Еріктілер еңбегі еленбек

Среда, 10 Июнь 2020 03:38

Үшінші мегаполистегі түрлі қайырымдылық істерімен қоғамға септігін тигізіп жүрген ерікті жастар мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынылады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаевтың айтуынша, бүгінде шаһар аумағында 20-дан астам қоғамдық ұйым елдегі төтенше жағдай кезінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек үлестіруде белсенділік танытқан. Ал волонтерлар саны 3000-ға жуық.
Ж.Төлембекұлы брифинг барысында «Еріктілер жылы» қалада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл ретте қала жастарының азаматтық белсенділігін дамытуға жаңа серпін беретін іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Ал халықтың әртүрлі жас топтарын волонтерлік қызметке тарту қажеттілігін ескере отырып, еріктілерді қолдау мақсатында Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен «Шымкент волонтерлар қауымдастығы» құрылған.
– Жыл басынан бері қаладағы волонтерлық ұйымдар, ерікті жастар, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалымен «Ізгілікте жарысайық», «Жанға жылу», «Қамқор», «Мейірім», «Біргеміз» акцияларымен бірге 100-ден астам шаралар ұйымдастырылды. Аз қамтамасыз етілген 7245 отбасыға азық-түлік, 333 отбасыға дәрі-дәрмек, 1 млн астам бетперде мен антисептиктер таратылды. Волонтерлармен бірлесе отырып, «Біргеміз Sabaqtastyq» бағытында №4, №3 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Тәлімгер жобасы» жүзеге асырылуда. «Qamqor», «Saulyq» бағытында ардагерлер үйі мен дағдарыс орталықтарында 15 кездесу, ардагерлер үйінде сенбілік шаралары, мерекелік кештер мен 80 ардагердің қан қысымын өлшеу шаралары бойынша арнайы жұмыстар жүргізілді, - деді спикер.
Мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қиындықты бірге еңсеруді мақсат тұтқан волонтерларға қалада қоғамдық көлікпен тегін жүру де қарастырылмақ.
– Алдағы уақытта 500-ге жуық ерікті қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Оған қоса Шымкент қаласының үздік еріктілері мен ұйымдары жыл қорытындысында арнайы алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталады, – деді басқарма басшысы.

 

 

Алтын қолды дәрігер

Среда, 03 Июнь 2020 04:25

Шымшаһарда жыл басынан бері құлақ, мұрын және тамақ ауруларын емдеуге ерекше көңіл бөлінуде. №1 қалалық клиникалық ауруханасында жаңадан ашылған оториноларингологиялық бөлімінің дәрігерлері науқастарға жоспарлы операцияларды жасауды бастады. Бөлім меңгерушісі Асхат Хамидулин лор ауруларының алдын алу және емдеу жолдарын әңгімелеп берді.

20

Сақтансаң, сақтайды....

Пятница, 29 Май 2020 07:18

Шымкентте COVID-19 індетін жұқтырғандар 700-ден асты. Аурудың алдын алуға мықтап ден қойғанымен, сақтық шараларын ескермей жүрген тұрғындардың қарасы қалың. Содан болар бірнеше күннің ішінде науқастар саны күрт өсті. Коронавирус жұқтырғандардың пайыздық көрсеткіші де айтарлықтай жоғарылаған. Сала мамандары дабыл қаққанымен, сөзге құлақ асатындар аз.

DSC 2996

Үшінші мегаполистің Бас санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаев қаладағы коронавирус инфекциясына қатысты ахуалды баяндады. Брифингте коронавирус індетін жұқтырған науқастар мен қаладағы COVID-19 инфекциясының алдын алу шаралары жан-жақты айтылды.

Қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау депаратаментінің басшысының айтуынша, Шымкент қаласында 2020 жылдың 27 мамырға COVID-19 инфекциясымен 732 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 69,4 пайызды құрап отыр. Коронавирус жұқтырғандардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар. 732 жағдайдың 22-і сырттан келіп тіркелген (13-і халықаралық жүк тасымалының жүргізушісі, 1 жолаушы Польшадан ұшып келген, 8-і Ресей Федерациясынан келген, оның ішінде 7-і адам жұмыс істеп жүргендер және 1 студент).

Науқастармен қарым-қатынаста болған 3895 адам оқшауланып, оның 2067-і карантиннен алынған. 50-ге тарта адам өз үйінде карантинге жабылған. Ал стационарлық ем қабылдап жатқандар саны - 500. Қауіпті дерттен 6 адам қайтыс болған. Айыққандар 228-ді құрайды. Ауыр індетпен күн-түн демей күресіп жүріп, COVID-19 инфекциясын жұқтырған мамандар да бар.

– Бүгінге дейін індетпен күрес барысында Полиция Департаментінің шытаттан тыс 1 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 3 әскери қызметкері және Ұлттық ұланнан 1 әскери қыметкер коронавирус жұқтырған. Науқастармен қарым-қатынаста болған медицина қызметкерлерінен де COVID-19 инфекциясы анықталды. Жалпы 127 жағдайдың ішінде 20-сы - дәрігер, 69-ы - медбике, қалғаны – орта және кіші буын қызметкерлер, - деді Ә.Төлебаев.

DSC 3007

Шымшаһарда 25 мамырдан бастап карантиндік режимді жеңілдетудің екінші кезеңі жоспарланған болатын. Бірақ қалада эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтамауына байланысты, ол 2020 жылдың 8 маусымына дейін созылды. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылығы 24 мамырда №18 «Шымкент қаласының аумағында карантин және шектеу шараларын ұзарту туралы» Қаулысы қабылданып, жұмысын қайта бастаған нысандарға COVID-19 бойынша карантин кезіндегі күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтауға минималды және кеңейтілген талаптар әзірленді. Төтенше жағдай енгізілген күннен бастап арнайы құрылған мобилді топ мониторинг жүргізіп келеді.

  Бүгінге дейін мониторингпен 5000-нан астам нысан қамтылды. Оның ішінде 1460-ы қоғамдық коммуналдық нысан болса, 2890 тамақтану орыны, 303-і өндірістік нысан. Бұл көрсеткішке балабақшалар да кіреді. Жергілікті әкімдік қызметкерлері мен департаменттің мамандарынан құралған 16 мониторингтік тобы қала аумағында өздеріне тапсырылған міндетті атқарып жатыр, - дейді спикер.

Статистикаға сүйенсек, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 11 пайыздан жоғары болған. Сондықтан санитарлық дәрігерлер әліде сақтық шараларын қатаң сақтау керектігін ескертеді. Кәсіпкерлік нысандарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескертпеге бағынбағандарға әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Санитарлық дәрігерлердің келтірген дерегіне сүйенсек, елімізге төтенше жағдай жарияланғаннан бастап санитарлық талаптарды сақтамағандарға 140 әкімшілік шара қолданылса, төтенше жағдай аяқталғаннан бері 14 хаттама толтырылған. Сала мамандары соңғы қабылданған қаулыда көрсетілген сақтық шараларын тұрғындар сақтамай жатқандарын айтады. Олар бұл ретте патрульдік полиция қызметкерлерін күшейтуге ұсыныс жасап, маска кимеген тұрындарға қатаң шара қолданбақ. Оған құлақ аспайтындар болса, заң талаптарына сәйкес айыппұл салынатынын ескертеді. Қалада бетперде тапшылығы жоқ екенін де алға тартады.

 Маска тақпаған жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 13890 теңгені құраса, лауазымды қызметкерлерге 41670 теңге. Шағын бизнес үшін 277 800 теңге айыппұл салынады. Ал орта бизнес – 555 600 теңге, ірі кәсіпорындарға салынатын айыппұл сомасы 833 400 теңгені құрайды. Тәртіп баршаға ортақ екенін ұмытпаса екен, - дейді Шымкенттің Бас санитариялық дәрігері.

