады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.