ВАКЦИНАЛАУ – ҚАТЕРЛІ ІСІКТЕН САҚТАНУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ Избранное

Пятница, 23 Август 2024 06:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 233 раз

Жыл сайын 40 мыңға жуық қазақстандықта қатерлі ісік диагнозы расталады, 13 мың пациент қайтыс болады. Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ, қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Оларды емдеуге мемлекет тарапынан да жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінеді.

baksiNa

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталатын сайлау алды бағдарламасында онкологиялық ауруды диагностикалау, қатерлі ісікті емдеу және оңалту үшін жоғары нәтижелерге қол жеткізген елдердегідей жағдай жасау қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітіліп, жүзеге асырылды.

Одан кейін 2023 жылы қазан айында Үкімет онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітті. Бұл кешенді жоспар аясында скринингтік тексеру жұмыстары жандандырылды. Бұған дейін Қазақстанда қатерлі ісіктің 3 түрі, атап айтқанда, сүт безінің, жатыр мойнының және тік ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігі бойынша скринингтік тексеру жүргізіліп келген болатын. Ендігі жерде жаңадан бекітілген кешенді жоспардың аясында скринингтің жаңа түрлері енгізіліп отыр. Атап айтқанда, тік ішектің қатерлі ісігін анықтау үшін эндоскопиялық әдістен бөлек, виртуалды колоноскопия әдісі арқылы да тексеру жүргізіледі. Ол тиімділігі жоғары әдіс болып саналады. Бұл – бір. Екіншіден, өкпенің қатерлі ісігі ауруын ісікалды кезеңде немесе аурудың ерте сатысында анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы скринингтік тексеру жүргізу жоспарланып отыр. Оған қоса Қазақстанда белгілі бір жастағы әйел азаматтар адамдағы папиллома вирусына тегін тест тапсыру мүмкіндігіне ие. Бұл да онкологиялық ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін әдіс екен. Сондай-ақ, 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың аясында 11 жастан бастап қыз балаларға адамдағы папиллома вирусына қарсы ерікті түрде екпе салу басталмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында Шымкент қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары
Айгүл Мелесқызы айтты.
– Адамдағы папиллома вирусы – әлемдегі ең көп таралған вирустардың бірі. Оның алуан түрі бар. Қазірге дейін зерттелген штамдарының өзі 200-ден асады. Ең қауіпті түрі – 16 және 18-типтегі вирус. Мұндай онкогенді вирустар жатыр мойны мен вульвада, ер адамның жыныс мүшесі мен шырышты қабаты бар басқа да органдарында қатерлі ісік туғызады. Адам папиллома вирусының тағы 10 түрі қауіпсіз ісік шақырады. Вирус көбіне жыныстық жолмен тарайды. Биыл қыркүйек айында елімізде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынады. Папиллома вирусының ең онкогенді түрлерінен қорғайтын АҚШ-тың 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Адам папиллома вирусына қарсы вакциналау онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады. Жалпы халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға, онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді, - дейді Айгүл Мелесқызы.
Мамандардың айтуынша, ауру белгілері бастапқы уақытта байқалмайды. Яғни, адам өзіне вирус жұққанын білмейді. Ол тек зертханалық сараптама көмегімен анықталады. Әзірге вирусқа қарсы препарат та ойлап табылмаған. Өйткені, вирус жасушаға енеді. Оның көзін жою үшін жасушаны да қоса өлтіруге тура келеді. Дәрігердің сөзіне сүйенсек, адамдағы папиллома вирусын емдеу мүмкін емес. Тек ағзаның иммун жүйесі антидене түзеді де 1,5-2 жылда ағза вирусты жеңіп шығады. Бірақ, адамдағы папиллома вирусының кей штамдарына иммун жүйесінің де шамасы жетпейтін көрінеді. Вирус ісікке айналғанға дейін ұзақ жылдар бойы жасушада өмір сүре беруі мүмкін. Ұзақтығы иммун жүйесінің жұмыс істеу дәрежесіне байланысты.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, адамдағы папиллома вирусынан сақтанудың жалғыз жолы – вакцина қабылдау. Екпе алу арқылы адам тек вирустан ғана емес, онкологиялық аурулардың жоғарыда аталған түрлерінен де сақтана алады екен. Қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыздарға бұл вакцина салынады. Неге 11 жастағы қыздарға деген сұраққа мамандар жауап берді.