Апта соңында жағдай тұрақталса комиссия кәсіпкерлік нысандардың саны арта түсетінін айтты. Қоғамдық тамақтану орындары мен жазғы алаңдар да іске қосылады. Спорт объектілері, базалары мен залдарын жұмыс алгоритмі қарастырылмақ. Тек олар санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы тиіс. Осы ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін халық нақылы еске түседі. Әлемді әбігерге түсірген кеселден арылу түптен келгенде адамдардың салғырттығына байланысты екенін түсінер уақыт жетті.

Без имени-11

Шымкентте ұлтымызды ұлықтайтын ұлы аспапты жасауды өз кәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттап жүрген Мұталхан Байырбеков есімді шебер бар. Отбасылық кəсіп түрін дамытып отырған жас кәсіпкер мемлекеттің қаржылай қолдауымен кəсіп ашып, талмай еңбектеніп келеді. Он саусағынан өнер тамған шебер елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде өзі жасаған бірнеше домбырасын індетпен күні-түні алысып жүрген дəрігерлерге сыйлап, ақ халаттыларға құрмет көрсетіпті.

Тарихымызды қос ішегіне сыйдырған ұлы аспапты киелі санап, қастерлеп, төрге іліп қоятын қазақ халқы домбырамен әуелетіп ән де салған, күмбірлетіп күй де шерткен. Қадыр Мырза Әлі атамыз айтқандай, «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген түсінік қалыптасқан.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында жазған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін қолөнершілеріміз де бір серпіліп қалғаны бар. Солардың бірі – кәсібім-нәсібім дейтін шебер Мұталхан Оспанұлы.
Ағаш ұстасы домбыра жасауға алғаш рет осыдан екі жыл бұрын кірісіпті. Кішкентайынан осы іспен айналысатын ағасының тәлім-тәрбиесін көріп өскен. Қызығушылықпен басталған ісі кәсібіне айналып, бүгінде домбыра жасау оның сүйікті ісіне айналған. Ол былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3 млн теңге қайтарымсыз грант жəне «Еңбек» бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасынан 505 мың теңге грант жеңіп алып, ұлттық музыка аспаптарын жасау ісін жолға қойған. Аға-інілі шеберлер бүгінде үйінің ауласынан шағын ғана шеберхана ашқан. Аядай ғана бөлме демесең, іші толған кепкен ағаштар мен домбыра жасауға қажетті темір жабдықтар.
– Негізі домбыра жасауды ағамнан үйрендім. Ол біраз жыл бойы жалдамалы қызметші болып жұмыс істеді. Мен бұл уақытта құрылыс саласында жүрдім. Кейін отбасылық кәсіп ашуға бекіндік. Домбыра – қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасы. Ұлттық аспабымыз. «Рухани жаңғыруға қосқан үлесіміз болсын, əрбір жас бала осы ұлттық аспабымызбен ойнасын» деген ниетпен бастадық. Əрине табыс жағын да ойладық. Қай-қай жағынан да тиімді əрі қолдан келетін іс болған соң осы кəсіпке тоқтадық. Мемлекеттік бағдарламаға қатысып, үйіміздің ауласынан шағын цех аштық. Шеберханада өзімді қосқанда төрт адам домбыра жасаумен айналысып келеді, – дейді Мұталхан Байырбеков.
Бұл шеберханадағы домбыраларды қолөнершілер көбіне жаңғақ ағашынан жасайды екен. Ал музыкалық аспапқа қажетті материалдардың қаладағы базарлардан және қалаға жақын орналасқан елдімекендерден алады. Дайындалу технологиясы үш кезеңмен жүзеге асады дейді шебер.
– Бірінші бүтіндей ағаш тілінеді. Белгілі өлшеммен кесіп аламыз. Дайын болған материалды келесі этапта домбыраның мойынымен бірге шанағы қалыптастырылады. Жалпы домбыраның формасы әзірленеді. Ал соңғы этапта аспаптың беті жабылып, негізгі жұмыстары жасалады, – дейді жас кәсіпкер.
Ұста музыкалық аспап ерекше күтімді қажет ететінін айтады. Домбыра қоңыр үнін жоғалтпай, ұзақ уақыт күмбірлеуі үшін қажетті кеңестерімен де бөлісті.

