Пятница, 09 Июнь 2017 05:19

Көшелерге асфальт төселуде

Қала көшелерінің жолдарын жөндеу жалғасуда. Қазіргі таңда шаһардағы «Жиделі» шағынауданында жұмыстар қарқын алған. Жұмысшылар осындағы Тұрдалиев және Беркімбаев көшелеріне ірі түйіршікті асфальттың алғашқы жолағын төсеп қойған.

zhol zhondelude-2

Сондай-ақ, бұдан бөлек Шымкентте бірнеше көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай жауапты сала өкілдері қала тұрғындарынан мұқият болуды сұранады.
Мәселен, қазіргі уақытта ескі қалашықтағы Амангелді көшесі жабық. Онда жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұған қоса жөндеу жұмыстары Сыпырған ата көшесінде, А-2 және Темірлан тасжолы, Жібек жолы, Төреқұлов және Байтұрсынов көшелерінде қызу жүргізілуде.

Опубликовано в Қала
Пятница, 26 Май 2017 09:27

Кондуктор, саған айтам...

немесе

қоғамдық көлік мәдениеті қашан түзеледі?

 

...Сағат кешкі 19:30 шамасы. «Дархан» автовокзалы аялдамасынан №84 бағыттағы қоғамдық көлікке мініп едік. Үйге жеткенше «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткердік. Автобус жүргізушісі үш аялдамадан кейін жолаушыларды артында келе жатқан көлікке ауыстырды. Мұның себебін техникалық ақау деп түсіндірді өзі. Әрі қарай да осы жағдайға куә болдық. Жүргізуші «Мега» сауда үйі аялдамасында тағы он минут күттіріп қойды. Сөйтсек, оның да автобусы бұзылғанға ұқсайды. Амал жоқ, үшінші автобусқа ауысып, ақыры үйге де жеттік-ау.

DSC 0151

Тәртіпсіз жүргізушілер жұмыстан қуылды

БАҚ беттерінде, әр түрлі жиын-жиналыстарда қоғамдық көлік мәдениетін көтеру жиі айтылып жүр. Түзелсе деген шырыл ғой. Жүргізушілердің де, кондукторлардың қоғамдық ортада тәртіп сақтауы – өзекті мәселеге айналғаны қашан?!. 

«Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, қоғамдық көлік қызметі жаңа сатыға көтерілуі тиіс. Мегаполис шаһарда қоғамдық тәртіп, адамдардың қарым-қатынасы жоғары мәдениеттілікке жетпек ләзім. 

Қуантарлық жағдайлар да бар. Жолдар жөнделіп, автобустар жаңарды. Көлік компанияларының бәрі де бірыңғай формамен қамтылған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл қалаға 230 жаңа автобус әкелінеді. Шалғайдағы, жолаушылар ағыны төмен шағынаудандарына қатынайтын 10 әлеуметтік маңызы бар бағытта 100 автобус жүрмек. Бұған мемлекеттік бюджеттен көмек беріледі. Автобустардың алғашқы легі маусым айында келмек. 

Жалпы, қалада күнделікті 430-450 мың жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. 29 көлік компаниясы тұрғындарды 75 бағыт, 1200 кесте бойынша тасымалдайды. Бұл – ауқымды қызмет. Мәселеге байыппен қарасақ, негізінен, тәртіпсіздіктің басты себебінің бірі – жұмысқа салғырт қарауынан болып тұр. 

Қоғамдық көлік те – көпшілік орын. Оның да өз мәдениеті, өз тәртібі бар. Барлық іс-қимылымыз көпшіліктің көз алдында. 

Таяуда ғана № 84, 92 бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушілері жаға ұстасып қалып, екеуі де жұмыстан қуылған еді. 

