Үшінші мегаполисте қаңтар басталғалы қаладағы аудан әкімдері есептік кездесулерін өткізуде. Осындай жиынның бірі Сансызбай Бекбосынов атындағы №70 жалпы білім беретін орта мектепте өтті. Кездесуде Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов тұрғындарға 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

қаратау

Кездесуде аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Нақтырақ айтсақ, 247 мыңнан астам халық тұратын ауданда 79,5% тұрғын үй тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылса, 11,2%-ы кесте бойынша, ал қалғаны тіршілік нәрін тасымалдап ішіп отыр. Аумақ тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамту үшін қазір қосалқы электр станциясы салынып жатыр. Халықты көгілдір отынмен қамту ісі де қарқынды. Биыл 110 шақырымды құрайтын 146 топырақ көшеге тас төселмек. Сонымен қатар, аудан аумағындағы орталық маңызы бар 79 көшені жарықтандыруға ұсыныс берілген.

Сұрақ қойып, өтініш-талаптарын жеткізген Сайрам тұрғын алабы мен Шапырашты, Өтеміс елдімекендерінің тұрғындары аудан басшысына шалғай елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауыз су және электр қуатымен қамту, көшелерді жарықтандыру мен ойын алаңдарын салып беру мәселелерін қозғады.

Жиында алғаш болып сөз алған Өтеміс ауылының тұрғыны Бердалы Райымбеков шешімін күткен біраз мәселенің барын айтты. Оның ішіндегі өзектісі – тазалық. Тұрғындардың қоқыс тазалаушы компанияларға деген өкпесі қара қазандай. Жұрт иісі қолқаны қабатын қоқыстың көше бойында айлап жатып қалатынын айтады. Ал, тиісті мекеме өкілдері төлемнің уақтылы жасалмауына тұрғындарды кінәлап отыр. Жиында қос тараптың дауына Қаратау ауданының әкімі ел алдындағы есеп беру кездесуінде нүкте қойды.

қаратау есеп

Шапырашты тұрғын алабының тұрғыны Нұрмахан Бекбосынов елдімекенге барар жол асфальтталғанын, ауыз су, көгілдір отыннан таршылық көрмейтіндерін баяндай келе ауылдағы мәдениет үйінің жағдайы мәз болмай тұрғанын айтты. Тіпті, балаларға мектептен тыс уақытта ойын ойнауға баратын жердің жоқтығын жеткізді. Тұрғындарды алаңдатып келген жер мәселесі еді. 300 үйдің тең жартысы қалаға қосылғалы құжаттарын ары-бері көтеріп сандалып жүр. Аудан әкімі сұрақтың орынды екенін, мәселеден хабары бар екенін білдіріп, тұрғындарды жағымды жаңалықпен қуантты.

– Биыл бюджеттен 94 млн теңге қаралып отыр. Бұл қаражат мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына жұмсалатын болады. Ал, ойын алаңшалары келер жылы толықтай шешіледі. Қазір ескі мектептің орны бос екені анықталды. Оны білім басқармасының балансынан шығарып, тиісті құжаттарды рәсімдеу үстіндеміз. Бұл мәселе кезек күттірмей шешіледі, - деді аудан әкімі.

Жиында Абзал Әліқұлов тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беріп, кейбір мәселелерді тиісті мамандарға тапсырды. Жергілікті халықтың жеке мәселелерін қағазға түртіп алып, заң шеңберінде жауап беретінін айтты.

Жаңа автобус бағыттары ашылды

Среда, 15 Январь 2020 04:03

Жаңа жылдан бастап қаладағы қоғамдық көліктер жаңа бағыттармен толықты. Бұл туралы «Shymkent bus» тасымалдаушы компаниясының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

№108 автобус бағыты Ордабасы алаңы мен Шымкент сити қалашығын жалғаса, «Ордабасы – Сайрам» бағытында №139 автобус қатынайды. Ал №152 бағыт Алаш базары мен Фосфоршылар ауруханасына жол жүреді. Сонымен қатар, №21 бағыттағы автобус N.Nazarbayev даңғылынан Құрсай елдімекеніне жолға шықты.

Қоғамдық көліктердің жол жүру сызбасы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығымен бекітілген.

Айта кетейік, өткен жылы автобустарды жаңалау үшін қала әкімдігі жаңа автопарк ашып, 300 жаңа автобус алған-ды. Ал 2020 және 2021 жылдары жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін 590 жаңа автобус алуды жоспарлап отыр.