– Жаңадан жасалған аспаптың дауысы дұрыс шығуы үшін бір ай көлемінде күнделікті бір күйден орындап отыруы керек. Сезімтал болғандықтан арнайы қаптамада тұрғаны мақұл. Ыстық немесе суық жерге қоймағаны дұрыс. Бірқалыпты ауа температурасында сақтаса, аспаптың үні өзгермейді, – дейді шебер.

Мұталханның сөзінше, домбыра жасау адам бойынан қандай да бір талантты қажет етпейді. Алайда қолының ебі, икемі болуы керек. Оның айтуынша, қолөнерші жоқтан бар жасайтын маман. Талмай еңбектенсе, маңдай тердің ақталатыны анық. Қазірде ұлттық аспапты асылына бағалап, сыйға тартушылардың да қатары көбейген. Музыкалық мектептер де тапсырыс береді. Бірақ пандемияға байланысты шеберхана жұмысы уақытша тоқтап тұр.
– Әлемдегі болып жатқан жағдай қаламыздағы шағын және орта бизнесті дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге оңай тимеді. Наурыз айының екінші жартысынан бері сұраныс күрт түсті. Отбасылық бизнес болған соң аздап қиындық туғызғаны бар. Бірақ бұл сынды ел болып еңсереміз деген ойдамын. Мемлекеттік қолдау шаралары жарияланып жатыр. Несие төлейтіндірге ауыр соғатыны белгілі. Осы ретте несиеге барынша жеңілдіктер қарастырылып, шығынға батқан кәсіпкерлердің қайта аяққа тұруына ұтымды қолдау шаралары қажет деп санаймын, – дейді қолөнерші.
Ел арасында темірден түйін түйген, сауыт соғатын, тері илейтін, ағаш шабатын шеберлер аз емес. Тек олар бұл салада айлығын шайлығына жеткізе алмайтындықтан бойдағы өнерін әрі қарай дамытуға мұршасы келмей жүр, жан бағу үшін жаны қаламайтын салада жұмыс істейді. Ал кейіпкеріміз еңбекке икемі бар жандарға мемлекеттік бағдарламаларды зерттеп, өз кәсібін оңтайлы игерудің жолдарын үйренуге болатынын айтады. «Ұлттық мұрамызды насихаттаудың тағы бір жолы, мектеп оқушылары меңгеруге тиіс негізгі үйірме дәрістерін қосу керек» – дейді. Шебердің алдағы уақытта ұстаханасын кеңейтсем деген жоспары бар. Көне өнердің өріс жаюына үлес қосып жүрген азамат атадан балаға мирас болған өнерді жандандырып, ата кәсібін нәсібіне айналдырып, ұлттық дәстүрді насихаттауды одан әрі де жалғастыра бермек.

731f0496-2d28-4ef3-8877-0d42c3167ff6

Шымкентте соңғы қоңырау салтанаты онлайн форматта өтті. Қалалық білім басқармасының басшысы
Жанат Тажиева бейнеконференция арқылы түлектер мен олардың ата-аналарын, ұстаздар қауымын оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

