«Айсәуле»: сұлулық пен саулықтың кепілі Избранное

Среда, 27 Март 2024 05:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 135 раз

Әйелдер үшін қанша жаста болса да сымбаты мен сұлулығын сақтап қалу – өте өзекті мәселе. Әдемілік үшін олар кез келген құрбандыққа баруға да даяр. Бірі беттегі қатпарларды ботокс жасату арқылы жасыруға тырысса, енді бірі әжімге қарсы крем қолданумен шектеледі. Өкінішке қарай, дүкендерде сатылатын косметикалық өнімдердің бәрі бірдей оң әсер бере қоймайды. Химия ғылымдарының кандидаты Сәуле МҰСАЕВА да осындай проблемамен бетпе-бет келді. Зерттеді, ұзақ ізденді. Нәтижесінде беттегі қыртыс-тыртысты кетіретін сиқырлы маска ойлап тапты. Оның сол ғылыми жаңалығы бүгінде отандық косметика шығаратын өндіріске айналып отыр.

Aisulu-1

 

– Сәуле Әжиханқызы, сіз ойлап тапқан масканың бет терісіне арналған өзге маскалардан айырмашылығы қандай?

– Көптеген әйелге тән косметикаға деген сезімталдық менде де болды. Терім құрғақ болғандықтан, крем жақсам бетім қызарып, бөртіп кететін. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың «Химия» кафедрасында жұмыс істей жүріп өзіміздің оңтүстік өңірде өсетін өсімдіктерді, яғни дәрілік шөптер мен дәнді дақылдарды зерттеп жүрген едім. Ізденіп жүріп, өсімдіктерден өнім жасап көрдім. Себебі, бет терісіне арналған кремдер мен түрлі ылғалдатқыш қоспалардың адам өмір сүретін климатқа қарай бейімделетінін көпшілік біле бермейді. Шетелдік косметика өндіретін мықты компаниялардың өнімдерінің біздің терімізге жақсы әсер бере қоймайтыны содан. Олар косметикаға өз елдерінде өсетін емдік шөптерді қолданады. Біздің Оңтүстікте де емдік шөптер қоры мол. Зерттеп жүрген тақырыбым. Неге қажетке жаратпасқа деп ойладым. «Айсәуле» маскасы осылай пайда болды. Өнімді 2,5 жылдай ғылыми тәжірибеден өткізіп, инновациялық патент алдым. Екі жылдан кейін менің қолымда масканың дайын формуласы болды. Бұл өнімді қолданушылар «табиғи ботокс» деп атап кетті.
Біздің компания 2012 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді. Осынау инновациялық жобам «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік грантты жеңіп алды. Отандық «Айсәуле» косметикасын өндіретін өндірістің технологиялық желісі осылай құрылды.
«Айсәуле» маскасының ерекшелігі – өзімізде өсетін емдік шөптерден, таза табиғи өнімдерден жасалатынында. Тұтынушылардың пікірі жоғары, сол қуантады.

Aisulu-2

 

– Білуімізше, косметикалық өнімдеріңізді тапсырыспен ғана жасайсыздар. Оның себебі неде?

– Алғашқы маскалар тапсырыс бойынша жеке жасалды. Компания қыс айларында 1000-ға жуық маскалар, кремдер мен сусабындар сатады. Жылдың жылы мезгілінде ірі санаторийлердің қонақтары есебінен тапсырыстар екі есе артады. «Манкент» және «Сарыағаш» медициналық мекемелерінен ашқан сауда нүктелері табыс әкелді. Емделуге келген адамдардың гипоаллергенді, табиғи косметикаға қызығушылықтары жоғары болды. Қазір санаторийлер мен монша кешендерінен тапсырыстар түсіп жатыр.
Біздің өнімдер қоспасыз табиғи өнім болғандықтан, тек тоңазытқышта сақтауға тура келеді. Бұл талап сақталмаса, әсері болмайды. Масканың толық дайын болуына 4 күн кетеді. «Айсәуле» маскасы бет терісін емдейді. Әжімдерді тегістейді, ағартады, терідегі дақтарды, безеулерді тазалайды. Бетке бір рет жағылған маскадан, бет терісінде екі күн ем жүреді. Яғни тері астындағы өлі жасушаларды сыртқа шығарып, терең тазалап, емдейді. Беттің терісі біртіндеп жасарып, жылтыр пайда болады. Бұл маска құрғақ бетті майландырып, майлы бетті құрғатып, бір қалыпқа келтіреді. Мұны барлық жастағы әйелдер пайдалана алады.
Қазір біздің өндірістік технологиялар желісінде 20-ға жуық өнім дайындалады. Бет терісіне арналған маска, крем, сусабын мен фитошайлар дайындалады. Сонымен бiрге, сүтке, емдік шөптерге қайнатылған сабындар, шашқа ерекше әр беретiн, қоректендіретін, шаштың түсуін тоқтатып, табиғи рең беріп, өсіретін емдік сусабындар да шығарылуда. Шаштың түсуiне қарсы арнайы маска да бар.

