«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕ Избранное

Среда, 03 Июль 2024 04:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 92 раз

Таза Қазақстан: Ол кімге керек?! Токетерін айтайық, Сіз бен Бізге керек. Өзі қылаудай тірлік бітірмесе де, аузымен орақ оратындар көп қой. Солардың біразы «Таза Қазақстан» акциясы аузымызды ұрып бітті. Басқа шаруа қалмағандай даладағы қалдықтарды теріп кеттік» дейді.
Сол қағынды қалдық кімдікі, сіз бен біздің жауапсыздықпен, жаныашымастықпен тастаған өз күл-қоқысымыз ғой. Ол туралы ойланғысы келмейді.
Солар жиналмаса, ауыл, аудан, қала тазаланбаса, қоқысқа толған аймақ боларымыз ешкімді ойландырмағаны ма?!

8 taza

 Үндістан деген мемлекет бар. Халқының саны жағынан миллиардтаған халқы бар деген Қытайдан артық болмаса, аз емес. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдірахман Омбаев ағамыз айтады. «Үндістанға бардық. Аэропорты, ондағы өмір Еуропаның озық елдерінен кем емес екен. Озып кеткен ел екен дедік. Сүйсіндік. Сүйтсек, алдамшы көрініс екен. Аэропорттан ұзап шыққан соң шын индустың өмірі көрінді. Мәңгі қыс болмайтын мекен. Құмыраның илеуіндей қалың үнді тал-дарақтың ортасында өмір сүріп жатыр. Үйі ағаштың көлеңкесі. Жартылай жалаңаш. Антисанитария. Осында үйленеді, осында ұрпағы жыпырлап дүниеге келеді. Қолына не түссе, соны жейді. Басым көпшілігі қайыршылықпен күн көреді.

