Дiндi мансұқтап, дiн атынан сөйлеу – жадылық

Пятница, 24 Апрель 2015 06:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7469 раз

Діни мәселелер қандай заманда болмасын қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды күрделі мәселелердің бірі болып келген. Кеңестік идеология қирағаннан кейін діннің қоғамдағы орны және атқаратын қызметі түбірлі өзгерістерге ұшырады. Қазіргі кезеңде дін қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамына айналды. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасауда.


766473 1410929027Қазақтың дүниетанымындағы дін мәселесі халқымыздың рухани мұра жүйесінде оның ертедегі дүниетанымдық ойлау элементтерінен бастап, қазіргі заманғы толысқан дүниетанымдық теориясын түгелдей қамтитын ұзақ та жемісті жолдардан өтіп, әлі де зерттеліп қарастырылуда. Оның негізгі бағыттары ретінде қарапайым да тұрпайы-диалектикалық ойларды, дүниеге шынайы түрдегі көзқарасты, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, адамгершілік мәселелері мен адам туралы ілімдерді, күш көрсетпеу идеясы және оның күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттау, тағы басқа мәселелері болды. Бұл қызығушылық оқырман қауымының, оның ішінде мәдениеттанушылардың тарихи логикасына жету жолында пайда болған. Сонымен қатар, сол кездегі қазақ мәдениетінің тарихи ерекшеліктерін бағалағысы келетін қазіргі ұрпақ үшін, үлкен жауапкершіліктер жүктеу болып табылды.
Мәдениет саласындағы, оның ішіндегі діни наным-сенімдерге қатысты қиын мәселелерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін руханият саласында орасан зор әрі қасиетті мақсат – халық рухын, оның өзегі – ұлттық дүниетанымын қайта қарастыру немесе оның озық үлгілерін қайтадан қалпына келтіру мақсаты тұр.
Дін ерте заманнан бері адамзатпен бірге жасап келеді. Ол дами келе адамның танымын, сенімін қалыптастыратын күшке айналады. Діни ұстанымдар негізінде қалыптасқан сенім адамның қоршаған ортамен, басқа адамдармен, қоғаммен қарым қатынасына әсер етті. Дін мәселесі – адамдарды ежелден қызықтырып, танымын қалыптастырып келе жатқан жалпыға ортақ құбылыс болды. Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемелекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін. Бұл кез келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.
Қазіргі кезде тыйым салынған дін атын жамылған күмәнді секталардың біразы Қазақстанда емін-еркін жұмыс жасап, жеке адамдарға, одан қалды жалпы қоғамға қарсы бағытталған залалды әрекеттерін жүзеге асырып жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сондай секталардың залалды әрекеттері жайлы айтылып та жазылып жүр. Олардың арбауына түскен қандастарымыздың қатары жыл өткен сайын көбейіп барады. Ата діннен, ақыл-естен, ерік-жігерден айырылып, жанды қуыршаққа айналған ондайларды қорғауға қоғам дәрменсіз болып отырғандай. Қазіргі уақытта адамдар өркениетті өз тарихының өнегесіз ауыр кезеңінен өтуде. Соңғы жылдардың келеңсіз оқиғалары адам жүрегіне терең із қалдыратындай болып көрінеді. Дегенмен, дәл қазіргі кезде дінімізге байланысты бәрімізді ойландырып, шешімін күтіп тұрған мәселелер аз емес.
Жат жерлік миссионерлер заңымыздың осал тұстарын тиімді пайдаланып кеткені соншалық, өз жеріміз бен елімізде отырып, сырттан келген секталарды шығарып алдық. Әрине, бұл ретте жастарымыздың сыртқы күштерге мойын бұрмауы үшін тиімді қимыл-әрекеттер жасап, имани дұрыс жолға тәрбиелеуіміз қажет. Жалпы, қазақ халқы өз болмысында иманына берік, өзгелердің де діни сенімін сыйлаған, өзгенің иман сеніміне соқтықпаған халық. Бұл орайда, дінге қатысты шешетін басты мәселе ең алдымен жастарға, оқушыларға дін туралы тарихи – мәдени негізде түсінік, мағлұмат беру қажет. Елбасы Н.Назарбаевтың «Тегіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран» деп атап өткен қағидалы сөзін көпшілік арасында кеңінен насихаттауды естен шығармауымыз керек. Яғни, Ислам құндылықтарын терең, әрі кең көлемде уағыздаған жөн деп есептейміз.

Абдулла БАҚАДЫР, «Нұр Мұра»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.