Ара шаруашылығының дамуына не кедергі?

Понедельник, 05 Февраль 2024 03:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 398 раз

Әлемде аралардың 20 мың түрі, шамамен 81 миллион ара ұясы бар екен. Дегенмен, олардың саны жыл сайын азайып, бұл ара шаруашылығының дамуына кедергісін тигізіп жатқан көрінеді. Шаруалар мұның, ең алдымен, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің пестицидтер мен гербицидтерді пайдалануына байланысты екенін алға тартып отыр. Ал, ғалымдар аралардың азаюы көптеген өсімдіктің жойылып кетуіне әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Өйткені, өсімдіктердің 80 пайызға жуығы бал араларымен, ал 20 пайызы жабайы аралармен тозаңданады екен. Өңірдегі ара шаруашылығының дамуы мен омарташыларды мазалаған өзекті мәселелер жайында Республикалық ара шаруашылығы палатасы Шымкент филиалының директоры Бауыржан МЕЛДЕШОВПЕН әңгімелестік.

ara

 

«Бірыңғай база қажет»

Қазақстанда ара шаруашылығы – маңызды салалардың бірі. Еліміздің бірқатар өңірі осы бал өнімдерін өндірумен айналысады. Ал, Шымкентте 60 шаруа осы саладан нәпақасын тауып отыр. Бауыржан Мелдешов елімізде бал өндірумен негізінен әуесқойлар айналысады, дейді. «Бізде омарташыларды бал өндіруші ретінде, ал балды дайын өнім ретінде қабылдайды. Сондықтан шаруаларға бұл жағдай балды сақтау мен оның биологиялық құрамын зерттеуге кедергі келтіруде. Бүгінде тығырықтан шығар жолды омарташылардың өздері іздеуге мәжбүр» деген мәселені алға тартты.
–Біздің ұйымға 25 ара шаруашылығы мен екі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация қарайды. «Алатау өнімдері ӘКК-не – 19, ал «Би Пром» ӘКК құрамында 17 шаруашылық бар. Бұл нарықта 15 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы тұста айта кететін мәселе, бізге ара өсірушілерді фермерлерден бөлмейтін дамыған елдердің тәжірибесін енгізуіміз керек. Себебі, шет мемлекеттерде ауыл шаруашылығы өндірушілерінің құқығы тең. Онда барлығына техника бірдей субсидияланады, ал қалған жеңілдіктер де бірдей қарастырылады. Бұл шаралар ондағы омарташыларға, тіпті бұл саланы шағын кәсіпке айналдырғандарға да үлкен қолдау. Сонымен қатар, шетелде егіс алқаптарын зиянкестерден залалсыздандыру кезінің өзінде аралардың зардап шекпеуін ерекше қадағалайды. Тағы бір айтатыны, оларда барлық фермерлерге ортақ алқаптарды өңдеу кестелері енгізілген бірыңғай база бар. Әрбір омарташы жай ғана дерекқорға кіріп, қажетті мәліметімен таныса алады. Ал қазір Қазақстанда цифрлық жүйе жақсы дамып жатыр. Мұндай жүйені енгізуге барлық жағдай бар, – дейді омарташы.

araSpik

 

Зертхана Алматыда...

Бір айта кетерлігі, оңтүстік өңір омарташыларының өнімдерін шет елге экспорттауға мүмкіндік аз көрінеді. Бауыржан Мелдешов мұны бал өнімінің құрамын зерттейтін зертхананың жоқтығымен түсіндірді.
– Әзірге жергілікті балды шетелге сата алмаймыз. Халықаралық стандарттарға сәйкес, тәтті өнімді сатпас бұрын оның құрамында пестицидтер мен антибиотиктер бар-жоғын тексеру керек. Шымкентте балдың құрамын талдап, онда антибиотиктердің бар-жоғын анықтайтын арнайы зертхана жоқ. Ал мұндай зертханасыз біздің тауарды экспортқа қабылдамайды. Өнім сапасын анықтайтын стандартта балдың тығыздығы, тұтқырлығы секілді критерийлер негізге алынады. Мұндай зертхана Алматыда бар болғанымен, оның қызметін пайдалану омарташылардың қалтасына салмақ. Яғни бал құрамын талдау құны 200 мың теңгеден асады.
Егер өнімді шет елге апарғанда ол жерде қоспалар немесе нормадан тыс басқа да ауытқулар табылса, онда шаруашылық иесі барлық тауарды өз есебінен қайта зертханадан өткізуге мәжбүр болады. Бұл шаруаға орасан шығын әкеледі, - дейді Бауыржан Мелдешев.
Омарталар бал жинауда бір орында тұрақтамайтыны тағы бар. Бір маусымда бес-алты рет орын ауыстыруға тура келеді. Үнемі көшіп жүретін шаруа соңғы өнімде химиялық заттардың бар-жоғын анықтап үлгермеуі де мүмкін. Осы жағдайды ескерсек, шаһарға бір зертхана қажет-ақ.