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1 наурыздан бастап аялдама атауларын дұрыс, мәдениетті түрде айту, көше аялдамаларында айқайламауға тапсырма берілген. Тапсырмалардың орындалуы қалай? Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев бізді біршама жағдайлардан хабардар етті. Ұсыныстарын да тыңдадық. 

nad– Тапсырмаға сәйкес, рейдтік іс-шаралар өтіп жатыр. Қоғамдық тәртіпті бұзған 15-ке жуық кондуктор жұмыстан шығарылды. Орта жолдан тастап кететіндер де анықталып отыр. Бұл жағдай бұрынғымен салыстырғанда біршама реттелді. Компания басшыларымен де мәселені талқыладық. Жалпы, қоғамдық көліктер сағат таңғы 7.00 мен кешкі 21.00 арасында жүруі керек. Заңға сәйкес, жалпы жоспарланған бағыттың 70 пайызын орындаса, ол дұрыс болып есептеледі. Тиісінше, 20.00 мен 21.00 аралықта да 70 пайыз жүргізу мәселесі талқыға түсіп жатыр. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің басшыларына өз ұсынысымызды айттық, – дейді сектор меңгерушісі. 

Тағы бір айта кетерлігі, қала әкімдігі қоғамдық көліктердің уақытылы бағытқа шықпауы, кестеден кешігу себебіне байланысты 13 компания арасында келісім-шартты бұзған. Бұл компанияларға тиесілі 8 бағыттың ісі дәл қазір сотта қаралып жатыр. Алты бағыт бойынша келісім-шарт қайта түзіліпті. Он жылға созылған келісім бойынша енді компаниялар 120 күн ішінде бағыттарды түгел дерлік жаңартуы тиіс. Талап осындай. Орындамаса, келісім-шарт қайта бұзылады. 

 

Неге Нәзір Төреқұлов көшесі демейміз?

Қалада көлік компанияларының бәрі жекеменшік. Жұмысқа кімді алатындары өздерінің еркінде. Кондукторларға деген талапты да күшейтіп жатыр-ау. Бірақ...

Аялдамаларды хабарлаудағы тіл тазалығына деген құрмет кемшіндеу түсіп жатыр. Баяғы жартас, сол жартас әлі де... Қазір де «Карл Маркс», «Баумана», «Некрасова», «Полторацкий» деп айтудан арылмай-ақ тұр. Рысқұлов көшесін Рысқұлова дейтін сабаздарды қайтерсің?...Карл Маркс көшесі – М. Х. Дулати, Некрасов көшесі – Нәзір Төреқұлов, Попов көшесі – Ақназар хан, Полторацкий көшесі – Илияев көшесі аталғанына жиырма жылға жуықтады. Бірақ біз әлі күнге дейін ескі сарыннан айырылмай келеміз. 

Ойланатын жағдай. Тыл ардагері Өркен Әбдіреев көптен бері осы мәселені көтеріп жүр. Қоғамдық көліктердің басшыларымен де жиі кездеседі. Кондукторларға да ескертеді. Бірақ, нәтиже жоқ. 

orken– Аялдамалар қазіргі қазаққа еңбегі сіңген азаматтардың атымен аталады. Бұл – өте қуантарлық. Бірақ оны дұрыс атамайтынымыз ұятты жағдай. Аялдамалардың атауын толық, қатесіз айтуға не кедергі? Оған мысал жеткілікті. Мәселен, «Мардан Сапарбаевтан түсетін кім бар?» дейді. Ұят емес пе?! Арыстай азаматты қорлау ғой бұл. «М. Сапарбаев аялдамасынан түсетін кім бар?» деп неге толық хабарламайды? Қаламыз тек көркейіп қана қоймай, елімізге қазақылық жағынан да үлгілі болса екен», – дейді ардагер. 

Жалпы, Ономастика комиссиясы бекіткен көше атауларын толық айту талабы қойылған. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кездесулер, семинарлар ұйымдастырып жатыр. Енді бұдан қорытынды шығару керек.

 

Электронды билет жүйесіне көшетін кез келді

Келешекте электрондық билет жүйесі енгізіледі. Технологияның дамыған заманында бәрібір осыған көшуге мәжбүрміз. Ондай жағдайда қоғамдық көлік қызметіндегі мәдениетіміз де артуы тиіс. Заман талабы осы. 

Бүгінде Астанада мәдениеттілікті көтеруге арналған мемлекеттік мекеме құрылыпты. Сол жерде кондукторлар, жүргізушілер оқытылып жатыр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, бізде де осындай оқу орындарын ашу көтерілген. Өкінішке қарай, бұл мәселе шешімін таппаған. Ол – әзірге болашақтың ісі.