«ZOOM» платформасы арқылы байланысқа шыққан түлектерге Ж.Арысбекқызы мектеп кезіндегі өткен қызықты оқиғаларын айтып, жүрек тебіренісіне толы естеліктерімен бөлісті. Ардагер-ұстаздар қауымы да онлайн жиынға арнайы қатысып, түлектерге сәттілік тіледі. Ал оқушылар алдын ала дайындалған «Ұстазыма мың алғыс!» атты эстафеталық шеруін ұсынды.
«Birgemiz: ТҮЛЕК -2020» ұранымен өткен соңғы қоңырауға халықаралық, республикалық деңгейдегі олимпиадалық ғылыми жоба және спорттық, өнер сайыстарының жеңімпаздары, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері қатысты. Еркін форматтағы кездесуде түлектер жылы лебіздерін білдіріп қана қоймай ұстаздарына ән арнады.
Айта кетейік, алғаш рет 9 және 11 сынып оқушылары емтихансыз 25 мамыр күні жылдық қорытындымен мемлекеттік аттестатқа ие болды.
Биыл қалада 8 885 оқушы мектеп бітіріп отыр. Оның ішінде 546 «Алтын белгі» иегері мен ерекше атестат алатын 356 түлек бар.
Білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын, аттестаттар мен «Алтын белгіні» тапсыру рәсімін ұйымдастыру кезінде қатаң санитарлық талаптар ескерілетенін айтты. Ал ата-аналар қауымын пандемияға байланысты мерекелеуден бас тартуға шақырды.

 

Құны жоғалмайтын капсула

Среда, 06 Май 2020 00:00

DSC 0526

Қан майдандағы қиян-кескі ұрыстарды ауызға алғанда, иығына қару асынған сарбаздың бейнесі ойға оралады. Міне, «Жеңіс» саябағында орналасқан «Ерлік» мұражайы сол сұрапыл соғыс жайлы сыр шертеді. Бір қараған жанға шағын ғана ғимарат секілді болып көрінеді. Мұны көптің бірі білсе, бірі біле бермейді. Жеңіске жету жолында жан аямаған жауынгерлердің қатары бүгінде сиреп, олардан қалған жәдігерлер көбейіп келеді...

«Ерлік» мұражайының ғылыми қызметкері Майра Бердіқұлованың айтуынша, аталған тарихи кешен ерлікті насихаттайтын республикадағы тұңғыш музей. Мұндағы бұйымдар мен деректер өзге мұражайдағы жәдігерлерді қайталамайды. Бұл басты ерекшелігі. Екі қабат, төрт экспозиция залы мен галереядан тұратын мұражайға негізінен майдангерлердің құжаттары қойылған.
– Бұл – ертеңгі тарих үшін нағыз құнды дерек. Орден, төсбелгілер мен отты жылдардан жеткен фотосуреттер, жауынгерлер жазған хаттардың түпнұсқалары һәм қолданған заттары тұр. Әр экспозициялық залға қойылған көне жәдігерлер сол бір зұлмат күндерден сыр шерткендей әсер қалдырады, – дейді ол.
Мұражайдың экспозиция залынан ҰОС ардагері, Кеңес Одағының Батыры, «Ленин», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері Тоғанбай Қауымбаевтың орден-медальдарын да көруге болады. Тоғанбай ақсақалдың облыс әкімі Асқар Мырзахметовке «көзімдей көр» деп өзі сыйлаған шапан да осында. Мәскеу түбіндегі Ржев қаласында ерлікпен қаза тапқан Ораз Шыназбаевтың капсуласы бар. Бұл жауынгерлердің бойтұмары іспетті. Өйткені барлық дерек сол бір қара ыдыста сақталған.
Мұражай қорында жалпы үш мыңға жуық экспонат болса, биыл жәдігерлердің қатары тағы да артқан. Майра Бердіқұлова экспонаттарды соғыс ардагерлерінің туыстары мен ұрпақтары алып келетінін айтады. Батырлар ерлігін дәріптеген орталыққа келушілер де едәуір артқан.
– Биыл негізгі қорға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 20-дан аса жәдігерлері жинақталды. Оларды жинақтау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қорға сақтауға жіберілді. Музейде тұрған әрбір жәдігерге көзіміздің қарашығындай сақтау біздің міндетіміз. Біз оларды кірлетпей сақтап, келушілерге мұқият таныстырамыз, – дейді ғылыми қызметкер.
Орталық ардагерлердің ерлігі мен есімін де келер ұрпаққа насихаттауда. Үш жылдан бері жалғасып келе жатқан «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобасы да соның бір айғағы.
– Соғыс ардагерлерінің өнегелі өмір жолын өскелең ұрпақты патриотизмге, Отанды сүюге, қиындықтарға төтеп бере білуге тәрбиелеу ісіне құрал ретінде пайдалану маңызды. Жеңістің 75 жылдығына орай түрлі іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Мәселен қаңтар айында «Жеңіс сарбаздары» тақырыбында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Молдабек Ахметбаев пен Насыр Пиримбетовты еске алу кеші өтті. «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген тақырыпта Ұлы Отан соғысының ардагері Пернебек Жұмашевты еске алу кеші де қызықты әрі мәнді болды. Казіргі таңда Төтенше жағдайға байланысты музей ұжымы онлайн режимде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жәдігерлерімен көпшілікті таныстырып, лекциялар оқып, экспонаттар залына экскурсиялар жүргізіп отыр, – дейді.
Майдан даласында қаһармандықпен от кешкендердің ерлік ісі ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың өткені – өнеге, тағдыры – тарих. Сол тарихты келер ұрпаққа жеткізу сіз бен бізге аманат.

