«БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ» ҚАНДАЙ ЖОБА? Избранное

Пятница, 23 Август 2024 06:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 238 раз

Өткен ғасырдың 70-жылдары Жапонияда керемет бір жоба басталған екен. Ол бойынша бір ауыл немесе сол ауылда тұратын бір кәсіпкер бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, нарыққа шығаратын болған. Мұндағы мақсат біріншіден елдің кіріс көзін арттыру болса, екіншіден халықты кәсіпкерлікке үйрету еді. Міне, сол жоба өзінің өміршеңдігін танытып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Жуырда Шымқалада сол жапондық бастаманың негізінде «Бір ауыл – бір өнім» атты іс-шара ұйымдастырылды. Соның аясында жобаға қатысушы кәсіпкерлер өз өнімдерін әкеліп, арнайы өткен жәрмеңкеде жұртшылыққа таныстырды. Айтқандай, іс-шараның өтуіне мұрындық болған аймақтық кәсіпкерлер палатасы. Нақтылай түссек, жалпы жәрмеңкеге 40-қа жуық кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Oner

 

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры
Сабира Адамбекованың мәлімдеуінше, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы тек шаһардың өзінде емес, күллі республика бойынша жүзеге асырылып келеді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті шикізаттан өнім өндіруді, сол аймақтың өзінде кәсіпкерлік саласын дамытуды көздейді. Оның тұжырымдамасы мынадай: аз да болса саз болсын, сондықтан бәсекеге қабілетті сапалы бір ғана өнім өндірілуі шарт.
«Бұл жоба ХХ ғасырдың 70-жылдары Жапонияда басталған. Сол кезеңде күншығыс елінің елді мекен тұрғындары немесе белді бір кәсіпкері бәсекеге қабілетті бір өнім жасап, соны ішкі нарыққа шығаратын. Сол арқылы табысқа кенеліп, әрі бизнес саласының қыр-сырына қанығатын. Жапондықтардың еңбекқорлығына бұл жоба тағы да қосымша үстеме қосып берді. Сонымен бірге олардың өрлеу сатысының ең бір сәтті кезеңдерінде осы жобаның қатарласа жүруінде де бір мән жатыр. Яғни, халқының әлеуетінің күшеюіне «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы қатты әсер еткен деп ойлаймыз. Аталған жоба жәй ғана қағазға белгі ұру үшін өткізілетін іс-шара емес. Оның артында үлкен келешек жатыр. Бір ауыл бір өнім шығаруды үйренсе, ертең ол соның табыс көзі, пайда түсіретін бизнесі болады. Әрі өңір-аймақтардың қуаты артса, тұтас Қазақстанның ұлттық экономикасы күшейеді. Қазіргі таңда бұл жоба әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылу үстінде. Ал, біздің елімізде жобаға 2022 жылдан бері Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жоба аясында іс-шараны ұйымдастыру, жәрмеңкелердің өтуіне мұрындық болу міндеті жүктелген.
Ең бастысы «Бір ауыл – бір өнім» бастамасына жергілікті әкімдік пен іскер әйелдер кеңесі де тиісті дәрежеде қолдау көрсетіп отыр. Жалпы, айта кету керек, жобаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің барлық өкілдері мен іскерлік қабілеті бар кез келген тұрғын қатыса алады»-деді С.Адамбекова.
Кәсіпкерлікті дамытуда Шымкент қаласы әкімдігінің де алатын орны ерекше. Жергілікті атқарушы биліктің өндіріс, бизнес саласына жауапты тиісті басқармалары өңірлік кәсіпкерлер палатасымен осы күнде өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізеді. Бизнес жүргізу ісінде орын алған кемшіліктерді анықтау мен олардың салдарын жою, түрлі кедергілер мен қиндықтардың алдын алу мен кәсіпкерлікке нұқсан келтіретін жағдаяттарды болдырмау мақсатында іске асырылатын профилактикалық іс-шаралар жергілікті әкімдіктің мамандарымен бірлесіп атқарылады. Мәселен палатада өтетін өңірлік кеңестердің отырысына міндетті түрде қалалық