Электрондық жүйе туралы айқанда, бізде әзірге кей автобустарда дыбыс зорайтқыштар ғана бар. Оның өзі тіптен аз. Жалпы, электронды билет жүйесі енгізілген жағдайда кондукторлардың қызметіне сұраныс болмайтыны тағы айқын. Бірақ мамандардың пікірінше, бұл жүйеге көшуде кондукторлардың қызметінен түбегейлі бас тарта алмаймыз. Олай істесек, бір жарым мың кондуктор жұмыссыз қалмақ. Әрі екі тарапқа да кедергісі тиетін сыңайлы. Бұл мәселеде кейбір тұрғындардың жолақысын төлемей кететіні кездесіпті. Ал кондукторлар ақы төлеуге міндеттейді.

 

Қоғам болып атсалысатын мәселе

Тіл жанашыры Қабыл Дүйсенби «Шымкент келбеті» газетінде тіл тазалығына қатысты дүркін-дүркін мәселелер көтергенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Коммунистермен, кертартпалармен күресе жүріп, көше аттарын өзгертуге қажыр-қайратын жұмсаған. Қабыл Тұрарұлы 90 жылдардан бастап Шымкент қаласындағы мемлекеттік тілдің ахуалын жақсартуға сүбелі үлес қосты. Ол кісінің табандылығының арқасында (1993-2001 жылдары қалалық ономастика комиссиясының хатшысы болған) қаладағы 600-ден астам көшенің атаулары қайта аталыпты. 

Бізге де осындай өз қаламызға деген жанашырлық керек. Қоғамдық көлік саласындағы мәселелерді шешуге әрбіріміз үлес қосуға әрекеттенсек. Тәртіпсіздікке куә болсаңыз немесе дұрыс хабарланбаса, сіз де де өз қайратыңызды танытыңыз. Орынды ескерту жасап, жөн сілтеңіз! Мұндай мәселеде әрбір азаматтың бойынан мемлекетшілдік, ұлтжандылық байқалып тұруы керек. 

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі бұл мәселеге жауапты төрт адам, диспетчерлік қызметінде он екі адам қайсыбір келеңсіздікті реттеп үлгереді? Мінекей, қоғам болып атсалысатын кез келді.

 

P.S. Кеше таңертең №84 бағытқа міндік. Аялдамаларды айқайлап хабарлау тиылыпты. Жұмысқа келгенше даңғаза музыка да қойылған жоқ. Жолаушылардан да ешқандай өкпе-реніш, шағымын естімедік. Кондуктор жігіт Азамат Әшенов аялдамалардың бәрінің қазақша атауын жатқа біледі. Жұмысты бастағанына екі ай болыпты. № 2 колледжде құрылыс мамандығы бойынша білім алған. Көптен бері айтылып жүрген сын-ескертпелерден қорытынды шығаруға ниетті. 
Шынтуайтында, жолаушыларды тасымалдау қиын да жауапты сала. Таң қылаңдап атқаннан, қас-қарайғанға дейін қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет ету ауыр еңбек. Дегенмен, қоғамдық ортада жауапкершілікке көңіл бөлуді де ұмытпаған жөн.

Опубликовано в Қоғам

IMG 8825-25-05-17-10-44 

IMG 8836-25-05-17-10-44«Біз біргеміз!». Шымкентте осындай атаумен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құруға арналған акция өткізілді.


Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен 2 жұмысшы топ құрылып, 5 көшені, атап айтқанда Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынов, Ж.Тәшенов, Бәйдібек би, М.Х.Дулати көшелеріне рейд жүргізілді. 

– Шараны ұйымдастырудағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғам өміріне тең құқылы мүше ретінде қатысу жолындағы кедергілерді жою. Осыған орай, қазіргі таңда 5 көшедегі кәсіпкерлік нысандардың басшыларымен акция аясында меморандумға тұру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Қалдықараев. 

Айта кетейік, былтыр Әл-Фараби ауданы әкімдігі 127 кәсіпкермен меморандумға тұрып, 272 нысанға пандустар мен негізгі 25 көшенің қиылысына дыбыс сигналдарын орнатқан.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 19 Май 2017 04:20

Жол белгілері орнатылуда

Шымкент көшелерінің бойындағы жол белгілері жаңартылуда. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар Қазыбек би көшесіне қойылды.

11111

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің мәлімдеуінше, арнайы белгі бүгінде іске қосылған. 