Жаңа жылдан бастап қайырымды қаладағы аз қамтылған отбасылар мемлекеттік жәрдемақыны жаңаша форматта ала бастады. Алғашқы онкүндіктің өзінде әкімдікті жағалаған мыңдаған отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беріп үлгерген. Бұл жолы мемлекеттен берілетін жәрдемақыға жаңаша тәртіп енгізіліп отыр. Құжат қабылдау, жәрдемақы тағайындау мен тағысын тағылар электронды түрде жүзеге асырылады.

f722526e310f6b66fdd0011e8dcd9589

Үкімет тарапынан әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстардың атқарылу барысын баяндаған қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде бүгінгі таңға 9 244 адамға кеңес беріліп, 2 765 отбасыдан өтініш қабылданғанын айтты.

– Қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік жәрдемақыға өтініш білдірушілердің көптігін ескеріп, аудандық әкімдіктердің ғимараттарында, жалпы 5 орында құжаттар алфавиттік тәртіп бойынша қабылдануда. Алдағы уақытта қосымша орындар ашылады деп жоспарлануда. Ал атаулы әлеуметтік көмекке тоқталып өтсек, жаңа өзгерістерге байланысты үш түрлі бағытта төленіп жатқанын еске салайын.

Оның алғашқысы көп балалы аналарды қолдау мақсатында берілетін мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан көп баласы бар отбасыларға табыс көзіне қарамастан төленуде. Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға тағайындалады. Ең соңғысы – кепілдендірілген әлеуметтік пакет, – дейді спикер.

Жаңадан енгізілген өзгерістердің бірі – АӘК-ке үміткер отбасылардың материалдық жағдайын тексеру мерзімінің үш күннен жеті күнге ұзартылуы. Комиссияның қорытындысына сәйкес, мұқтаж емес отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Тағайындалған жағдайдың өзінде еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы қажет. Айта кетерлігі, өткен жылы 4000 адам қысқа мерзімді оқуын аяқтаса, 3480 азамат 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде мемлекеттік грантқа ие болған.

Республикалық бюджеттен бөлінетін жәрдемақы аясында биыл 74 мыңға жуық бала ыстық тамақпен қамтылса, АӘК алушылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады. Айта кетерлігі, ол үшін қосымша құжат өткізудің қажеті жоқ. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет алушылардың тізімін қалалық әкімдік бекітеді. Ал мемлекеттік көмек азық-түлік және гигиеналық зат күйінде қаладағы сауда орындары арқылы үлестірілмек. Ербол Әбілхайырұлының айтуынша, аталған жұмыстар ақпан айының алғашқы онкүндігінде жүзеге асырылады.

Қазір заман дамыған сайын түрлі жаңа технологиялар өмірімізге енуде. Әрине, оның бәрі қажеттіліктен туындайтыны түсінікті. Сол дамыған технологияның пайдасы да көл-көсір. Әсіресе, кәсіпкерлерге бизнесін жүргізуге үлкен сеп. Оны жіті түсінгендер уақыт жоғалтпай, өз қызметтерін іске қосуда. Біздің кейіпкеріміз де мемлекеттік қолдаудың аясында ептеп кәсібін дөңгелетіп келеді.

80253718 1103672826506149 2227456093670342656 o

Шымкент қаласының тұрғыны Бекмұрат Оңалбай үшін өткен жыл табысты болды. Алдымен, Жұмыспен қамту орталығының жолдауымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша 21 күндік оқуын оқыса, кейін өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, 505 мың теңге мемлекеттік грантты жеңіп алды.

Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, екі қолға бір күрек ұстаған жас замандастарымен бірігіп, онлайн билет сатуды жүзеге асыратын easybus.kz интернет платформасын іске қосты. Яғни, онлайн платформа қалааралық бағыттарға жүретін автобустардың электронды билеттері мен автовокзалдардың жұмысын автоматтандыруға бағытталған.

– Жол азабын жүрген білер дейді. Өзіміз көріп, нарықты зерттеп жүргенде белгілі болғаны – кейде жолаушылар баратын жерге уақтылы жете алмай жатады. Ұшақ пен теміржолға билетті алдын ала табуға болады. Ал қалааралық бағытта жолаушы тасымалдайтын автобустардың жайы бөлек. Біз командамызбен осы мәселені шешу арқылы өз жобамызды бастадық.