 

Қашықтан тапсырған емтихан...

Пятница, 22 Май 2020 03:00

0b12a3b9-c04c-4823-ab61-82f9589e46d4

Елде пандемия басталғалы халықтың өмір сүру дағдысына біршама өзгерістер енді. Ақырындап бәрі онлайн форматқа ауыса бастады. Бұл көшке алғашқылардың бірі болып білім беру саласы қадам басқаны белгілі. Қашықтан білім алған студенттер үшін емтихан және дипломдық жұмыстарды қорғаудың жаңа тәсілі қолданылуда.

8b036355-211b-4417-900a-ba4e31290463Шымшаһардағы қара шаңырақ М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттері оқу жылының көктемгі емтихан сессиясын тапсыруды бастады. Университеттің оқу және оқу-әдістемелік жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Роза Абишеваның айтуынша, пандемия кезіндегі емтиханға күндізгі бөлімде оқитын 13614 студент және 300 магистр қатысады. Ал қорытынды аттестаттауға 5267 студент жіберілген. Онлайн сессия ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған барлық платформаларды пайдалана отырып, қашықтан оқыту технологиялары тәртібінде ұйымдастырылуда.
– Мемлекет басшысының қаулысымен елде төтенше жағдай жариялағаннан бастап барлық оқу процесі онлайн форматқа ауысты. Сабақтар кестеге сәйкес, видео лекциялар, персоналдық жеке т.б. жұмыстар рет-ретімен еш кедергісіз өтті. Қашықтан білім беру оқу ордамыз үшін таңсық емес. Оқу жүйесінің техникалық және технологиялық мүмкіндіктерінің арқасында білім беру барысында қиындықтар туындаған жоқ. Әлемдік және Қазақстандағы жоғары оқу орындары қолданған платформаларды кәдеге жаратып келеміз. Атап айтсақ, ИС ВУЗ, Прометей, Skype автоматталған жүйелері мен ZOOM, Cisco Webex Meetings, Moodle, Google Classroom, Microsoft Teams платформалары, iSpring, Teachbase интернет-ресурстары. Қашықтан оқыту жаһандану кезінде кеңінен қолдануды қажет ететін білім жүйесі. Осы кездегі оқу мүмкіндігінің бірден бір жолы екенін студенттеріміз де түсініп, өз тараптарынан олар да атсалысуда, - дейді Р. Жанысбекқызы.