– Көшеге арналған жолақ қою жұмыстары аяқталды. Жоспар бойынша біз уақытылы бітірдік, – дейді Н. Сүгірәлиев. 

Айта кетейік, жол қауіпсіздігі қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың басты назарында. Бүгінге дейін қаламыздағы барлық 126 мектепке жол белгілері қойылған. Сондай-ақ мұндай белгілер «Сайрам» тұрғын алабында, «Асар» шағындаудандарында бар. Биыл жалпы 300 метрге жол жолақтары сызылады.

Опубликовано в Қала

«Қазгидромет» орталығының мәліметінше, Шымкент қаласында атмосфералық ауаның ластану көрсеткіші – 8,1. Бұл еліміз бойынша ластану деңгейі тым жоғары үшінші қала екенімізді көрсетеді. Қалада газ бен түтінді азайту үшін электрлік транспортты дамыту қажет.

traleibus shymkent

Шаһар басшысы Ғ.Әбдірахымовтың бастамасымен өткен жылы «Shymkent byke» автоматтандырылған велосипедті жалға алу жүйесі іске қосылғанын білеміз. Автомобиль мен қоғамдық көлікке балама ретінде, қала тұрғындары мен туристерге қатынауға қолжетімді көлік ұсыну мақсатында іске қосылған жобаға қызығушылар көп. Дегенмен, троллейбустың жолаушылар тасымалындағы артықшылықтары көп болар еді.

Қоршаған ортаға залалы жоқ

Бұрын, яғни, 2000 жылдың басына дейін Шымкентте Теміржол вокзалы, Әуежай, Ипподром, қазіргі Бәйдібек би даңғылына дейін троллейбус жүретін-ді. Ал троллейбус – бірден-бір экологиялық таза көлік түрі саналады. Қазір қаланы көк түтінмен көміп жүрген көне шағын автобустар сол троллейбустың «тобығынан» келмейді. Ендеше троллейбустар қайда кетті?! Бұрынғы №4 троллейбус паркінде басшылық қызмет атқарған Бекәділ Тойшыбековты осы мәселе қатты алаңдатады. 

– №4 троллейбус паркі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ғой. 8 шағын станциясы болатын. Соның әрбір кірпіші мен сымына дейін сатылып кетті. Кеңес үкіметінен жалғасып келе жатқан жұмыстың бәрі зая кетті, – дейді Бекәділ Тойшыбеков. Ол бір кездері тарыдай шашылып жатқан 70 троллейбустың жарамдысын жинап, жарамсызын жөндетіп, парктің 12 млн қарызынан 6 миллионын қайтарып еді. Тапқан табысының бәрін сол паркке құйған-ды. Оған дейінгі басшы шығынға батырып кетсе де, мойымай, жүйелі жұмыс істеп, жұмысшылардың жалақысын төлейтін дәрежеге жетті. Сөйтіп, әупірімдеп аяққа тұрған кезде троллейбус паркі ауционға салынды. Бүгінде Бекәділ Тойшыбеков әр жерде қалып қойған тролллейбус сымдары жалғанатын ағаш бағаналарға қарап, әлде де үміт ұшқынын жаққысы келеді.

– Қала транспортына троллейбусты қосу керек. Қоғамдық көліктің бұл түрі экологиялық жағынан тиімді. Соляркамен жүретін автобустың түтіні бұрқырап, ауаны ластайды. Бұрын МАИ қызметкері ауа таза болсын деп бәсеңдеткішке тежегіш қойылғанын тексеріп тұратын. Қазір МАИ-дің онымен мүлде жұмысы жоқ. Қала келешегі үшін экологиялық жағынан тиімді бағыт ашу керек. Қазірдің өзінде бензин бағасы 150 теңгеге дейін барады. Ал жарық арзан. Троллейбустың жолақысы арзанырақ болса, адам ағылып мінеді. Ішіне 100-120 адам сыяды. Түнгі 23.00-24.00-ге дейін ешкіммен бәсекелеспей, өз уақытымен жүреді.

Троллейбус тағдырына алаңдайтындардың бірі – «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов.