– Бұл вакцина қыздардың жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жаппай егу мақсатында таңдалды. Ең дұрысы, әйел жыныстық белсенділікке кіріспес бұрын вакцинаны алуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаны 26 жасқа дейін алуды ұсынып отыр. Адам папиллома вирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алады. Мәселен, көршілес Өзбекстан мемлекетінде бұл вакцинаны салу осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Сондай-ақ, тек 11 жастағы қыздарға емес, 13 жасқа дейінгі аралықтағы қыздар мен ұлдарға қатар салынатын көрінеді. Алдағы уақытта осы жүйе біздің елге де енгізіледі, - дейді Айгүл Мелесқызы.
Бүгінде елімізде онкологиялық дерт арасында ең көп таралғаны сүт безі қатерлі ісігі, одан кейін жатыр мойнының қатерлі ісігі болып отыр. Соңғы бес жылдың ішінде Қазақстанда 3 мыңға жуық әйел жатыр мойны обырынан көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған статистикаға сүйенсек, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып барады. Кейінгі бес жылда 148 әйел вульва мен қынап рагынан да қайтыс болған. Мамандар қатерлі ісік ауруларының бұл түрлері көп жағдайда адамдағы папиллома вирусының кесірінен пайда болатынын алға тартады.
Ал, қалалық онкологиялық орталықтың емдеу ісі бойынша директордың орынбасары Самат Исмаиловтың айтуынша, Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы жатыр мойны рагы түрлі қатерлі дерттермен салыстырғанда бесінші орынды тұр. Жалпы онкологиялық аурулардың 6,5 пайызын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш еселенген.
– Былтыр 98 адам дәл осы жатыр мойнының обыры дертіне шалдықса, 2024 жылдың 7 айлық есебі бойынша «Д» есепте 765 науқас тіркелген. Өмірінде алғаш рет осы дертке шалдыққан 51 науқас есепке алынған. 0-I сатысында 15 науқас, бұл 29,4 пайыз. II сатысында 34 науқас, бұл 66,7 пайыз. III сатысында 2 науқас, бұл 3,9 пайызы. IV- сатысында – 0 жоқ. 2024 жылдың 7 айындағы жатыр мойны рагімен 38 111 әйел кісілер скринингтік тексеруден өту керек болса, 7 айда 29 577 әйел кісі өткен. Бұл 77,6 пайызды құрады. Жалпы анықталған ісік алды патологиялар 755 жағдайда (2,6 пайызында), оның ASC-H- 97, HSIL -180, AGC – 8, HSIL (CIS) – 20, 20 рак табылған,-дейді Самат Исмаилов.
Мамандар қатерлі ісік ауруларының бұл түрлері көп жағдайда адамдағы папиллома вирусының кесірінен пайда болатынын алға тартады.
Қазақстанда адамдағы папиллома вирусына қарсы вакцина салу осыдан шамамен 10 жыл бұрын қолға алынған екен. Нақтырақ айтқанда, 2013-2015 жылдары Алматы, Астана қалалары мен Павлодар, Атырау облыстарында 17 мың қыз балаға адамдағы папиллома вирусына қарсы екпе салынған. Көп ұзамай ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жағымсыз пікір көбейіп, Үкімет пилоттық жобаны тоқтатуға мәжбүр болған. Бұған Павлодар облысында екі қыздың екпе салдырғаннан кейін есінен танып құлауы себеп болған көрінеді. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан арнайы комиссия құрылып, бұл оқиғаға қатысты зерттеу жүргізген. Нәтижесінде қыздардың талып қалуы вакцинадан емес, олардың қорқып, стреске түсуінен болғаны анықталған. Бірақ, вакцинациялау процесі бәрібір қайта қолға алынбаған. Дегенмен «вакцина қабылдағаннан кейінгі бас айналу, құсу, температураның көтерілу қалыпты жағдай» дейді мамандар.
Бір қызығы, вакцина қабылдаған 17 мың қыз баланың бірде-біреуінде осы күнге дейін жатыр мойнының обыры анықталмаған. Осының өзі екпенің тиімділігін көрсететін сияқты. Бір айта кетерлігі, бұл екпе ерікті түрде салынады. Бірақ, дәрігерлер «өз перзентінің болашағын, денсаулығын ойлаған әрбір ата-ана бұл екпені салдырғаны дұрыс» деп ескертіп отыр. Өйткені, екпе толықтай клиникалық зерттеуден өткен, одан ешқандай қауіп-қатер жоқ. Есесіне, адамдағы папиллома вирусына қарсы екпені қабылдаған әйел адам өмір бойына жатыр мойнының қатерлі ісігі ауруына шалдықпайды екен.
Дәрігерлердің алаңдайтынындай бар. Себебі, біздің елімізде мәселенің байыбына бармай жатып кез келген екпеге қарсы шығып, дау туғызатын антиваксерлер бар. Ата-аналар олардың сөзіне еріп кетпеуі керек. Себебі, шет елдерде адамдағы папиллома вирусына қарсы екпені қабылдаған 100 мың әйелді тексерген кезде олардың бірде-біреуінен жатыр мойнының қатерлі ісігі анықталмаған. Біле білсек, бұл екпе шет елдерден сатып алынады және ол өте қымбат тұрады. Соған қарамастан мемлекет халықтың денсаулығына қамқорлық жасау және онкологиялық аурудың кең тараған түрінің алдын алу үшін осындай қадамға барып отыр.
Егер қаламыздың тұрғындары қыздарына папиллома вирусына қарсы вакцина салдыратын болса, аурудан аман болу мүмкіндігі бойынша да оң өзгерістерге қол жеткізетініміз анық. Бәрі де адамның амандығы, халықтың денсаулығы үшін ғой...

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.