Университетте қашықтан оқыту жағдайында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және академиялық адалдық талаптарының сақталуы назардан тыс қалмаған. Бұл жауапты міндет жоғары оқу орнының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметін үйлестіруші құрылымдық буыны - «Парасат» басқармасына жүктеліпті. Ал дипломдық жұмыстар мен магистрлік, докторлық диссертациялардың қорғалу барысын «Шымкент-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен университеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі Қоғамдық Кеңесі қатаң бақылауда. Осылайша Мемлекеттік аттестаттау комиссиясы жұмысының барысы сырттан, құзырлы органдар тарапынан да қадағаланады, бұл ЖОО-ның ашықтығының дәлелі.
– Онлайн сессия студенттердің құлақтарына түрпідей тиіп, бойларын қорқыныш билеуі мүмкін деген ортақ тұжырымға тоқталдық. Оның алдын алу үшін стресс тест жүйесі арқылы пысықтау жұмыстарын әрі дайындық кезеңін ұйымдастырдық. Вебинарлар барысында студенттер өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Оған бір уақытта 1500-2000-ға жуық студент қатысты. Прокторинг жүйесі қолданылуда. Бейнеконференция арқылы өткен емтихан және дипломдық жұмыстарды қорғау толық жазылады. Проктор емтихан қабылдаушы оқытушының мамандығына сәйкес болмайды. Цифрлық волонтерларды қосып, студенттерді бағалау жүйесінің әділдігін қамтамасыз етеміз. Мұны тек амалсыздықтың шарасы, мәжбүрліктен деп қарап қоя салмай, керісінше өзімізді оқытудың келешектегі көрінісіне, яғни қашықтан оқыту жүйесіне әзірлеу деп қарауымыз керек, - дейді жауапты басшы.
Роза Абишева студенттер қауымы үшін пандемия кезінде бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жеңілдіктер аяғы ауыр немесе босанған, денсаулығы, отбасылық жағдайына байланысты қиындыққа тап болған студенттер өтініш беру арқылы жиынтық бағалауға қол жеткізе алады. Мақтааралдағы су алып кеткен ауылдарда тұратын студенттердің де жағдайы ескеріледі екен.

 

f8d862a5-0fbd-4147-8974-d38a60eb7465


– Шетелдік студенттерге сессияны 30-маусымға дейін ұзартып отырмыз. Педагогикалық іс-тәжірибесін жаңа оқу жылына ауыстырдық. Бұл ғылыми кеңестің шешімімен бекітілген. Жазғы оқу семестрі қашықтан өтеді. Қорытынды аттестаттауға жіберілген студенттер диплом жұмысы мен презентацияларын алдын ала электронды түрде ұсынады. Ал елдегі жағдай тұрақталғанда, оны қағаз күйінде тиісті мамандардың қолы және мөрімен қайта жинақталады. Әрине, әлемді әуреге салған COVID-19 инфекциясы сейілсін. Бастысы студенттер мен оқытушылар қауымының денсаулығын назарда ұстай отырып, заң аясында білім беру жұмыстарын әрі қарай жалғастыра бермекпіз, - деді университеттің оқу және оқу-әдістемелік жөніндегі проректоры.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Төтенше жағдайдың басты талабы «үйден шықпа» болса да, ғаламтор қуалаған көпшілік тау-тас кезіп жүр. Онлайн оқуды осы деп ұққан жұрт қазірдің өзінде онлайн оқудан шошып жүр. Алайда талай ел, талай ЖОО-ны бүгінде онлайн жүйеге өтіп, студенттерін жер-жерден жинап, онлайнның баршаға оңтайлы жүйе екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр. «Ғылымсыз елдің күні – түн» демекші, университет студенттерінің білім-ғылымнан сусындануға деген ынталары жоғары екенін байқауға болады.