– Сол кезеңде сымдардың 80 пайыздайы су жаңа еді. Коммуналды жекеменшік деді де, аукционға салынып, мыс сым, трос, бәрі сатылды. Екі жылдың ішінде бәрі келмеске кетті. Мына тиіп тұрған көрші Тараз сақтап қалды. Қазір троллейбус бағыты жұмыс істеп жатыр. Троллейбусты тоқтатып қойған күннің өзінде станциялар, сым, бағаналарын сақтап қойғанда, бір-екі жылдан кейін қайтадан жүргізуге болар еді. Ал енді ол троллейбус бағытын ашып, іске қосуға қыруар қаржы керек, – дейді Д.Қаюпов.

Әлемде қалай?

Бүгінде бүкіл әлем бойынша дизельді автобустан гөрі экологиялық таза әрі тыныш электрлік транспорт түрін таңдау тенденциясы қалыптасуда. Көрші Ресейдің астанасында 2020 жылға дейін троллейбусты мүлде алып тастап, дизельді автобусқа өту туралы тұжырым жасалған. Алайда, жергілікті мәскеуліктер қала билігінің бұл шешімін құптамай, электрлік транспорт түрін қалдыруға мүдделі. Троллейбустың көптеген тиімді тұстарын алға тартқан мәскеуліктер аталған қоғамдық көлік түрін қаланың тарихи нышанына балайды. 

Сонымен қатар Еуропаның көптеген елдерінде троллейбусты қатты бағалайды. Мәселен, Швейцарияның ірі қалаларында ол негізгі көлік түрі болып есептеледі. Жергілікті өнертапқыштар Женевада жолаушылардың қуанышына орай Tosa атты байланыссыз троллейбусты ойлап тапқан. Бұл қоғамдық көлік түрі үнемі электр энергиясымен байланысқа түспей-ақ, маршруттың өзіндегі қуатпен-ақ жұмыс істей береді. 

Белоруссияның Гродно қаласында алғашқы байланыссыз троллейбус іске қосылған. Қуат көзі 15 шақырымға дейін жетеді. Бұл маршруттың жартысын айналып шығуға толықтай жетеді. Жаңа троллейбустарға жүргізушілермен қатар жергілікті биліктегілер де қуанып жүр дейді. Себебі, ол электр энергиясын 30 пайызға үнемдейді. 

Байланыссыз троллейбустар сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда, Ұлыбританияда, Қытайда қатынайды. Шанхайдың көне троллейбустық маршрутына биыл 100 жыл толған. Осыдан біршама уақыт бұрын Бейжіңнің жергілікті билігі троллейбусты автобусқа айырбастамақ болған, алайда, мегаполисте бұл тәжірибе экологияның күрт нашарлауына әкелген. Қазір қытайлықтар транспорттың бұл түрін барынша дамытып, таяу арада 20 жаңа троллейбус маршрутын іске қоспақшы. Мұнымен бірге қытайлықтар электробустарды да пайдаланады. 

Қазір Еуроодаққа мүше елдердің ішінде ең ірі троллейбус желісі Афины қаласында. Онда 23 бағыт бойынша 366 көлік қатынайды. Троллейбус өндірісінің отаны – Германияда троллейбусты трамвайлар ығыстырып шығарған. Ал Афиныда жағдай керісінше орын алған, 1960 жылы трамвай желісі жабылып, оның орнына троллейбус іске қосылған. 

Троллейбустар Еуропа мен Азияда ғана қолданылмайды, Солтүстік Америкада да қажеттілікке ие. Канаданың Ванкувер қаласында және АҚШ-тың Бостон, Дейтон, Сиэтл, Филадельфия штаттарында халыққа қызмет көрсетеді.

Тұрғындар көзімен...

Ал өзіміздің елімізде троллейбус Алматы мен Таразда әлі де халыққа қызмет көрсетіп жатқанын білеміз. Қарағандыдағы электрлік транспорт түрі тоқтап қалған деседі. Шымкентте де тоқтағанын тілге тиек етіп отырмыз. Осы мәселеге қатысты жергілікті тұрғындардың пікірін білмек болып бір-екеуін сөзге тартқан едік. 

«Отырар» шағынауданының тұрғыны Саймасай Әділжанов қаладағы бұрынғы троллейбус паркінің жұмысын жақсы біледі екен. 

