Желтоқсан – Жаңа Қазақстанның жаңғырығы Избранное

Среда, 14 Декабрь 2022 05:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1058 раз

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні биыл әдеттегіден өзгеше статуспен атап өтілмек. Мемлекет басшысының Жарлығымен 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, биыл көп жылдан бері алғаш рет кең көлемде атап өтілді. Дегенмен, бұл – Тәуелсіздік мерекесінің орны төмендейді деген сөз емес. Мұны Президент де атап өтті.

94

  «...Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деген-ді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осылайша биылғы қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, 25 қазан – Республика күні – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни, 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды.

Әлбетте, Қазақстанның ғана емес, КСРО құрамындағы 15 ел азаматтарының санасын сілкіндірген, рухын көтерген Желтоқсан оқиғасының орны тарихта ерекше саналады. Жыл өткен сайын жаңғырып, егемендік, тәуелсіздік жолындағы маңызы айқындала бермек. Ұлт-азаттық оқиғасына қатысушылар да бүгінде қоғам өміріне белсене араласып жүр. Солардың бірі – «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Гүлмира Оспанова.

 

96


– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп берді. Бір ғасыр бойы халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған өктемдік үрдістің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді. Жастар айдай әлемнің алдында кез-келген ұлтқа тән ұлттық намыс бұдан былай ешқандай баса-көктеуге мойынсынбайтынын паш етіп берді. XX ғасырдың еншісінде қалған ереуілге толы екі-үш күннің оқиғасы әлем жұртшылығының назарын Қазақстанға аударғаны кеше ғана сияқты. Міне, биыл 36 жыл толып отыр. Жалпы, Тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғасын бір-бірінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Себебі, біз Тәуелсіздікке, Азаттыққа, Бостандыққа зарығып, аңсап, қаншама қанымызды төгіп, жанымызды шүберекке түйіп жеткен халықпыз. Ата-бабаларымыз азат күнді тек армандап қана ғұмыр кешкен жоқ, сол жолда жолбарыстай жұлқысып, арыстандай арпалысып күресіп өтті. Ұрпағынан ұрпағына қалар аманат арқалатты.

Аманаты – ата-бабаның қаны сіңген қасиетті топырақты, ұлан-ғайыр кең өлкемізді, қазақ жерін қорғау, сақтау. Аманаты – ана тілімізді таза ұстау, ана сүтіндей кие тұту, дінімізді жоғалтпау. Осыған лайық ұрпақ өсіре алған халықпыз. Оған дәлел – ең берісі, менің замандастарым бас көтерген Желтоқсан оқиғасы. Азаттық жолындағы, ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрестердің ең бір түйінді тұсы, буырқанған жас күштердің жарға соққан, асау толқыны.

Кеңес өкіметі өзінің құрамындағы елдердің ұлттық құндылықтарын бірте-бірте жойып, өз саясатын өте әккі шеберлікпен жүргізіп жатқан тұста, тоталитарлық режимнің тас құрсауын бұзу мүмкін еместей болған кезеңде, шетелдік саясат сарапшылары «Демократиялық дүмпу бір шықса Кавказ бойында немесе Балтық өңірінде бұрқ ете қалар» деп жорамал жасап жүргенде Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы бұлтсыз күнгі найзағай ойнағандай әсер еткені анық.

Кеңес Үкіметі тұсында әр ұлттық, халықтық наразылық қозғалыс ұзақ жылдар бойы пісіп-жетілетіні, іштей буырқанып ширығатыны, содан соң сәл нәрседен бастау алып, тіпті, стихиялы түрде бұрқ ете қалатыны, оған саяси мән бергенде, жетекшілік тізгінін қолға алғанда үлкен қозғалысқа, халықтық шеруге немесе көтеріліске ұласатыны ескерілмеді. Одан бері талай жаз бен қыс алмасты, талай су ақты, талай оқиғалар тарих парақтарына жазылып қалды, бірақ Желтоқсан оқиғасының ұлттық азаттығымыз жолындағы күресте орны бөлек екенін уақыттың өзі дәлелдеуде.
Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына мыңдаған студент, жұмысшы жас қатысты. Бұл – сол кездегі билік тізгінін ұстаған біреулер пайымдағандай «экстремистік пиғылдағы ұлтшыл элементтер» ұйымдастырған арандатушылық емес еді. Бұл – желтоқсаншылардың бостандық жолындағы жүрекжұтқан ерліктері, бүгінгі таңдағы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынып отырған Жаңа Қазақстан құрудың бастама жаңғырығы еді.

Баршамызға ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің 31 жылдық мерекесі құтты болсын! Қазақстанның болашағы – сіз бен біздің қолымызда. Ұлт болашағы үшін Жаңа да Әділетті Қазақстан құру жолында бірлік пен ұйымшылдық танытып, еліміздің даму жолындағы игі қадамға баршамыз үлес қосайық! – дейді Гүлмира Болатқызы.

Последнее изменение Пятница, 17 Февраль 2023 18:30
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.