ОТБАСЫЛЫҚ ЦИФРЛЫ КАРТА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ Избранное

Среда, 24 Август 2022 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2061 раз

Қазақстанда отбасылық цифрлы карта қолданысқа енгізілмек. Соның нәтижесінде еліміздегі отбасылар қандай да бір жәрдемақы алу үшін мемлекеттік органдарға өтінім беріп жүрмейді. Жәрдемақылар проактивті түрде тағайындалады.

419

 

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Ведомства басшысы Ішкі істер және Әділет министрліктерінің, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдіктерінің өкілдерінің қатысуымен Отбасылық цифрлы картаны іске қосуға дайындық бойынша бейнебайланыс арқылы жиналыс өткізді. Жаңа жүйенің көмегімен еліміздегі әр отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты мемлекеттік кепілдендірілген әлеуметтік көмек алуға деген құқығы қамтамасыз етілмек.
Мысалы, жаңа босанған анаға жөргекпұл тағайындалатыны белгілі. Жас ана бала туу мен оның бір жасқа дейінгі күтіміне қатысты белгілі бір мөлшердегі жәрдемақы алып отырады. Бұған қоса 4 немесе одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да жәрдемақы тағайындалады. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы ала алады.
Мұндай мысалдар көп. Бұған дейін олардың көбісін алу үшін өтінім беріп, құжаттар рәсімдеу керек болатын. Жауапты мамандар енді мұндай әурешіліктер артта қалады деп сендіреді. Отбасының цифрлық картасын енгізу арқылы мемлекет тағайындаған жәрдемақыларды проактивті форматта, яғни төлем алушының өтінішін күтпей беріледі.

410


– Отбасының цифрлық картасының жұмыс алгоритмі келесі тәсілмен жүзеге асырылады – мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар отбасына Еңбек министрлігінен SMS-хабарлама жолданады. Онда азаматтың мемлекеттік кепілдік алуы мүмкін екені жазылған. Бұдан бөлек, SMS-хабарламада азаматқа мемлекеттік кепілдікті проактивті форматта тағайындауға келісу немесе келіспеу құқығы беріледі. Егер азамат келіскен жағдайда, онда оған жәрдемақы тағайындалады. Ол кейін төлем алушының шотына түседі, – деді министр Тамара Дүйсенова.
Ведомство басшысының айтуынша, осы жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде цифрлы картамен Қазақстанның бүкіл азаматы – 19,4 млн адам немесе 6,5 млн отбасы қамтылады деп күтілуде.
15 тамызға дейін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы деректер өзектендірілді. Енді 1 қыркүйектен бастап 9 түрлі жәрдемақы мен АӘК төлеу жөніндегі жұмыстар пилотты түрде жүзеге асырылмақ. «Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы барлық тағайындаулар мен төлемдер проактивті түрде жүзеге асырылады», деді министр.
Жиналыс барысында орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Отбасының цифрлық картасын іске қосуға дайындығы тыңдалды. Басқосу қорытындысы бойынша 1 қыркүйектен бастап Отбасының цифрлық картасын жекелеген мемлекеттік кепілдік түрлері бойынша пилотты түрде жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда республикалық деңгейдегі қалалар мен облыстардағы тиісті басқармалар іске кіріскен.

411


– Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар тарапынан дайындық қызу жүруде. Мемлекеттік жәрдемақы алатын жандар мен олар туралы мәліметтер базасы ортақ қорға кіріктіріліп, отбасылық цифрлы картаның жобасы әзірленуде. Ортақ база да құрылуда. Ол бойынша отбасында қанша адам бар, олар немен айнылысады, қандай ықтимал көмекке мұқтаж деген сауалдардың жауабы сол базада көрініп тұрады. Бұл бойынша тиісті министрліктермен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Жоба іске қосылғанда міндетті түрде көпшілікті хабардар етеміз, – дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.
Айта кетейік, бұған дейін Қзақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдегендей, Smart Data Ukimet платформасында еліміздегі мемлекеттік органдардың 20 түрлі мәліметтері өзектендіріліп, жинақталады. Орта есеппен әр отбасының 80-ге жуық көрсеткіштен құралған портреті жасақталып, мемлекеттік органнан бір отбасыға қандай да бір көмек көрсетуге болатыны анықталады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.