Табиғат байлығы – ортақ игілігіміз Избранное

Пятница, 16 Январь 2015 03:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 8022 раз

алайда өзеннен заңсыз тас тасушылар көбейіп барады

Мыңдаған жылдар арнасымен ағып жатқан өзеннің тағдыры кейбір ашыққандарды ойлантар емес. Бәлкім, өзеннің кей тұстарынан заңды карьерлер ашып, соны бақылауда ұстап, өзенге зиянын келтірмейтін жағдай жасасақ қайтеді?

DSC 1407Газетіміздің өткен нөмірлерінде «Табиғат байлығын тонап жүрген кімдер?» тақырыбында мәселе көтергеніміз оқырмандар есінде шығар. Алайда Бадам өзенінен тас-құм алушылардың әрекеті әлі-де тыйылмай отыр.
«Бадам өзені бойынан заңсыз тас алу мәселесін халық болып, ел болып, құзырлы органдармен бірлесе мәселені тыңғылықты шешпесек, өзеннің жағдайы қиындап барады.  Мыңдаған жылдар арнасымен ағып жатқан өзеннің тағдыры кейбір ашыққандарды ойлантар емес. Бәлкім, өзеннің кей тұстарынан заңды карьерлер ашып, соны бақылауда ұстап, өзенге зиянын келтірмейтін жағдай жасасақ қайтеді?». Абай ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын үй алабы халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Ержан Саржан осылай дейді. Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елдімекенінде өткен жиында бірқатар азаматтар осы мәселе бойынша өз пікірлерін айтып, жеткізді.  
Көкбұлақ елдімекеніндегі мәдениет үйіне ауыл тұрғындары көптеп жиналған. Маңайындағы  Қызылжар, Игілік тұрғындары да. Абай ауданының әкімі
Ахмет Татыбаев, аудандық ішкі істер бөлімі және ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері де қатысты.  
Табиғи байлықтарды заңсыз тонналап тасып жүргендер алыстан келмейді. Аудан әкімі құныққандардың осы  ауыл тұрғындары екенін, табиғат байлығын келешек ұрпаққа қалдыру керектігі жөнінде өз уәжін айтты. «Табиғатты аялау керек қой. Бәріміздің мақсатымыз – өзенді сақтап қалу. Келешек ұрпақ үшін. Осында тұрып, көгеріп-көктеп жатсыздар. Малдарыңызды, егін-жайларыңызды осы өзен арқылы суарасыздар. Өзеннің астындағы дүниенің бәрі құрып жатыр. Оның обалы кімге? Сақтау үшін жұрт болып жұмылайық», – деді
Ахмет Өтегенұлы.
Е.Саржанның айтуынша, өзеннен тас алуға тек екі мекеменің ғана рұқсаты бар. Олар - «Диорит 1» және «Ұйымшыл» ЖШС-і. Бірақ, олардың өзі де кей жағдайда заңнан аттап кететіндері анықталған. Яғни, олардың ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлерден тас өндіріп жатқаны мәлім болған. Түсініктемелерінде заң шеңберінде әрекет етіп жатқандарын айтады. Түптеп келгенде оның бәрі заңсыз.  Бадамның бойында су көздерінен су шықпай қалған жерлер бар. Өзеннің деңгейі төмен түсіп кеткен.

DSC 1390Ауыл тұрғындары, ақсақалдар мәселе осы күнге дейін шешімін таппай отырғандықтан облыс әкімдігіне дейін шағымданыпты.  Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр ауыл тұрғындарымен жүздесіп, хаттамалық тапсырма да берген таяуда.
Ержан Саржан мырза көпшілікті мына мәселеден де құлағдар етті. Заңсыз тас алушылардың атауы жоқ. Әрбірі лизингке «Камаз» алған. Жүк артатын техникаларымен қоса. Оның кімдер екенін халық біледі. Бірақ айтпайды.
Мұндайда ішкі істер басқармасы өкілдері қайда қарап отыр деуіңіз мүмкін. Абай аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық прокуратура қызметкерлері қол қусырып отырған жоқ. Аптасына екі-үш реттен рейд өткізіледі. Абай ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын үй алабы халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы да  ішкі істер саласы қызметкерлеріне алғысын айтты. Күн-түн демей, жұмысты жақсы атқарады, бірақ кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жарияланған мораторий де қолбайлау болып отырғанын айту керек.
Белгілі болғандай, әр рейдте төрт-бес факті суретке түсіріліп, Абай ауданының  прокуратурасына жіберіледі. Жоғарыда айтып өткендей, егер мәселе тіптен ушыға түссе өзеннің кей жерлерінен карьерлер ашып, соны заңдастырып, бақылауда ұстасақ деген де ұсыныс бар.  Оған жергілікті орган басшылары не дейді екен?

Сіз не дейсіз?

Ахмет ТАТЫБАЕВ,
Абай ауданының әкімі:

– Табиғат байлықтары бәрімізге ортақ. Бірақ әр нәрсенің шегі болады емес пе?! Өзеннен тас алуда ғалымдардың зерттеуіне сүйеніп, тәртібімен алу керек. Ал біз бей-берекет пайдалана берсек кім болғанымыз?! Өзеннің отыз метрге дейін жағасына тиюге болмайды. Ол су көздерін ластамау үшін белгіленген аймақ.
    
Қолдас ӘКІМҚҰЛОВ,
ауыл тұрғыны:

–  Ауылға көшіп келген оралман ағайындардың сатып алған жерінің жартысы жар құлап, Бадам өзенінің арнасына кетіп қалды. Мұны қалай тоқтатуға болады?  Көкбұлақ елдімекенінде зауыт-фабрика жоқ. Бала-шағасын тек мал-жермен асырап отыр. Қазір осы ауылшаруашылық жерлеріне су да шықпай қалды. Ол үшін Бадам өзенінен тоған тұрғызылса. Расында, бір карьер ашып беру керек шығар.
    
Мұрат Садықов, ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды
реттеу басқармасының бас маманы:

– Жер қойнауын пайдалану бойынша келісімдерді тіркеу және рұқсат беру біздің басқармадан өтеді. Келісім-шарты бар тұлғалардан бұрын заңсыз кәсіпкерлер көбейгені рас. Жаңа жылдан бастап, әкімшілік кодексіне қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Енді кез-келген жерді заңсыз қазушыларға қылмыстық іс қозғалады. Соны ескертіңіздер. Осы Кодекс жаңа жылдан кейін күшіне енеді. Бұрын облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы айыппұл салып жібере салатын еді. Заң шеңберінде тас-құм алып жатқан екі-ақ компания бар. Ал заңсыз алып жатқандар  да осы ауылдың тұрғындары.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.