Қош бол, Рио, алда – Токио!

Среда, 24 Август 2016 07:11 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1203 раз

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...». Екі апта бойы әлем жанкүйерлерінің назарын аударған XXXI Жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Оңтүстік Америка құрлығында тұңғыш ұйымдастырылған сын қызықты сәттерге толы. Қазақ елінің спортшылары осы Олимпиадада жүлде саны бойынша рекорд жаңартты: қоржында үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медаль (17 жүлде) иеленді. Жалпыкомандалық есепте 22-ші орынға жайғастық. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына қосқан тамаша сый бұл.

sportiks17 ЖҮЛДЕ – РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКIШ

Бәсекеге үкілеп қосқан 104 спортшының осыншама жүлде иеленуі аз олжа емес. Осыған дейінгі ғаламдық ойындарда ең көбі 13 медаль бұйырыпты. Мәселен, Атлантада – 11, Сиднейде – 7, Афиныда – 8, Бейжіңде – 13, Лондонда – 13 медаль еншімізге тиді.
Рио Олимпиадасы қазаққа тұңғыштарды сыйлаған дода ретінде есте қалды. Мәселен, қазақ қыздарының арасынан тұңғыш болып Жазира Жаппарқұл жүлде алып, тарихқа атын жазды. Ал әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова және бокстан Дариға Шәкімова тұңғыш болып тарихи жүлделерді еселей түсті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді тағы да атай кетейік. Бап пен бақ арпалысқан додада Нижат Рахимов (ауыр атлетика), Данияр Елеусінов (бокс) және Дмитрий Баландин (жүзу) дара шықты. Күмістен олжа салғандар – Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Василий Левит (бокс), Әділбек Ниязымбетов (бокс) және Гюзель Манюрова (әйелдер күресі). Қола жүлдемен қуантқандар – Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Фархад Харки (ауыр атлетика), Карина Горичева (ауыр атлетика), Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Екатерина Ларионова (әйелдер күресі), Иван Дычко (бокс) және Дариға Шәкімова (бокс).

ЖОСПАР ОРЫНДАЛДЫ

Жанкүйерлер боксшылардан мол олжа күтті расында. Жұдырығының қуатын әр ойындарда танытып жүрген жігіттерге айтар өкпе жоқ. Бір алтын, екі күміс, екі қола медаль жеңіп алған өрендеріміз жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Олимпиаданың алдында 4-5 жүлде, екі алтын алуды жоспарлағанын жазған едік. Алтын жүлдені «қазақтың салмағы» деп әспеттейтін 69 келідегі Данияр Елеусінов сыйлады. Әділбек Ниязымбетов екінші рет Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанып, Болат Жұмаділов ағасының жетістігін қайталап берді. Жанкүйерлердің пікірінше, күмістің өзі тақиямызға тар келмейді.
91 келіде Василий Левиттің күміс жүлдесі әлі талай әңгімеге өзек болатын сыңайлы. Финалда ресейлік Евгений Тищенконың отандасымызды күмәнді жағдайда жеңіп кетуі әлемдік БАҚ-тың назарын аударды. AIBA басшылары осы жекпе-жекте төрелік еткен қазыларды жарыстан аластататумен ғана шектелді. Жанкүйерлер қауымының пікірінше, Левит біз үшін жеңімпаз!
Аса ауыр салмақтағы Иван Дычконың қоласын қомсынбаймыз. Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жүлдесіне жетіп жүрген саңлақтан жоғары нәтиже күткен едік. Бұл жолы да барын салып еді. Бұйырғаны қола екен.
Бір айта кетерлігі, арулар да Лондондағы нәтижені қайталады. 75 келіде қолғап түйістірген Дариға Шәкімова жартылай финалға дейін жетіп, сүрінді. Бұл сында да тосқауыл болған АҚШ өкілі – Кларисса Шилдс. Айтса айтқандай-ақ екен. Жас вундеркинд боксшы осымен екі дүркін жеңімпаз атанды. Екі Олимпиада ойындарының жартылай финалында жерлестеріміздің жолын қиды. Олимпиада тарихында тұңғыш рет Вэл Баркер кубогы осы спортшыға табыс етілді.