– Оңтүстікте өсетін дәрілік өсімдіктерді көптен бері зерттеп келесіз, белгілі ауруларға арнап шай жиынтықтарын шығарып жатырсыздар. Осы жиынтықтарға кеңірек тоқталсаңыз…

– Бізде қазір ағза тазалайтын және жасартатын, салмақ түсіретін, буын ауруын емдейтін, иммунитет көтеретін фитошайлар мен ішек құрттарын түсіретін емдік ұнтақ шайымызға сұраныс жоғары.
Маман ретінде шөптерге химиялық талдау жасай келе, шөп құрамындағы емдік заттардың бір-бірімен үйлесуіне ерекше мән беремін. Шайды демдегенде кейбір шөптерден бөлінетін пайдалы заттар жиынтық құрамындағы басқа шөптердің пайдасын әлсіретіп, кейде мүлдем жойып жіберуі мүмкін. Керісінше, кейбір шөптер басқа шөптердің бойындағы емдік элементтерін күшейтіп, ерекше бір үйлесімге келеді. Шөптердің ара қатынасы, мөлшері бір-біріне сәйкес келуі өте маңызды. Мен емдік шөп шайлар құрастырғанда, осы жағына ерекше назар аударамын.
Бет – ішкі ағзаның айнасы. Ішкі ағзаның жұмысы дұрыс болса, бетімізде мәселе туындамас еді. Маған осы жылдар ішінде бет терісінде безеу, дақ, аллергиясы бар адамдар келе бастады, оның көбісі жастар. Осыған орай «Ағза тазалайтын және жасартатын шөп шай» ойлап таптым. Қазіргі кезде диетологтар кейбір шөптердің тұнбасы мен қайнатпаларының адам бойындағы артық салмақты тастатуға көмектесетінін мойындап отыр. Аздыратын шөптердің жиынтығының құрамы мен ағзаға тигізер әсері әртүрлі болып келеді, сондықтан бұл жерде сауатты түрде жинақталған шөптердің формуласын таңдау өте маңызды.

– Сіздің өзге ғалымдардан ерекшелігіңіз – өзіңіздің ғылыми жаңалығыңызды өндіріске енгізіп, кәсіпке айналдыра білгеніңізде. Ал, өзге кәсіпкерлерден артықшылығыңыз – өндірісті ғылыммен ұштастырып, жеке бренд қалыптастыра алғаныңызда. Жалпы, ғалым адамға кәсіп бастау қиынға соқпады ма?

– Елімізде бизнес жасауға мүмкіндік мол. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп бастап, отандық косметика өндірісінің негізін қаладық. Кәсіпті бастау бар да, тұтынушының талабына сай сапалы дүние жасап шығару дейтін жауапкершілік бар. Тұтынушыны алдай алмайсың. Өнімің сапасыз ба, қайта жоламайды. Бизнесте ең қиыны - тұтынушының сеніміне селкеу түсіріп алмау. Сондықтан бізге ізденісті тоқтатуға болмайды.
Өнімдерімізде ағзаға зиянды қоспалар жоқ. Бағасы да қымбат емес. Әлеуметтік желілерде парақшамыз, жеке сайтымыз бар. Тұтынушылар сол жерден тапсырыс бере алады.

– Сәуле Әжиханқызы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Кәсібіңіз гүлдене берсін!

Сұхбаттасқан
Өзипа МАҚҰЛБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.