әкімдіктің тиісті сала өкілдері маман ретінде шақырылады. Өйткені, кәсіпкерліктің дамуына бірінші кезекте жергілікті атқарушы билік көбірек мүдделі. Олай дейтініміз, Президенттің Жолдауда айтылған өнеркәсіп, бизнес саласын өркендетуге қатысты тапсырмаларын орындау ең алдымен Үкімет пен осы өңірлік атқарушы биліктің мойнындағы парыз болып саналады. Сондықтан бүгінгі таңда Шымкент қаласының әкімдігі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына барынша көңіл бөліп отыр. Әсіресе инвесторлар тарту мен жергілікті кәсіпкерлерге осындай «Бір ауыл – бір өнім» секілді жобалар арқылы қолдау көрсетуде ешнәрседен аянып қалып жатқан жоқ. Ал, көпшілік аталған жобаның жергілікті кәсіпкерлікті өрге сүрейтініне сеніммен қарай бастады.
Осы орайда «Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесіне қатысушылардың өнімдеріне бірқатар талаптар қойылды. Атап айтқанда: өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалуы тиіс. Өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек. Мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігі ескерілуі қажет. Ең соңғысы жергілікті шикізатпен бірге материал жасауға керек болатын қосымша заттарды қолданса болады. Мәселен, ауылда сойылған мал терісі – былғарыдан сөмке, аяқ киім, әмиян жасаса, бұл бұйымдардың ажырамас бөлігі болып саналған ілгек, сырма секілді материалдарды немесе басқа да әшекей заттарды қолдануға мүмкіндік бар.
Айтпақшы, мегаполисте қандай төрт түлік мал демеңіздер. Шымкент заманауи мегаполис болғанымен іргесіндегі ауылдарда халық әлі де егін салып, мал асырайды. Кезінде Түркістан облысының аудандарынан қосылған жерлер бүгінде Шымқаланың ауыл шаруашылығы саласы үшін жайылым мен егіс даласының негізгі қоры боп есептеледі. Ендігі жерде осы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалу ісі алға шығып отыр. Яғни, төрт түлік малдың жүні мен терісін қоқысқа тастамай кәдеге жаратып, пайдалы бір қолөнер бұйымдарын жасаса, сөйтіп оны саудаға шығарып, сатылуын жолға қойса, ауыл тұрғындары үшін одан асқан табыс көзі болмаса керек-ті. Сол секілді егін шаруашылығында да шағын ғана көкөніс-жеміс-жидектер өңдейтін цех болса соның өзінен бюджеттік табысты көбейтуге мүмкіндік мол. Әрине, ауызбен айту оңай. Мұның да біз білмеген өз қиындықтары бар шығар. Дегенмен, жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер палатасы сол қиындық шеңберін үзіп, ауылда кәсіпкерліктің жандануына тыңнан түрен салмақшы.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына іскер азаматтар яғни «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылар қандай көмек жағынан иек арта алады? Палата бұл тұрғыдан бизнес өкілдеріне көрме, жәрмеңкелерге қатысуға, өнімдердің тауар белгісі мен логотиптерін жасауға, маркетинг негіздерін оқытуға, бизнесті дамытуға, бухгалтерлік есепті жүргізуге, қалай оңтайландыру керектігіне, ішкі және сыртқы нарыққа өнімдерін сатуға, грант, лизинг, жеңілдетілген несие секілді мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауларға қол жеткізуге, басқа да түрлі түсіндіру жұмыстары мен кеңес беру көмектері бойынша жәрдемдеседі.
Сонымен, жәрмеңкеде арнайы комиссия мүшелері қатысушылардың өнімдерін жан-жақты бағалады. Ал, оның қорытындысы алдағы уақытта белгілі болып, соның нәтижесіне қарай үздіктер іріктеліп алынады. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар алқасы барлық қатысушыға жобаға қатысып, соның аясында өз өнімдерін жұртшылыққа әкеп таныстырып, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хаттармен марапаттады.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.