Ер Төстік елмен қауышты Избранное

Среда, 06 Апрель 2022 02:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 736 раз

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Ер Төстік» ертегісін сахналады. Ақын Қасымхан Бегмановтың авторлығымен жазылған поэтикалық драма Ер Төстікті елмен табыстырды.

104

 

Ер Төстік – қазақ батырлық ертегілерінің ең көне үлгісі. Шығарма желісі атадан балаға мұра болып, халық ауыз әдебиеті арқылы бүгінге жетіп отыр. Ер Төстік қиял-ғажайып жағдайда дүниеге келіп, ерекше жағдайда ер жетеді. Күндердің күнінде жоғалып кеткен сегіз ағасының барын естіп, оларды іздеуге аттанады. Өзіне серік ретінде Шалқұйрықты таңдап мінеді. Шалқұйрық — тек жүйрік ат ғана емес, алдағыны болжай білетін, адамша сөйлеп, адамша іс-әрекет ететін қасиетті жануар. Ал, жолай кездескен Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар, Саққұлақ сынды адал достары Ер Төстікпен бірге күресіп, жауды жеңуде өз септігін тигізеді.
Қоюшы режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Мақпал Малдыбаеваның айтуынша, ең алғаш пьесамен өткен жылдың қыркүйегінде танысқан.
— Қасымхан Бегманов «Ер Төстік» пьесасын ақын ретінде өлең жолымен жазып ұсынған болатын. Алайда, мектеп жасындағы балалардың қойылымды қабылдауын ескере келе, біраз бөлігін автордың келісімімен қарасөзге айналдырдық. Бүгінгі балалар Өрмекші адам, Бэтман сынды мультфильмдерді көріп, соларға елтіп жүреді емес пе?! Автормен ақылдасқан кезде ол кісі «Әр үйде өз Ер Төстігі өссе екен» деген тілегін айтты. Осы тілек «Ер Төстікті» ерекше қырынан көрсетіп, «неге бүлдіршіндерімізге қазақ батырларын үлгі етпеске?!» деген ой ерекше күш берді. Жалпы, қойылымда 12 актер 16 қуыршақ кейіпкерді сомдады. Онда механикалық басқарылатын 9 қуыршақ және қалғандары кейіпкер костюмінде шықты, - дейді қоюшы режиссер.
Адалдық бар жерде барлық қиындықты жеңуге болатынын насихаттаған қойылымда бас кейіпкерді актер Ақберді Мұсақұлов сомдап шықты.
— Қуыршақ театрының қойылымдарының басты ерекшелігі сол — актер мен қуыршақтың іс-әрекеті үндесіп тұруы тиіс. Әрине, ол үлкен еңбекті, ептілікті қажет етеді. Егер де Ер Төстік көрерменге қарап, мен басқа тұсқа бұрылып сөйлеп тұрсам, образ тұтастығы болмас еді. Сондықтан кішкентай көрермендерімізді сенетіндей етіп, бар шеберлігімізді салдық, - дейді А.Мұсақұлов.
«Айша» балабақшасының тәрбиеленушісі, 6 жасар Марғұлан Қадырбек қойылымнан алған әсерімен бөлісті.
— Қойылым ұнады. Ер Төстік сияқты батыр, ер жүрек болғым келеді. Ол өзінің бауырларын жаудан қорғап қалды, - дейді ол.
Қойылым премьерасы аншлагпен өтті. Балалардың бал-бұл жанған жүзінен-ақ ертегінің қаншалықты әсер еткенін көруге болатындай.
Айта кетейік, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры 6-7 сәуір күндері сағат 10.00-12.00-де «Ер Төстік» поэтикалық драмасының премьерасына шақырады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.