Мегаполисті ауыз сумен қамту мәселесі қандай болмақ? Избранное

Среда, 27 Март 2024 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 78 раз

Шымкенттегі Пазиков көшесінде 1 наурызда диаметрі 1000 миллиметрлік су құбыры жарылды. Осы апатқа байланысты қаланың бірнеше шағынаудандары – мыңдаған тұтынушылар сусыз қалды. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бұл жағдайға су құбырының ескіруі және коррозиясы себеп болған деп түсіндірді.

auizSU

 

Сумен қамту саласында проблема жеткілікті. Мысалы, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің балансындағы су жүйесі құбырларының 60 пайызының тозығы жеткен. Бұл 1929 шақырымдық құбырдың жарты бөлігінде кез-келген уақытта апат болуы мүмкін дегенді білдіреді. Тұрғындар үшін аз уақыт сусыз қалу аса үлкен мәселе емес шығар. Алайда, апат болса, коммуналдық және жол инфрақұрылымы бұзылады, аулаларды су басып, тұрғын үйлер бұзылуы мүмкін. 1998 жылдан бері тозығы жеткен желілердің тесіліп, су ағуы салдарынан 23 үй қирап, ондаған жертөлені су басқан. Мұның бәрі, бірінші кезекте, кәсіпорынға түсетін орасан қаржылық шығын.
Кейбір тұтынушылар «Неге жөндеуді уақтылы жүргізбейді, тарифте желілерді жаңартуға қаражат қарастырылған емес пе?» деп сұрайды. Еуропа қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық тәуелсіз сарапшылардың бағасына сүйенсек, сумен қамту және су бұру(кәріз) тарифтері көп жағдайларда операторлардың операциялық шығындарын өтемейді. Біздің қалада орташа тариф – 148,16 теңге, ол операциялық шығындарды, ағымдағы жөндеу және қызмет көрсету шығындарының бір бөлігін ғана жабуға жетеді. Бұл тариф негізгі операциялық шығындар мен инвестициялық қажеттіліктерді жабуға жеткіліксіз. Бұл ауқымды жағдайды аз уақыт ішінде түзету мүмкін емес екенін көрсетеді. Оның үстіне соңғы жылдары Шымкентте сумен қамту және су бұру тарифі жасанды түрде төмендетіліп келді.
2012 жылы, Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысы бойынша, Шымкентті қоса алғанда республиканың 55 қаласында «Ақ бұлақ» бағдарламасы үшін сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне техникалық сараптама жүргізілді. Соның нәтижесі «инвестициялар негіздемесін» әзірлеуге негіз болды. Ол сумен жабдықтау және кәріз қызметіне тарифті есептеу үшін де жасалды. Яғни, тарифке желілерді қайта құруды қаржыландыру және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету көзіне айналатын инвестициялық компонент салынады деп болжанған еді. Өйткені, коммуналдық қызметтің басқа құралы жоқ. Су құбыры және кәріз желілерінің тозуын анықтайтын зерттеулер республикалық бюджеттен қаржыландырылды. Мемлекеттік сараптамадан өткен құжат бойынша, сол кезде Шымкентте 924 км су құбыры және кәріз желісін ауыстыру қажет деп нақтыланды. Ал, іс жүзінде тек 190 шақырым су құбыры және кәріз желісі ауыстырылды. Бұл – желінің 20,6 пайызы ғана қайта жаңартылды деген сөз. «Ақ бұлақ» бағдарламасы науқандық болып шықты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев коммуналдық желілердің тозу деңгейін 15%-ға төмендету қажет деп нақты тапсырма берді. Сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсетуші кәсіпорын бұған инвестициялық бағдарлама көмегімен ғана қол жеткізе алады. Бағдарлама ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде және қала әкімдігінде бекітілуі тиіс. Біздің білуімізше, 2024-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламада «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңартуға 9,2 миллиард теңге қарастырды. Мемлекет басшысы алға қойған міндетті іске асырып, Шымкенттегі су құбыры желілерінің тозуын азайту мемлекеттік органдардың қандай қаражат бекітетініне тікелей байланысты. Біз тұтынушылар, қаламызда су тапшылығы болмай, тәулік бойы сапалы сумен жабдықтауды қаласақ, онда қолданыстағы инфрақұрылымға инвестиция салу керектігін түсінуіміз керек. Әйтпесе, біздің балаларымыз бен немерелеріміз сумен қамтудың жаһандық проблемаларына тап болуы мүмкін!
Айта өтейік, 2024 жылғы 28 ақпанда «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасын бекіту жөніндегі қоғамдық тыңдау өткен. Жиында Шымкент қаласы бойынша тарифтік саясат жөніндегі кеңес жанындағы табиғи монополиялар саласындағы тарифтік реттеу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның мүшелері кәсіпорынның сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта құру жөніндегі ұсыныстарын қолдады.

Бегім ТӨЛЕНТАЕВ,
«Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының» төрағасы, Шымкент қаласы
бойынша тариф саясаты мәселесі жөніндегі кеңестің табиғи монополиялар саласындағы тарифті
реттеу бойынша аймақтық комиссия өкілі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.