– Біріншіден, экологияға пайдалы. Екіншіден, электрмен жүретін болғандықтан, экономикалық жағынан тиімді. Үшіншіден, тыныш. Ол жолаушыларға қолайсыздық тудырмайды. Төртіншіден, техникалық жабдықтары да арзан. Бесіншіден, троллейбус автобусқа қарағанда 50-80% көп уақыт қызмет етеді, –дейді ол. 

21-ші шағынауданның тұрғыны Әскербек Сейділдаевтың айтуынша, кептелісті троллейбустар емес, соның жолына тұрып алатын қаптаған көліктер туғызады. Егер де троллейбустың техникалық ахуалын ретке келтірсе, онда үстіндегі жарық жалғағышы желіден шығып кетпейді.

Муниципалды автопарк қажет

Қала экологиясына оң әсер ету үшін троллейбуспен қатар муниципалды автопарк ашу мәселесінің де толғағы жеткен. Күн тәртібіндегі көкейтесті мәселелерге байланысты Шымкент қаласы Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқынбек Байдуллаев былай деп жауап берді: 

– Муниципалды автопарк ашу мәселесін қаланың экс-әкімі Дархан Сатыбалды «Астана мен Алматыда бар, бізде неге ашпасқа?!» деп күн тәртібіне қойған еді. Сол кезде біздің бөлім республикалық Монополияға қарсы агенттікке хат жазған болатын. Агенттіктегілер: «Жеке компаниядан алып қойып, мемлекеттікін қоюға Заң бойынша құқымыз жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен жұмыс атқарылады», – деп рұқсат бермеген. Заңға өзгеріс енгізбейінше, муниципалды автопарк жақын арада ашылмайды. Ал троллейбус паркін ашу – болашақтың еншісінде. Себебі, оған қаржы қарастырылмаған.

Тобықтай түйін

Бәлкім, біздің бұл ұсынысымызды біреулер еріккеннің ермегіне балар. Енді біреулер «бүйректен сирақ шығарды» деп тыжырынуы да мүмкін. Бірақ, қаламыздың келешегі үшін троллейбус бағытын қайта жандандыру қажетттігін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Тұрғындардың көпшілігі қоғамдық көліктің бұл түрі қайта іске қосылғанын қалайды. Миллиондық қала атануға аз қалған тұста осы мәселені ойланғанымыз абзал. Себебі, күн өткен сайын адам саны көбейгеннен кейін экологиялық һәм экономикалық жағын қарастыруымыз керек.

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласында көздері нашар көретін зағип жандарды қолдау мақсатында дыбысты бағдаршамдар орнатылуда. Қазіргі таңда бағдаршамдар орнатылған 20 жол қиылысында осындай 40 дана дыбысты бағыттағыш іске қосылған.

peshehodny svetofor zpsf0b42643

Бұл бағдаршамның ерекшелігі сол, қай көшенің қилысында тұрғаныңызды және жүруге неше уақыт қалғанын есіңізге салып, айтып береді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, өңірде мүмкіндігі шектеулі 109 мыңнан астам азамат бар. Оның жартысына жуығы – зағип жандар. 

Осындай бағдаршамдарды алдағы уақытта қаламыздың өзге де көшелеріне орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, биыл 17 бағдаршам, 10 ақпараттық-көрсеткіштік белгілері, 1600 катафот және 30 жарық шамы бар белсенді жол белгісі орнатылады. 

– Биыл қала аумағында алғаш рет пилоттық жоба ретінде жарық шамы бар белсенді жол белгілерін орнатып жатырмыз. Оның ерекшелігі сол – жүргіншілер өткеліне қойылған жарық шамдарға қаратып, бағана шамдары орнатылады. Яғни, кеш қарайған сәттен бастап, жарықтың өзара шағылысуының нәтижесінде, жаяу жүргіншілер өткелі алыс қашықтықтан байқалып тұрады. Бұл жоба әсіресе, жарық мөлшері жеткіліксіз қаланың шет көшелерінде жүзеге асырылмақ, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев. 

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша бүгінде 167 бағдаршам, 7 мыңнан астам жол белгісі бар. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты бойынша биыл қала бюджетінен 456 миллион теңге қаржы қаралыпты.