ЖАЗИРА ТОКИОҒА КӨЗ ТIГЕДI

«Жазира осы жарыста өзінің бар мүмкіндігін көрсетті деп ойлаймын. Жазира өте дарынды және ең бастысы еңбекқор. Бірақ, әрбір мүмкіндігін өте саналы, өте тиімді пайдалануы үшін оған тәжірибе керек. Әлі уақыт бар. 23 жасқа енді аяқ басты. Токио Олимпиадасында чемпион болатындығына кәміл сенемін. Бірақ, бұл үшін жаттығуларда және жарыстарға қатысып, аянбай тер төгу қажет», – депті ауыр атлетикадағы білгір маман Энвер Түркелери отандық БАҚ-қа берген сұхбатында. Рас, Жазираның жұлдызды сәтіне куә болдық. Екі әлем чемпионатының күмісін иемденген Арыстың қызы міне, Олимпиада медаліне де қол созды. Қуаныш ұзағынан сүйіндірсін дейік.
Талай майданда шыныққан зілтемірші алтын алмай тынбаймын дегенді айтып отыр. Білекте буырқанған күш барда жеңіс жеңіске ұласатынына сенім бар.
Қазақстан ауыр атлеттері Олимпиада ойындарын 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдемен, жарысты 5-і орынмен аяқтады. Бұл – біздің екінші құрам екенін айта кеткен жөн.

ҚЫЗДАР ҒАНА ҚУАНТТЫ

Біз балуан халықтың ұрпағы емес пе едік? Әріден айтпағанда, берідегі Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов сынды даңқты балуандар салған жеңісті жолдың көмескі тарта бастағаны ма? Рио бозкілемінде грек-рим және еркін күрес балуандары да еңсемізді түсірді. Әр Олимпиада сайын балуандарымға бұйырар өз несібесі бар-тұғын. Бұл жолы қоржын бос қайтты. Әлем чемпионатының жүлдегерлері Алмат Кебісбаев, Досжан Кәртіков және Нұрмахан Тыналиевке сенгенбіз. Өкініштісі, «классиктер» классикалық күрес көрсете алмады. Оған кімді кінәлаймыз? Еркін күрес балуандары да бастапқы белдесулерде-ақ жеңіліс құшып, өзекті өртеді.
Абырой болғанда арулар тығырықтан алып шықты. Гюзель Манюрова, Эльмира Сыздықова және Екатерина Ларионоваға қандай мақтау айтсақ та жарасар. Сыздықова әйелдер күресінде жүлде алған тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихи ерлік істеді. Осы бір күміс, екі қоланың арқасында Қазақстан балуандары жалпыкомандалық есепте 12-ші орынға нықтап орнықты. Ал ерлеріміздің осы олқылықтың орнын толтыруы уақыт еншісінде екеніне сенейік.
Шүкір дейік, қазақ дзюдосының алға қарай қадымдап келе жатқанына көз жеткіздік. Қазақ ұландарының қайратын көрсеткен – Елдос Сметов.
Осы бір алтын асықтай ұл сегіз жыл бұрынғы Асхат Житкеев шыққан тұғырдан көрініп, жанкүйерлерін желпіндірді. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарында тұңғыш рет жеңімпаз атанған балуанның ендігі мақсаты – Токио ойындары. Сәтін салса, 2020 жылы төртжылдықтың басты бәсекесінің алтын тұғырынан қол бұлғап жатса, таңданбаспыз.

АЛҒАШҚЫ АЛТЫНДАРЫН ИЕЛЕНДI 

Енді әлем спортшыларының әлеуеті жайында бірер сөз. Рио Олимпиадасында 121 медальді жеңіп алған (46 алтын, 37 күміс, 38 қола) АҚШ құрамасы жалпыкомандалық есепте жеке дара көш бастады. Екінші орында – 67 медальмен (27 алтын, 23 күміс, 17 қола) Ұлыбритания спортшылары. Үздік үштікке 70 жүлде еншілеген (26 алтын, 18 күміс, 26 қола) Қытай тұр. Жарыс қорытындысында барлығы 86 мемлекеттің өкілдері жүлдеге қол жеткізді. Бәсекенің тарихында медаль олжалаған мемлекеттер саны рекордты көрсеткішке жетті. Вьетнам, Пуэрто-Рико, Сингапур, Бахрейн, Кот-д'Ивуар, Косово, Фиджи, Тәжікстан және Иордания сынды тоғыз бірдей елдің спортшылары алғаш рет алтын жүлдені иеленді. 

Тізімнің ең соңында тұрған БАӘ, Тринидад және Тобаго, Португалия, Нигерия, Молдавия, Марокко, Финляндия, т.б. елдердің еншісінде бір қола жүлдеден бар.
Сонымен, тағы бір Олимпиада ойындары тарих қойнауына кетті. Ендігі атқарар шаруа – кемшін тартқан тұстарды зерделеп, келешекке көз тігу. Рио-де-Жанейро ойындарынан бұйырған жүлделерге көңіл тоқ. Токиода бұдан да жоғары нәтиже көрсетеміз деген үміт көп. Қош бол, Рио, алда Токио!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.