IMG-20181129-WA0047

Шымшаһарда «Ел үміті» жобасы арқылы алғыр әрі білімді оқушыларға ерекше жағдай жасалмақ. Қалада дарынды балаларға арналған жаңа орталық өз жұмысын бастады. Тарлан таланттар мен дара дарындарға есігін айқара ашқан су жаңа мекеме балалардың потенциалдық әлеуетін дамытуды мақсат етеді.

Әдебиет пен өнерде, бiлiм мен ғылымда сайдың тасындай небiр сайыпқырандар шыққан үшінші мегаполисте таланттардың жаңа буыны танылмақ. Дарын орталығының директоры Раушан Омарханқызының айтуынша, жаңа мекеме Тұңғыш Президент – Елбасы қорының бастамасымен ашылып отыр. «Ел үміті» жол картасы қаладағы дарынды және өнерлі жастарды анықтап, оларды республика көлемінде таныту мақсатында іске қосылған.
– Орталықтың жұмысы үш бағытта жүргізіледі. Алдымен аталған мекеменің сайты арқылы ата-ана мен оқушы тіркеліп, тест тапсырады. Екінші кезеңге өткендерді әңгімелесу арқылы іріктейміз. Базаға енген жастарды қалауына қарай олимпиадаларға жолдасақ, басқаларын ғылыми жобаларға дайындаймыз, сайыстар ұйымдастырып ынталандырамыз. Оқушылардың өнерін шыңдауға, спортпен шұғылданып, шығармашылығын дамытуға барлық жағдайды ұйымдастырамыз. Бірақ елдегі төтенше жағдайға байланысты пандемия аяқталғанша жұмысымызды онлайн форматта жүргізіп жатырмыз, - дейді Р. Жеренова.
Енді ғана құрылған орталық аз ғана уақыттың ішінде жас дарындармен тіл табысып үлгеріпті. Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, онлайн форматта ұйымдастырылған байқаулар өз нәтижесін беріп келеді.
– Сәуір айын ғасырда біртуар тұлғаларымызға арнадық. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Ғалым болғым келеді» тақырыбында оқушылар арасында эссе жазу шығармашылық байқауын ұйымдастырдық. Жас қылқалам шеберлері «Біз біргеміз» тақырыбын арқау етіп, сурет салудан сайысты. Абай Құнанбаевтың - 175 жылдығына орайластырылған «Көзімнің қарасы» ән байқауы да өз дәрежесінде өтті. Сол сияқты ертегі оқу челленджін атап өтуге болады. Мені қуантқаны – оқушылардың ынтасы. Біз олардың санына емес, жасаған жұмыстарының мән-мағынасына үңілдік. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар жоспарға сәйкес өткізіледі, - дейді орталық директоры.
Мекеме жас дарындардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, ғалымдардың дәрістерін ұйымдастыруды көздеп отыр. Орталық мектептегі меңгерген білімді одан әрі тереңдете түспек. Жалынды жас ғылыми-инновациялық дағдыларын дамытады.
– Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Кейбір отбасылар балаларының болашағына немқұрайлық танытып жатады. Ата-ана перзентінің бойындағы қабілетін ашуға ұмтылуы қажет. Жұрттың баласы оқыған оқуына түсіріп, кейде қателікке бой алдырып жатқанын көреміз. Негізі баланың қабілетін ерте жастан анықтаған дұрыс. Әркім жанына жақын іспен шұғылданса ғана кез келген салада прогресс байқалады. Біздің орталық міне, сондай дарынды балалар мен жеткіншектерді анықтау үшін, оларды қолдау мақсатында құрылып отыр, - деді Раушан Омарханқызы.
Дарынның ендігі өткізетін сайысы – математика пәнінен бастауыш сыныптарға онлайн олимпиада. Оған 3-4-сынып оқушылары қатыса алады, дейді орталық мамандары.Өзіндік қиындығы бар сын сағатында әр қатысушы математикадан 30 тест орындайды. Жеңімпаздар әдеби кітаптар, алғыс хаттармен марапатталатын болады.

 

Страница 21 из 51