Міне, жарты жылға жуық уақытта нәтижесін көріп жатырмыз. Алғашқыда 5-6 автобуспен келісіп бастаймыз деп ойладық, автобекеттерге барып басшыларымен сөйлесе келе автобустардың саны 200-ге жетті. Соның өзінде үш айда 250-ге жуық билет сатылды, – дейді easybus.kz интернет платформасының жетекшісі.

Бүгінде жас кәсіпкер өзінің командасымен Шымкенттен шығатын 15 бағыт бойынша тиісті бағдарламалық жұмысты және төлем жүйесін ретке келтіруде. Атап айтқанда, қаладағы 5 автобекет және Түркістан облысындағы автовокзалдармен келісімге отырған. Бекмұрат Айбасұлының айтуынша, онлайн билет сатып алу жүйелері тегін орнатылып, оның жұмысы автовокзал мамандарына ақысыз үйретілуде.

 DSC3469

– Бізде автобекеттердің ортақ автоматтандырылған базасы жоқ. Яғни, жолаушылар өзіне керек мәліметтер мен билеттерді оңай алудың жолы қарастырылмаған. Ал біз осы ретте бір оқпен екі қоян олжаладық десек те болады. Оның бірі – жол жүру билетін онлайн рәсімдеу болса, екіншісі – автовокзалдарды онлайн басқару жүйесін енгізудеміз, – дейді жас кәсіпкер.
Табыс тауып, атақты болуды емес, алдымен мемлекеттік бағдарламалардың аясында тұрмыстағы өзекті мәселелерді шешуді көздеген жас жігіт енді кәсіп бастаған азаматтар бизнесті дұрыс таңдаса екен деген ұсынысын жеткізді.

– Біздің қоғамда бір жаттанды түсінік бар. Біреу кафе ашып, ісі жүрсе, басқалары соның ісін қайталағысы келіп тұрады. Байқасаңыз, қалада тойхана мен мейрамхана, жеңіл тамақтану орындары көп. Ал қызметтері сайып келгенде бірдей. Өзгешеліктер байқалмайды. Оның орнына әлеуметтің әлеуетін жақсартуға арналған қызмет түрін ұсынғанда, басқаша болар ма еді? Бар нәрсені қайталай бергенше, жоқ нәрсені жасап, өмірімізді өзіміз жақсартсақ, нұр үстіне нұр емес пе?! Қазіргі замандастарымыз мемлекеттің ұсынып отырған мүмкіндіктерін пайдалануға, пайда тауып, экономикамызды жақсартуға асықпайды, - деді ол.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын байыптылықпен жүзеге асыру бүгінде, бір жағынан, жаһандану үрдісінен туындаған уақыт талабы десек, екінші жағынан, онсыз технологиялық, экономикалық, әлеуметтік салалардағы терең өзгерістерді көзге елестетудің өзі қиын. Ал үшінші мегаполисте цифрландыру бойынша нақты жобасын ұсынып, мемлекеттік қолдаудың аясында кәсібін дөңгелетіп отырған Бекмұрат бастаған команданың жұмысын қаладағы IT саласын дамытуға қосқан үлесі деп қарауға болады. Аталған жоба қайырымды да ақылды қала тұрғындары үшін маңызды екені айтпаса да белгілі. Мұндайда «Істегенің еліңе жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деген мақал ойға оралады.

Үшінші мегаполисте Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жалынды жастарға құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов түрлі салада өз еңбегімен оқ бойы озық келе жатқандарды марапаттады. Шаһар басшысы білімді де өнерлі жандарға жылы лебізін білдіріп, диплом мен қаржылай сыйлықтар табыстады.

 DSC2465

Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылған байқау мәдениет, өнер, білім, ғылым, әлеуметтік, халыққа қызмет көрсету және т.б. түрлі салаларды қамтыған. Шымкент қаласы әкімінің «Үздік жастар - 2019» байқауының ережесіне сәйкес, 28 номинация бойынша 14-29 жас аралығындағы 126 үміткер бақ сынап, іріктелген болатын. Байқау комиссиясының ұсынысымен 34 жас өз салалары бойынша үздік деп танылған.

Номинация иегерлерін жеңістерімен құттықтаған қала басшысы жастар еліміздің болашағы екенін атап өтіп, ел мүддесі үшін еңбек ету әркімнің міндеті екенін айтты. Қала әкімі Ерлан Қуанышұлы жиын барысында «Үздік қоғамдық ұйым» номинациясына лайықты деп танылған «ХІІ Legion» салауатты өмір салтын қалыптастыру қоғамдық қорының мүшелеріне ерекше алғысын білдірді. Айта кетейік, «ХІІ Legion» салауатты өмір салтын қалыптастыру қоғамдық қоры - Қазақстан Республикасының Воркаут спорт түрі бойынша чемпион және Қазақстан рекордтар кітабына енген ұйым.

