ШЫМКЕНТТІК МАМАНДАР ТІС ПРОТЕЗІН ЖАСАЙТЫН АППАРАТ ЖАСАП ШЫҚТЫ Избранное

Пятница, 06 Сентябрь 2024 05:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 255 раз

Стоматологиялық көмек – денсаулық сақтау саласындағы ең қымбат тұратын қызметтің бірі.  Соңғы жылдары стоматолог мамандарына жүгінетіндердің саны көбейген. Оған себеп әртүрлі.Кейде жарамсыз тісті жұлып, орнына жасанды тістер қою үшін жүгінеді. Бұл процестердің оңай емес екені анық. Стоматологтың алдына келген жасанды тістерді көргенде, оның қайдан және қалай келгеніне мән бермейміз. Бірақ, бұл істің де өз мамандары бар. Оларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Әр емделушінің тіс көлемінің дәл келіп, сапасының жақсы болуын осы сала қызметкерлері қамтамасыз етеді.

stamatolog

 

Шымкент қаласында көпшілік тани бермейтін, бірақ бірнеше стоматологиялық клиникалармен тығыз жұмыс жасайтын Мұратасыл Сейтов пен оның ұлы Русланды бұл салаға жанашыр азаматтардың бірі десек қателеспейміз. Редакцияға арнайы келіп, жаңалығымен бөліскен Мұратасыл Сейтов ортопедиялық стоматологиядағы алғашқы құрылғыны ойлап тапқанын айтты.
Бұл өнертапқыштар Шымкент қаласында дантист және гигиенист мамандықтары бойынша жұмыс жасайды. Олар тіс протездерін және зергерлік бұйымдарды дайындауда қолданылатын әрлеуге және өңдеуге арналған «Электрошпательдік бормашина атты» аппаратты жасап шығарып, 2017 жылы ҚР Әділет Министрлігіне қатысты Ұлттық зияткерлік меншік институтынан осы аппараттың авторы есебінде патент алған. Сондай-ақ, 2023 жылы «Стоматологиялық термопресс» деп аталатын аппаратты патенттеу орталығына өткізген. 2024 жылы 29 тамызда Ұлттық зияткерлік меншік институтының мақұлдауымен бұл аппаратқа да №9320 нөмірлі авторлық патент беріліпті. Неге дейсіз бе? Бұл аппараттың көмегімен заманауи технологияға сай нейлондық және био тіс протездері дайындалады. Ал, дайындалған протездердің ерекшелігі олар серпімді болғандықтан сынбайды, ауыз қуысында аз орын алады және эстетикалық жағынан талапқа сай келеді.
– Қазақстанда медицинаның стоматология саласы өте кеш дамыған ғылым. 1959 жылы ғана елімізде Алматы мемлекеттік медицина институтында алғаш рет стоматология факультеті ашылды. 1978 жылы Қарағанды, 1991 жылы Семей мемлекеттік медицина институттарында стоматология факультеттері жұмыс жасады. Стоматология саласы бірнеше бөлімдерден тұрады. Соның бірі – ортопедиялық cтоматология. Бұл бөлім тіс протездерін дайындау әдістерімен айналысады. Біздің елімізде стоматологиялық құрал жабдықтар мен техникаларды шығаратын өнеркәсіп жоқ. Тіпті, жалпы медициналық техникалар шығаратын ірі кәсіпорындар санаулы. Елімізде тек Ақтөбе қаласында ғана рентген аппараттарын шығаратын өндіріс бар. Жалпы, стоматологиялық аппараттар алыс-жақын шетелдерден әкелінеді. Сондықтан олардың бағасы да және халыққа ортопедиялық көмек құны да қымбат, - дейді Мұратасыл Сейтов.
Алдағы уақытта өнертапқыш азаматтар Шымкент қаласында осындай аппараттарды, сонымен бірге тіс техникалық кішігірім бұйымдарды өндіретін цех ашуға талаптанып отыр. Әрине, бұл жоспарлар іске асырылып елімізде отандық стоматологиялық өнімдер өндірілсе халқымызға пайдасы болар еді. Себебі бұл аппараттың құны шетелдік аппараттарға қарағанда 3-4 есе арзан. Арнайы сервисті қажет етпейді, электрондық бөлшектері қол жетімді, қызметі шетелдік аппараттардан қалыспайды.
Ғылым мен техниканы дамытуға атсалысып жүрген өнертапқыштар бұнымен шектелмейміз дейді. Жан-жақты қолдау болса замануи техникаларды қолдан құрастыру, ойлап табу уақыт күттірмейтін іс екенін айтады. Себебі әлі қолданысқа енгізілмеген бірнеше жобалардың сызбасы дайын екен.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.