Ұлы мұхитқа жақын осы үнді мемлекетінің қақ ортасын жарып атақты Ганга өзені өтеді. Жарықтық жылына екі мәрте тасиды екен. Қала көшелерін қуалай ағып, бар қоқысты ұлы мұхитқа сыпырып-сиырып кетеді. Оның мінезі кержалқау индустарға жақсы таныс. Күл-қоқыс, үйіндегі сыпырындысын есік алдына тау қылып үйіп қояды. Шыбын-шіркей ұялап, құрт-құмырсқа быжынап, сасығы әлемді алып жатса да бәрібір, Гангаға сенеді.
Теледидардан Үнді еліне барған туристерді көрсетіп жүр. Атжалмандары дәмхана ішінде аунап-қунап жүрген жерде тамақ дайындалады. Өздерінің еті үйреніп кеткен. Тышқанмен табақтас болып асын іше береді.
Спорттың арқасында төрткүл дүниеге аяғымыз тиді. Бір себептермен Германияның астанасы Берлинде жеті ай тұрдық. Неміс жұрты туралы қилы әңгіме айтыла береді ғой. Алайда, ұлттың ұсынықтылығына, тазалығына, мемлекетшілдігіне бір қисық сөз айта алмайсың.
Көргенімізді айтайық. Қала тротуарлары таң сібірлегенде, ел ұйқыда жатқанда шампунь аралас сумен жуылады. Қылтанақ жоқ. Халқы асқан мәдениетті. Байқамай бір қоқыс түсіріп алсаң, артынан келе жатқан адам саған дауыс көтермей іліп алып қоқыс жәшігіне тастайды. Автобустар минутпен жүреді. Кешігу деген жоқ. Автобуста қарияларға, мүгедектерге арналған арнаулы орындар бар, коляскаға текпішектен тротуарға саты шығады. Барған жеріңде арнаулы қызметкерлер бар. Өздері алып жүреді. Бір кемдік көрмейсің. Тұрғындар мәдениетті. Ұлттық кемсітушілік жоқ. Талантқа құрмет төрде. Сосын ғой біздің дарынды ұрпақтың шет елге асығатындығы.
Екі ел туралы ғана айттық.
Айтарымыз көп еді. Ал, бізге қайсысы жақын?! Еуропаның салт-дәстүрі иінімізге келмесе де, қоқысқа оранған аймақ болғанды қаламайтын шығармыз.
Мемлекет тарапынан «Таза Қазақстан» акциясы басталмаса, біз де Үндістанның кебін кешуіміз әбден мүмкін еді ғой. Шымкенттің өзінде талай парк, сквер, демалыс орындары ашылды. Бір айналсақ күні кеше шамдары самаладай жарқырап тұрған парктің ұсқыны кетеді. Орындықтар сынған. Жарық жоқ. Айнала күл-қоқыс. Жаның қалай ауырмайды?!
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясынан көп дүниені ұқтық. Кәрі Еуропадағыдай санаға жету үшін бізге жан дүниемізді қатты сілкіп алу керек-ақ екен. Құрғақ сөз, құрғақ ақыл, құрғақ идеология әсер етпейді екен.
– Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек.
– Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет
– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын, – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Мемлекет басшысы халық аузында төртінші билік иесі атанған журналистерге де арқа сүйейтіндігін айтқан.
«Мен елімізді түбегейлі жаңғырту үшін заңнамалық өзгерістермен, кадрлық шешімдермен, саяси және экономикалық реформалармен ғана шектелу аздық ететінін ұдайы айтып келемін. Біз прогрессивті ұлт ретінде қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін жаңарту үшін көп тер төгуіміз керек. Бүгінде отандық журналистика мықты қоғамдық институтқа, нағыз төртінші билікке айналды. Бұл саланың осынау маңызды іске қосар үлесі зор. Журналистердің алдында тұрған міндеттердің ауқымы – өте кең. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясын қолдаған шын мәніндегі халықтық қозғалыс өріс алды. Бұл кездейсоқ емес. Өкінішке қарай, табиғат аясындағы демалыс орындарында және елді мекендердің айналасында үйіліп жатқан қоқысты күн сайын көреміз. Бұл – жауапсыз адамдардың ісі. Қоғамдық орындарда қарапайым тазалық ережелері сақталмайды. Бұдан адамның тәрбиесіздігі ғана көрінбейді, сондай-ақ ол бүкіл еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан да мен әрдайым осы мәселеге назар аударамын, – деді Президент.
«Таза Қазақстан» бір реттік мәселе емес, жалпы ұлттық мәселе. Осылай ұғынуымыз керек.
Акция Шымкентте де жақсы жүріп жатыр. Қала аздаған уақыттарда мыңдаған тонна қоқыстардан тазартылды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тартуда нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы шаралардың тұрғындар жауапкершілігін арттырып, қала тазалығын жақсартуда маңызы зор.
Жақында Шымкент қаласының әкімі кезекті рет қаланы аралап, халық игілігіне берілетін бірқатар демалыс нысандарының дайындығын тексерді. Олардың қатарында Қырғы базардағы «Көл» және Ордабасы алаңындағы субұрқақтар бар. Екі нысанды қайта құру жұмыстары аяқталып, сенбі күні ашылуы болып, қала тұрғындары мен қонақтары шоғырланатын жаңа орынға айналды.
Мегаполис әкімі қаладағы барлық саябақтардың санитарлық жағдайын тексеріп, көшелерінің суару жүйелерінің, арық-атыздардың жағдайын көру үшін жаяу аралап шығады. Сөйтеді де аудан әкімдері мен салалық басқармалардың басшыларына ескертулерін айтып, міндет жүктейді. Осының нәтижесінде бүгінде Шымкент Қазақстандағы айтулы қалалардың бірі болып келеді.

P.S.

 

Жақында журналистердің үлкен мерекесі өтті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қалам ұстаған қауымның бел ортасында жүрді. Сөйлесіп келе жатырмыз. Алдымызда қағаз жатыр екен. Көзіміз әбден үйренген ғой, селт етпедік. Ал, Сәрсен Абайұлы сөйлесіп келе жатып, іліп алып қоқысқа тастады. Ыңғайсыз күй кештік. Екі жас журналист алдымыздан жүгіріп өтті. Күліп бара жатып, қолындағы қағазын арық ішіне тастап кетті. «Әй, әй, қыздар» деген ескертуге пысқырған жоқ. Ілгері кетті. Сәрсен Абайұлы тағы да іліп алып, қоқыс жәшігіне тастады. Қызарақтап қалдық.
«Шымкент Қазақстансыз өмір сүре алады, ал, Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды» деген еді дана қазақ Мұхтар Мағауин. Шымкенттіктер, «Таза Қазақстанда» өзгелерге үлгі болып, жақсылықпен үлес қосайықшы. Шымкенттік болу – ұлттың айнасы болу. Мемлекетіміз қай жағынан да мықты болсын!

Последнее изменение Среда, 03 Июль 2024 04:37