ERNUR КОРПОРАЦИЯСЫНА – 30 ЖЫЛ Избранное

Пятница, 23 Август 2024 05:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 237 раз

Баспасөздің ел өміріндегі алатын орны жайлы сөз болғанда Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзін тағы бір еске алуға тура келеді. Ақпарат айдыны дәстүрлі медиа және жаңа медиа деп екіге бөлінді. Еркін ойдың алаңы саналатын әлеуметтік желі дәстүрлі БАҚ-тың бәсекелесіне айналды. Десек те, мерзімді басылымның орны орасан екенін мойындау керек. Шынайы ақпарат. Журналистік зерттеу. Салмақты сараптама. Қазіргі сәт сайын жаңаратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдықтар – осы. Ал, сол басылымның айқын әрі сапалы шығуына жауап беретін мамандар бар. Олардың еңбегін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бүгін біз баспа ісінде 30 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан ERNUR корпорациясының өткені мен бүгініне тоқталатын боламыз.

ernur

 

Бағындырған белестер

ERNUR корпорациясы ағайынды екі жігіттің бастамасымен 1994 жылдан бастап құрылған. Олар бастапқыда дүңгіршектер мен дүкендерде газет-журналдарды таратумен айналысқан. Кейіннен 1997 жылы газет редакциясын құрған. Тек газет шығарып қана қоймай, баспа және кеңсе тауарларына қажетті заттарды сататын сауда дүкенін ашады. Уақыт өте келе заманауи стильдегі дүңгіршектер саны арта түскен. Ал, 2003 жылдан бастап шетелден полиграфиялық жабдықты сатып алып, компания осы бағытта жетекші орындардың біріне айналды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында, еліміздің өзге де ірі қалаларында, Өзбекстан мен Қырғызстанда тұрақты серіктестермен бірлесе жұмыс жасаған. Сол жылы қызметтің жаңа түрі – мерзімді басылымдарға жазылу жолға қойылып, 16 аудандық, қалалық бөлімшелер ашқан. 13 жылдың iшiнде iсiн iрiлеткен мекеме «ERNUR» Корпорациясы дәрежесiне көтерiлiп, бұл саланың ауқымын одан әрі кеңейте түстi.
2007 жылдан бастап компанияның құрылтайшысы сала бойынша үш еншілес ұйым ашқан. Олар, «ERNUR-print» ЖШС, «ERNUR-press» ЖШС, ERNUR- ЖШС медиасы». Осылайша, Қазақстанда алғаш рет мерзімді басылымдарды шығару мен таратуда кластер қалыптасты. Корпорацияға әуелі програмист қызметіне келіп, бүгінде директор лауазымын атқаратын Сапарғали Ибрагимов, бизнестегі батыл шешімдер туралы айтып берді.
– 2011 жылдың наурыз айында «ERNUR» корпорациясы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 100 млн теңге көлемінде несие алды. Алынған несиеге Корпорация өз бюджетінен тағы 50 миллион теңге қосса, жалпы сомасы 150 миллион теңгеге неміс технологиясы бойынша Үндістанда жасалған соңғы үлгідегі «City Line Express» баспа жабдығы сатып алынды. Бұл түрлі-түсті газеттерді жоғары сапалы басып шығару қызметін көрсетуге мүмкіндік берді. Қазақстанның оңтүстік өңірінде алғаш рет жоғары технологиялық инновациялық жабдықтары бар баспа машинасы орнатылды. Бұл тұтынушыларға жоғары деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндік берді. Заманауи механизм сағатына 35 000 дана жылдамдықпен жұмыс істейді,-дейді Сапарғали Ибрагимов.
Жергiлiктi, республикалық және ресейлiк басылымдарға баспасөзге жазылдыруды ұйымдастырып, олардың жазылушыға уақытылы жеткiзiлуiн қамтамасыз ету корпорацияның– «ERNUR-press» ЖШС-нiң мiндетiнде. Бүгiнде бұл салада облыс бойынша, қалалар мен аудандарда 16 бөлiмшесi жұмыс iстейдi. Баспа iсiнен бөлек жарнама қызметi де жақсы жолға қойылған.
Ал, газет-журнал өнiмдерiн жеке көтерме бөлшектеп сату дүкендер және дүңгiршектер желiсi арқылы таратумен «ERNUR-media» ЖШС-i айналысады. Республикамыздың барлық облыс орталықтарында серiктестерi бар. Осы серiктестiк арқылы қазiргi күнi 1000-нан астам мерзiмдi басылымдар таралады.

ernur-1


«ERNUR-print» ЖШС-нiң жаңа кезеңге сай сапалы, толық түрлi-түстi басылымдар басып шығару және жедел баспаханалық қызмет көрсету ісін жолға қойған. Тапсырыс берушілердің сұранысы бойынша жоғары сапалы қызмет көрсету үшiн Үндiстаннан немiс технологиясымен шығарылған «CITYLINE EXPRESS» атты соңғы үлгiдегi баспахана қондырғысы сатып алыныпты. Мұндағы басты мақсат — полиграфия өндiрiсiне жаңа инновациялық технологияларын енгiзу едi. Оңтүстiк өңiрiне алғаш рет қызмет көрсетiп отырған «CITYLINE EXPRESS» Қазақстан мен Орта Азиядағы ең озық үлгiдегi баспахана қондырғыларының бiрi болып табылады. Қондырғы сағатына 35 000 данаға дейiнгi жылдамдықпен А-2 және А-3 форматтағы 40 беттiк газеттi, оның iшiнде 16 бетiн толықтай түрлi-түстi етiп шығаратын жоғары мүмкiндiкке ие.

Бүгінгі күн – тарих...

«ERNUR» корпорациясы жылдан-жылға техникалық жабдықтарын жаңартып, саласын дамытып, сол арқылы 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. Біліктілігі жоғары баспахана қызметкерлері республикалық, облыстық, аудандық газет редакцияларына қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда баспаханада ай сайынғы жалпы таралымы 3 миллион данадан асатын 80-нен астам газет шығады. Тек Шымкентте ғана емес, Астана қаласынан да филиалы ашылған корпорация мемлекеттік бюджетке жыл сайын салықтың барлық түрлері бойынша 40 миллион теңгеден астам қаржы аударады екен.
Баспа қызметi республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегi айына 3 миллионнан астам данамен шығатын 80 газеттi уақытында басып шығарып, тапсырыс берушiлердiң талабын орындауда. Атап айтқанда, республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Время» газеттерi, облыстық «Оңтүстiк Қазақстан», «Южный Казахстан», «Жанубий Қозоғистон» газеттерi және Тараз, Қызылорда қалаларында шығатын тағы басқа басылымдар да осы баспаханада басылады.
Осылай үш құрылыммен жаһандану заманында ұтымды жүйенi қолға алған Корпорация бүгiнгi таңда шаруашылық қаржысы жеткiлiктi, заманауи үлгiдегi техникалармен жабдықталған, бiлiмдi де тәжiрибелi кадрлармен жасақталған. Уақыт озған сайын күрделенген заман талабына сай икемделiп жұмысын жүргiзiп келе жатқан аталмыш мекеме алдағы уақытта елiмiздiң барлық аймақтарында осындай кластерлiк компанияларды ашуды жоспарлап отыр.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.