Опубликовано в Қала

«Көмешбұлақ» базары («Колос» дүкені) маңында Өзбекстан шекарасына жол тартатын көліктер үшін арнайы шағын автотұрақ салынды. Аялдама маңындағы ол тұрақжай 6 көлікке арналған.

kolos

Қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мамандарының айтуынша, оның құрылысына қала бюджетінен қаражат бөлінбеген. Көлік тұрағы “13-регион таксиі” компаниясының демеушілігімен іске асқан. Енді тұрақтағы тәртіппен дәл осы компания айналысады.

– Көлік иелерінің тұрақтан орын алу кезегі осылайша реттелмек. Базардың арғы бетінде кең орын бар. Таксистер сонда тоқтап, одан кейін, өз кезегі бойынша шағын тұраққа келе береді, – дейді бөлім қызметкерлері.

Опубликовано в Қала
Пятница, 12 Май 2017 04:55

Сары жолақ сақтыққа шақырады

Шымкентте жолаушылар көлігіне арналған арнайы сары жолағы бар белгі сызылды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының мәліметінше, әзірге бұл тәжірибе ретінде іске асып отыр.

zhol belgi-36

Жыл басында қала әкімі мен жолаушы тасымалдаушы компаниялар өкілдерімен болған кездесуде осы мәселе жан-жақты талқыланған.
– Қала əкімінің тапсырмасына сəйкес, біз сары жолақты Рысқұлов даңғылының бойында, Дулати және Жібек жолы көшелерінің аралығына сыздық. Жолақ аялдамаға дейін 20 метр жерден басталып, аялдамадан кейін 20 метр өткен соң бітеді. Мұндағы мақсатымыз – бір жағынан жолаушы көліктерінің қозғалысын реттеу болса, екінші жағынан барлық көлік құралдары жүргізушілерін тәртіпке шақыру. Бұған қоса қоғамдық көлік жүргізушілері арасында «жарысты» да тоқтату көзделуде, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев.
Жауапты маманның айтуынша, алдағы уақытта тәжірибе сәтті жүзеге асып жатса, осындай жолақты Рысқұлов даңғылының бойына және Шымкенттің өзге көшелерінде де сызу жоспарланған.

Опубликовано в Қала
Понедельник, 27 Март 2017 04:38

Жолдар жаңарады

Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымына биыл 13 миллиард теңге қаржы бағытталмақ. Тозығы жеткен жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 303 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Қазіргі таңда, аталған міндеттерді атқаратын «Лидер Н.К.» және «ДорМаркет» мердігер мекемелері анықталды.

 

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылбек Баймырзаевтың айтуынша, қаланың 215 ішкі орам көшесіне күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, шағал тас төсеу жұмыстарын «Әлем Транс Жол» мердігер мекемесі атқармақ. Бұл үшін 200 миллион теңге қаржы қаралған.

Сала мамандарының берген мәліметінше, бүгінде 11 магистральді көшені қайта құру және 3 магистральді көше құрылысын жалғастыру бағытында мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылған. Бұдан бөлек, 2 жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізіледі және өткен жылдан өтпелі 1 жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілмек.

Опубликовано в Қала
Пятница, 03 Февраль 2017 03:54

Автобустарды жаңарту міндеттелді

Қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында қоғамдық көлік қызметі сапасын талқылауға арналған жиын өтті. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов тиісті бөлімдердің,  қоғамдық көлік автопарктерінің басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

DSC 4618

Алдымен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев қоғамдық көлік қызметіне қатысты баяндама жасады. Бүгінде қалада 75 бағыт бойынша 28 автопарк жұмыс істейді. Күнделікті жолаушылар ағыны – 480 мың адам.

Қазіргі таңда автопарктердің жұмысында алға ілгерілеушілік бар. Мәселен, 2012-2016 жылдар аралығында автобустар 6 есеге жаңарды. Қала әкімі көліктерді жаңарту бойынша мына бір жағдайға назар аударды. Яғни, қоғамдық көлік басшылары келісімшартты 10 жылға дейін ұзартқысы келсе, онда 4 айда көліктерін жаңарту міндеттеліп отыр.

DSC 4649

Сондай-ақ, қала әкімі қоғамдық көлік басшыларына аялдамалардағы тәртіпсіздікті мүлде тоқтатуға қатаң тапсырма берді. Енді әр маусым сайын атқарылған жұмыстарды таразылау бойынша жиын өткізілмек.

Опубликовано в Қала
Страница 2 из 3