– Сіздер – шымкенттік жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеп жүрген үздік ұйым ғана емес, сонымен қатар оларға үлгі болып жүрген азаматсыздар. Қазіргі уақытта ең көкейкесті мәселелердің бірі - жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Ал адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгертуі, ең алдымен, тәрбиелік мәселе саналады. Осы тұрғыда сіздердің еңбектеріңіз орасан екенін атап өткім келеді, – деді Е.Айтаханов.

Жиын үздіктерді марапаттаумен қатар, Жастар жылын қорытындылауға арналды. Аталған жыл аясында атқарылған жұмыстар баяндалды.
«Жастар жылы» аясында қалада 3 мыңнан астам жас кәсіпкерлік курстарынан өтіп, олардың 1000-ға жуық жобасына гранттар берілді. 6 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Жұмыс істейтін жастарды қолдау мақсатында жүзеге асырылған жоба арқылы шаһарда 904 жас жалдамалы баспанамен қамтамасыз етілуде.

Бұдан бөлек, қалада студент жастарға арналған 3 жатақхана пайдалануға берілді. Ал дарынды жастарды шыңдау мақсатында республикалық жас ақындар айтысы мен «Көңілді тапқырлар алаңы» ұйымдастырылды. Жас ақындардың «Жаңа ғасыр әуендері» жыр жинағы жарық көрді. «Шабыт» жобасы аясында үздік жас әншілер мен би топтарына 10 бейнебаян түсіріліпті. Ерікті түрде еңбектеніп жүрген 1635 студентке әлеуметтік несие берілуде.

«Жастар жылы» жаңа леп сезілді ме?

Пятница, 27 Декабрь 2019 04:01

2019 жыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен «Жастар жылы» деп жарияланғаны әмбеге аян. Ел Үкіметі оны жүзеге асырудың Жол картасын қабылдап, қазынадан 300 млрд теңге бөлген-ді. Елдің ертеңі саналатын жастар үшін бұл жылдың артықшылығы қандай болды? Біз өз тарапымыздан шымкенттік өрендердің есінде несімен есте қалғанын, не бергенін бағамдап көрдік.

DSC 2169

Жұмыс, баспана, отбасы – бұл жастардың ең басты қажеттіліктері. Олар бір-бірімен толығып тұрғанда жастардың еліміздің дамуына үлес қосатыны сөзсіз. Үкімет бекіткен Жол картасында жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім алу, жұмыспен қамту, бизнесті дамыту, жас отбасын қолдау сынды шаралар қарастырылған. Осы орайда, әр түрлі салада жетістікке жеткен жастардан аталған шаралардың қаншалықты жүзеге асқанын сұрап білген едік.

«Қалауым орындалып, тасым өрге домалады...»

Жастар жылында «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын қамтитын «Жастар ел тірегі» жобасы басталды. Аталған жобалар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы жастар жылын қорытындылау салтанатты рәсімінде 209 мыңнан астам жас мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып, олардың 172 мыңы жұмысқа тұрғанын айтты. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Олардың ішінде 9,5 мыңы жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант алған екен.

Солардың бірі – биыл құрылған Жастар мәслихатының депутаты әрі салауатты өмір салты дамыту қоры XIII LEGION орталығы басшысының орынбасары Тимур Шайдуллин өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, биыл табысты жыл болған көрінеді. Жүзден жүйрік шығып, халық қалаулысы атанған ол мемлекеттік бағдарлама аясында білімін жетілдіріп, қайтарымсыз грант арқылы өз кәсібін бастаған.

Тимур Шайдуллин

– Жастар жылының қабылдануы біз үшін қуанышты жаңалық болды. Қаланың үштен бір бөлігін алатын жас тұрғындардың біршама мәселелері билікке жетіп, шешімін табады деп қуандық. Бірақ, бізге бұл жыл не береді деп қарап отырмадық. Өз мүмкіндіктерімізді толықтай пайдаланудың жолын қарастыруымыз керек деп есептеймін. Біз бірнеше жылдан бері қала жастарын спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып келеміз.

