Шымкент хайуанаттар бағының директоры Сейдулла Жұбаев БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Алдымен зообақ басшысы 5 жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Басшының сөзіне қарағанда 2009 жылдан бастап, зообақтың жұмысы жанданып, хайуанаттар бағы адам танымастай өзгерген.
– Ұжым болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», әкімшілік ғимаратты, кейін аңдар мен құстардың орындарын жөндеуден өткіздік. Аңдар тұратын орындар реттеліп, сыртқы қоршаулары жаңартылды. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан уақытта негізгі міндетімізді де ұмытқан жоқпыз. Халыққа ұсынатын мәдени шаралардың ауқымын кеңейттік. Бұрын зообақта 75 түрлі аңның 350 данасы болса, бүгінде 2000-ға жуық жабайы аң-құс, жан-жануар мен жәндіктердің 194 түрі бар. Олардың 40-қа жуығы «Қызыл кітапқа» енген. 2014 жылы 5,8 млн. теңге зообақтың жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Қазiргi таңда аквариум мен террариумда тiршiлiк кешетiн жәндiктердiң жағдайы өте жақсы,-дейді С. Жұбаев.
Зообақтың ең басты жетістіктерінің бірі — Еуроазиялық аймақтық және Аквариумдер ассоциациясы (ЕАРАЗА) мүшелігіне кіріп, жан-жақты ғылыми-танымдық ізденісті бастауы. Атап айтқанда, ЕАРАЗА-ға мүшелік басқа да зообақтармен тәжірибе алмасып, зообақтар арасында жан-жануарлар алмасуға және сатып алу-сату жолымен коллекция толтыруға, оларды күту және көбейту мәселелері бойынша халықаралық конференцияларға қатысуға мүмкіндік алып отыр.
Зообақ басшысы бұған дейін мекеме төңірегіндегі әртүрлі әңгімелер мен дау-дамайдың негізсіз екенін алға тартты.
– Жаңа жыл түнінде жануарлардың от шашудан күйзелгені рас. Қатты шыққан дауыстан арқарлар шошынып, қабырғаға, дуалға секірді. Басқа хайуанаттар да дүрлікті. Қызметкерлермен бірге жануарларды тыныштандыруға тырыстық. Ал 27 желтоқсанда дүниеге келген қонжықтарды аю жеп қойған. Бірақ қанша қонжық туылды? Оны ешкім білмейді, – дейді С. Жұбаев.
Зообақ директоры алдағы атқарылатын жұмыстары жөнінде де баяндады. БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдар мен түйткілді мәселелерге толымды жауап берді.