КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІНІҢ САЙЫПҚЫРАНЫ

Среда, 31 Январь 2024 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 306 раз

Стратегиялық маңызы бар мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ондағы тәртіпті қадағалау, табан асты туындайтын түрлі жағдайларға дайын болу жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Нысанды күзету бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, бұл қызметтің жүгі ауыр екенін соңғы жылдары орын алған түрлі оқиғалардан білеміз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз шымкенттік Бахтияр Райымқұлов күзет қызметінде абыройлы еңбек етіп жүрген азамат.

police

 

Бахтияр Райымқұлов мамандандырылған күзет қызметінде аға инспектор болып қызмет атқарады. Күзет сайыпқыраны бүгінде қалалық әкімдік ғимаратының қауіпсіздігі мен ондағы тәртіпті қадағалайды. Жиырма жылға жуық уақыт осы салада уақытпен санаспай еңбектеніп жүрген маманның ісіне жауапкершілігі, төзімділігі, антына адалдығы еленбей қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, бірнеше рет қала әкімінің алғыс хаттарымен, құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар еңбек еткені үшін арнайы медальдармен марапатталған.
–Бала кезімде форма киген әскери қызметкерлерге қызыға қарайтынмын. Осы салада еңбек ету арманым болды. Содан 1997-2001 жылдары Халықаралық экологиялық-гуманитарлық академияны заңгер мамандығы бойынша бітірдім. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы және Түркістан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасында аға инспекторы болып қызмет етемін. Қызметкер ретінде күн сайын қоғаммен тығыз байланыс жасаймыз. Бұл ғимаратқа күнделікті биліктегі азаматтар да, қарапайым халық та келеді. Бірақ, заң – бәріне ортақ. Мемлекеттік мекеменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар болады. Ең қиын болған уақыт – қаңтар оқиғасы болған кез. Мұндай жағдайларда өмірің қыл ұшында тұрса да, Отан алдындағы міндетіңнің бар екенін ұмытпайсың. Біз мұндай оқыс оқиғаларға дайын жүреміз, – дейді Бахтияр Сайдкәрімұлы.
Б. Райымқұлов қызмет барысында түрлі жайттар болатынын, мұндайда алдымен кез-келген жағдайға абдырамай, жауапкершілікті терең сезіну маңызды дегенді тілге тиек етті. Бос уақытында оқу-жаттығуларға қатысып, спортты жанына серік еткен азаматтың басты байлығы – отбасы. Ол бүгінде көп балалы отбасының тірегі.
–Үш қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырған әкемін. Жарым шипажайда жұмыс істейді. Балаларыма адалдықты, еңбекқорлықты үйретіп келемін. Сонда ғана еңбегі табысты, жетістікке толы болатындығына сенемін. Бос уақытымды балаларыммен өткізіп, отбасыма көңіл бөлемін. Хоббиім – дәмді ас әзірлеу. Достармен серуенге шыққанда кәуап пісіргенді ұнатамын. Ел үшін қызмет етіп, алғыс алған адамның жолы әрқашан да ашық болады деп ойлаймын. Сондықтан да мемлекетіме қызмет етуді өзімнің басты борышым деп санаймын, – дейді Б. Райымқұлов.
Мемлекет басшысы жуырда құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесуінде полицейлердің ерлік істерін, жұмысын лайықты бағалап, ең жоғары наградалармен марапаттауымыз қажет. Кәсібилік, жауапкершілік танытқан, ерлік көрсеткен нақты жағдайларды үлгі ету маңызды, – деген болатын. Тынбай еңбектеніп жүрген бүгінгі кейіпкерімізді отбасында үлгілі, Отан алдында нағыз патриот азамат деп мақтанышпен айтуға болады.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.