– Жастар жылы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» жобасына қатысып, білімімді жетілдірдім әрі өзім қалаған кәсіпті бастауыма қаржылай қолдауға ие болдым. Биыл жаңадан құрылған қалалық Жастар мәслихатына басым дауысқа ие болып сайлауда жеңіске жеттім. Бұл біздің жауапкершілігімізді күшейте түсті. Дегенмен, қажетсіз жиындарды азайтып, ресурстарды арттыруға көңіл аударылса, жастардың білім алып, өз-өзін дамытуына жағдайлар қарастырылса құба-құп болар еді,– дейді ол.

Жалдамалы баспана – тиімді бастама

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үш жылда еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру шешімі қабылданды. Жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы жастарына 1050 пәтер үлестірілсе, үшінші мегаполисте берілуі тиіс болған 904 пәтердің алғашқы легін алғандар бар.

Ы.Алтынсарин атындағы N65 мектеп-гимназияның мұғалімі, Стратегиялық зерттеулер және жастар саясаты институтының директоры Бидос Қалшабек жуырда қоныс тойын тойлаған жастың бірі. Ол еліміздің қастерлі мерекесі Тәуелсіздік күні қала әкімі Ерлан Айтахановтың қолынан баспана кілтін алды. Жас ұстаз бұл бастама өз үйін алуға ақша үнемдеуге беріліп отырған таптырмас мүмкіндік екенін айтады.

Бидос

– Жастар жылында елімізде жастарды қолдауға бағытталған елеулі шаралар іске асырылды. Соның ішінде маңыздысы жұмыс істеп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі тиісті деңгейде өз шешімін тапты деп ойлаймын. Бұл жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың нәтижелі әрі өзекті жобасы. Осы игіліктің жемісін 1000-ға таяу мегаполис жастары көруде. Ал, еліміз бойынша 3000-ға жуық жастың жастар жылында баспаналы болуы қуантарлық жағдай.

Осындай тұрғынжайлар арқылы жастар мен жас отбасылар аяққа тұрып, әлеуметтік жағдайын тіктеп, тұрақты баспана ала алады. Баспаналар ашық, әділ, объективті бағаланып, белгіленген талаптарға сәйкес келетін жастарға үлестірілді. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа жұмыс істеп жүрген жастарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді,– дейді жас ұстаз.

«JasА»-мен жасадық...

Жыл бойы елдің әр өңірінде әртүрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Тиісінше, шымкенттік жастар да осы шаралардан тыс қалған жоқ. Мейілінше белсенділік танытып, жоғарыда аталған түрлі жобалардың ауқымын арттыруға атсалысты. Қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкері Жани Қамбар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен жастар қызметкерлері қауымдастығының қолдауымен іске асқан JasА жобасына қатысып, грант иегері атанған.

Жани Қамбар

– Аталған жоба аясында мен «Upgrade-Sairam» жобасын ұсындым. Жоба бойынша Сайрам шағын ауданында Ерімбетов көшесі бойына қоқыс жәшіктерін қою, сонымен қатар «қарандаштардан» жасалынған орындықтар және «точилкаға» ұқсас қоқыс жәшіктерін қою жоспарланған болатын. Грант бойынша жалпы 400 000 теңге қаржы қаралған. Жалпы ұсынылған 700-ге жуық жоба арасында үздік жүздікке еніп жеңімпаз атандым. Жобаны дұрыс жазу, жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелерді тез шешу және т.б. сұрақтарға жауап іздеу бойынша 6 күндік оқу семинар-тренингінен өттім.

«Аталған жоба қайдан келді?» деген сұраққа жауап берер болсақ, Сайрам шағын ауданы өте тыныш және әдемі аумақ болып саналады. Бірақ, соңғы кездері тұрғындарда қоқыстарды кез келген жерге тастап кетуі жиілеген. Сондықтан экомәдениетті дамыту, қоршаған ортамызды таза ұстау мақсатында осы жоба ойға келген болатын.

Сонымен қатар, келесі жыл Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатынына орай «қарандаштардан» жасалынған скамейка» жасатып, қаланың ең көрікті жеріне орналастырылды. Қаланың дамуына кішкене де бір үлесіміз тисе қуанамыз. Қала тазалығы тазалық мекемелерін ғана емес, осы жердің тұрғылықты азаматы – біздерді көбірек алаңдатуы керек. Жыл жемісті болды. Жоспарлаған біршама жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асқанына қуаныштымыз! - дейді жоба жетекшісі Ж.Сайдуллаұлы.