Залалсыздандыру зияны...

Егіс алқаптарын зиянкес жәндіктерден қорғау үшін ұдайы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, өнім көлемін арттыру мақсатында тыңайтқыштар қолданылады. Алайда, бұл екі мақсатта қолданылатын химикаттар алқаптағы өсімдіктер мен ағаштарды тозаңдандыратын араларды қоса улайтынын көпшілік ескере бермейді.
–Бір омарта шаруашылығында аралар қырылды. Себебін іздегенде көрші шаруа қожалығы егіс алқабында зиянкестерге қарсы заласыздандыру жұмыстарын жүргізгені анықталды. Кейбір шаруалар омарта маңынан 2-3 шақырым қашықтықта орналасқан жеміс бақтарын дәрілеп жатады. Тіпті, мұның өзі аралар үшін қауіпті, әрі олардың жаппай қырылуына әкеледі.
Рас, өңдеусіз жақсы өнім болмайды. Бірақ аралардың кез-келген дақылдың өнімділігін 30-40 пайызға арттыратыны бұрын дәлелденіп қойған факт, – дейді Бауыржан Мелдешев.
Шаруа қожалықтар егін уақытында пестицидтерді қолданар алдында, шамамен, үш күн бұрын омарташыларға ескертсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда залалсыздандыру жұмысынан хабардар омарташы бал арасын жәшіктерімен жинап, қауіпсіз жерге көшуге мүмкіндік бермек. Омарташылар осы мәселелердің барлығы омарташылар мен шаруалар арасындағы қатынастарды реттейтін заңнамалық құжат негізінде шешілуі тиіс екенін алға тартып отыр.

Экспортқа қалай шығамыз?

Қазіргі таңда елімізде балдың бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Бал өндірушілердің сөзінше, бұған өзге тауарлар секілді сыртқы жағдайлар әсер етуде. Бензин, балауыз құны, қажетті құрылғылар, аралардың дәрі-дәрмегі дегендей. Жалпы, омарташылар бал алу үшін 16-18 сағат аяқтан тік тұрып жұмыс істейді. Өнім алу процесінде ұйқысыз өткізетін түндері тағы бар. Алайда, омарташылар бал алудағы қиындықтар емес, дайын өнімді сату кезінде туындайтын қиындықтар мен кедергілер мазалайды.
–Саладағы бұл мәселені шешудің тетігі ретінде өз кооперативімізді құрдық. Жақын арада омарташылардың барлық балын бір орталыққа қабылдауды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда атап өткенімдей, біздің өз зертханамыздың болғанын қалаймыз. Бірақ ол құрылғы арзан тұрмайды. Егер зертхана Шымкентте ашылса, бұл өңірдің және жақын маңдағы облыстардың барлық омарташыларына жұмыс істеуді жеңілдетеді, ара шаруашылығы өнімдеріне талдау жүргізуге және оны экспорттауға көмектесер еді, – дейді омарташы. Айтпақшы, Шымкентте зертхана ашу мәселесі бойынша көмек алу үшін омарташылар қала билігіне бірнеше рет жүгінген.
Бал дастарханға омарташылардың табан ақы, маңдай терімен жетеді. Омарташылардың өнімді ел нарығына ғана шығармай, экспорттауға деген талпынысы зор. Десек те, ол үшін мемлекеттің демеуі мен тұтынушылардың отандық өнімге қолдауы ауадай қажет.

Байзақ АСЫЛБЕКОВ, А.КЕРІМ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.