ӨЗГЕНІҢ ҚАҢСЫҒЫН ТАҢСЫҚ ЕТПЕШІ, ҚАРЫНДАС! Избранное

Среда, 27 Март 2024 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 141 раз

«Наурыз» алаңында Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай «Шуақ шашқан әз-Наурыз» салтанатты мерекесі өтті. Іс-шараның мақсаты – халқымыздың дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, жөн-жоралғысы, наным-сенімі мен ұлттық ұстанымын насихаттау.

KarindaS

 

Салтанатты жиында «Тілеу көже», «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Бұрымын өру», «Қыз ұзату» және «Беташар» ғұрыптарынан музыкалық-театрландырылған көріністер қойылды.
Мерекелік кеш соңында алаңға жиналған қауым Тілеу көжеден дәм татып, ғұрып-салттарымыздың шығу тарихы мен мән-мазмұны айшықталған іс-шарадан рухани сусындап қайтты.
Кимешек киген, жас ерекшелігіне қарай көйлек, камзол киген кейуаналар, шолпысы сыңғырлаған қыздар мен жеңіл былғары етік, өрнекті шапан, алшысынан басып тымақ, тақия киген жігіттер, байырқалаған қарттар, үкілі тақиясы бұлғаңдап құлдыраңдап жүргірген бүлдіршіндер...
«Наурыз» алаңы ертегілер әлеміне сүңгіп кеткендей сезіледі. «Қыз Жібек» киносы сырт елге шығарғанда шетелдіктер қазақ өмірі, тұрмысы мен салт-дәстүріне, киім-кешегіне қатты таң қалып разылығын білдірген еді. Өте мықты халық екен деген пікірлері бергінге дейін жарияланып жүрді. Яғни, ұлтымыз қай жағынан да елдің алды болмаса да, соңы емес.
Салтанатты жиында қаладағы әл-Фараби кітапханасының директоры, ғалым, республикалық ақындар айтысында олжа салған қызымыз Анар Жаппарқұловамен бірге отырдық. Анардың үстіндегі қонымды тігілген шапаны ұнады. Талдырмаш денесіне құйып қойғандай. Әдетте, қазақ шапаны қошқар оюы баттастыра жапсырылып, алыстан қарағанның өзінде әлем-жәлем болып көрінер еді. Білместіктен ғой. Әйтпесе, қошқар мүйізді ою киіз, алаша, текеметтерге басылар еді. Бүгінде дизайнерлер осы олқылықтардың бәрін жөнге келтірді. Әсіресе, батыс өлкесінің шапандары, жадағайлары, қос етекті көйлектері әлемдік сән үлгілеріне келеді. Әлемдік мега жұлдызға айналуына қол созымдай жерде тұрған, октогонға шыққанда алшайтып киген тұмағымен сұсты, айбынды әрі қазақтың ұлы екендігін әлгілейтін Шапқат Рахмоновтың өзі неге тұрады?!
Наурыз мерекесінің 18-і күні Ұлттық киім кию күніне арналды. «Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі», «Ең үздік күнделікті киім үлгісі», «Ең үздік жұмыс киім үлгісі» атты ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы өтті.
«Қыз Жібектегі» ұлттық киімдерімізге шетелдіктер тамсанып, аузын ашып, көзін жұмса, бұл жолы ұлттық киімдеріміздің заман үлгісіне сай мықты жетілдірілгенін көріп өзіміз таң қалдық.
Яғни, осы киімдерді өмір салтымызға енгізсек, ұлттық болмысымызбен ерекшеленетіндей екенбіз.
Атырауда, кешегі хан ордасы Сарайшықтың орнында өткен Ұлттық Құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге арнайы тоқталды.
«Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ, Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым.
Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет» деді.
Бүгінде ұлттық құндылықтарымыз сөз бола қалса, бәрін дінге әкеліп, қазақты топас, қойдай жуас көретіндер көбейіп кетті. Қазақтың ұлттық киімдерінің өзін, кимешектің өзін хиджапқа теңеп, елді адастырғысы келеді. Расында, діни уағызшылар насихаттап жүрген, біздің көптеген қыз-келіншектеріміз киіп жүрген хиджап пен никаб ислам дінінің ажырамас атрибуты ма?!
Қазақ егемендік алып, алғаш рет Діни басқарма құрылғанда бас муфтиіміз Рәтбек қажы Нысанбаев еді. Сол заманда шетелде діни оқуды тәмамдаған алғашқы қазақ хазіреттерінің бірі.
Араб салт-дәстүрі мен мәдениетін бес саусақтай білетін Рәтбек қажы хиджап пен никабтың ислам дініне үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығын айтады. Араб елдерінде сан мәрте болғанбыз. Сахара. Далада құм бұрап тұрады. Хиджап – қорғаныс жамылғы. Ал, никабымыздың өз тарихы бар екен. Арабтар Құранды алға тартып көп әйел алады. Алпыстағы шалдың тоғыз жасар бүлдіршіндей қызды ақшамен алатыны да бар. Бәлиғатқа толды деп қояды. Сондайдың бірін әлеуметтік желіден көрдік. Суретте алпыстан асқан денесі жардай мосқал еркек. Қасында шынашақтай ғана қыз. Тоғыз жасар. Алғашқы түні ана алпамсадай айуан әлгі шөбересіндей қызды зорлап, қан тоқтамай қайтыс болыпты. Мұның қай жері мұсылманшылдық?! Мосқал еркектер әлгіндей бүлдіршіндерге, жас тоқалдарына бөтен қуатты еркектердің көзі түспесін, ашына болмасын деп тұла бойына жамылғы жауып, көзіне дейін тор кигізер екен. Яғни, Рәтбек қажы айтқандай, бұл киімдердің ислам дініне түк қатысы жоқ. Ал, Каирда оқыған, діни сауатты, эфирді бермейтін уағызшылардан жоғары хазірет сандырақтайды десеңіздер, оныңызды айтыңыздар?!
Біз ұлттың, мемлекеттің сөзін айтқан Президентіміздің пікірін құптаймыз. Мұсылманбыз, мұсылман болып қала береміз. Бірақ, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді ширк деп, биғдат деп бөтен ұлттың қолтығына апарып тығуына қарсымыз.
Баяғыда орыс миссионерлері қазақ даласына келіп, ұлтымызды әбден зерттеп көріпті. Жақсы сөз айтыпты. Соның бірі «қазақ үйіне келгенде ол саған бар тәтті, дәмдісін алдыңа қояды. Арнайы мал сояды. Бірақ, сен ақысын төлеймін деп қалтаңнан әмияныңды шығарсаң, қазақты қатты ренжітіп аласың. Олар ер мінезді, дастарқаны мол, иманы кәміл кеңпейіл ұлт» деген.
Өз ұлтының жақсысын тәрк етіп, бөтеннің қаңсығын тықпалаушылар, қазақты ренжітіп алмаңыздаршы...