Түйін

Бір жылда атқарылған жұмыстар мен әлі де шешілуі тиіс мәселелерді тізбектей беруге болады. Жұмыс істеліп жатқан жерде сын да болуы заңды құбылыс. Алайда айтатын сәті түсіп тұрғанда айтпаса сөз жетім. «Жастар жылы шымкенттік жастардың есінде несімен есінде қалды?» деген сауалымызға көп жас жауап беру кезінде кідіріп қалғаны бар. Айтқаны, болса да – пәтер мен жас кәсіпкер жобасы.

Форумдар мен түрлі жиындар жыл сайын жоспарлы кестеге сәйкес өткізіліп келеді. Бірақ, ең үлкен мәселенің бірі – 250 мыңға жуық қала жастарының шоғырланатын һәм бос уақытын тиімді өткізуге арналған бір ғана орталықтың болуы осыншама жасқа аздық ететіндігі рас. Жаңа ғимарат салуға қыруар қаражат, біраз жыл кетері түсінікті жағдай.

Көп жылдан бері пайдаланылмай, қаланың сұрқын қашырып тұрған «Фосфоршылар» мәдениет үйін бір кәдеге жаратып «Жастар сарайы» етіп, пайдалануға берсе қане?! Түрлі үйірмелер жүргізіп, дарынды жастардың танылуына жол ашып, білімін шыңдауға үлкен септігін тигізер еді. Жастарды жырға қосқан Мағжанша айтқанда, «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап,Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?!.»

Шырша шаттығы

Среда, 25 Декабрь 2019 04:01

Үшінші мегаполисте қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті. «Біз – еліміздің жарқын болашағымыз!» атты мерекелік жиында балалардың қуанышын бөліскен қала басшысы Ерлан Айтаханов балғындарды мерекемен құттықтап, шырша шамын жақты.

 DSC1221

– Құрметті балалар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – жаңа ғажайыпқа толы мереке. Қазіргі таңда, біздің елімізде білім алуға, еңбек етуге және демалуға барлық жағдай жасалып отыр. Сондықтан, өздеріңізге сенімді болыңыздар. Отанды сүйіңіздер. Қашанда жақсылық жасап, мейірімді болуға тырысыңыздар. Сіздердің бүгінгі жасаған игі істеріңіз – бақытты болашақтың іргетасы. Еліміздің сенімін ақтайтын үлкен азамат болыңыздар. Жаңа жыл сіздерге көп қуаныш әкелсін, – деді Ерлан Қуанышұлы.

Балаларды жаңа жылдық мерекемен Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев пен депутаттар да құттықтай келді.

Сән-салтанаты жарасқан мейрамда 250 оқушы бас қосты. Оқушылар сарайының басты залына түрлі кейіпкерлер болып киінген балалар жиналды. Олардың қатарында әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан және дарынды балалар бар. Мерекелік тарту ретінде қала әкімі әр балаға 100 мың теңге қаржылай сыйлық сертификатын табыстады. Түрлі тәттілер үлестірді.

Балғындар салтанатты шарада ертегілер еліне саяхат жасап, әннен шашу шашты. Шыршаны шеңбер бойымен билеген оқушылар көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

 DSC1235

Сауда академиясы құрылады

Пятница, 20 Декабрь 2019 04:14

Үшінші мегаполисте келер жылы Сауда академиясы өз жұмысын бастамақ. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Silkway Халықаралық университеті екіжақты келісім аясында жаңа жобаны қолға алды.

WhatsApp Image 2019-12-19 at 09.07.55

Бұл келісім сауда қатынастары саласында сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға, сатуды басқару, логистика, маркетинг, бизнесті жүргізу мәселелері бойынша Оңтүстік аймақтағы сауданы дамытуға бағытталған.

Silkway Халықаралық университеті оқу базасында 2020 жылдың ақпан айынан бастап тыңдаушыларға оқыту семинарлар, бизнес тренингтер, практикалық дағдыларды ұйымдастыру арқылы «Otau Group» холдингінің, «Эврика» ЖШС, «Шымкент плаза» сауда орталығы, «Фиркан» ЖШС, «Филип Моррис Казахстан» ЖШС-ның бизнес жаттықтырушыларын тарта отырып жүзеге асырылады.

Оқыту аясында тыңдаушыларға тағылымдамадан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі мол. Зерттеудің алдыңғы қатарлы әдістерін әзірлеу, сондай-ақ бірлескен жобаларды құру бойынша тәжірибе алмасу өтеді. Бұл -- аймақтағы кәсіпкерлер мен компаниялардың қызметкерлерін бірлескен жобалар мен оларды іске асыруға кеңінен тартуға ықпал етеді.

Страница 24 из 51