×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Уаһһабшылдық – кертартпа ағым

Пятница, 24 Апрель 2015 06:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4547 раз

DSC06088Иманға бет бұрып, құлшылыққа құмартқан қазақ халқының ізгі амалға деген құлшынысы артқан мына заманда кейбір ағым өкілдері көпшіліктің көңілін күпті етуде. Олай дейтініміз, ағымдардың жағымсыз сипаттары асыл дініміз – Исламның кең таралуына айтарлықтай кедергі келтіруде. Осы орайда, үй ішінен үй тігіп, жалпы халық арасында жағымсыз пікір қалыптастырып жүрген ағымдардың бірі – уаһһабшылар саналады. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде өзін осы қатарға жатқызатын қандастарымыздың саны аз емес. Алайда, қалың бұқара аталмыш ағымның атауын естігені болмаса, оның мәнін, мағынасын, мақсатын біле бермейді. Ендеше, уаһһаби немесе сәләфи дегеніміз не, олар кімдер? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында біз Қаратау аудандық орталық «Байғұт баба» мешітінің бас имамы Берік Қалдаровты әңгімеге тарттық.

– Берік Жақыпбекұлы, елдегі бүгінгі діни ахуалды қалай бағамдайсыз? Кертартпа діни ағымдардың бағыт-бағдары жөнінде сипаттап өтсеңіз...

– Тәуелсіздік алуымызбен қатар, 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданған соң, елімізге жан-жақтан көптеген діни секталар ағылып келе бастады. Оның көбісі діни ұстанымы ұлт мүддесімен мүлде ұйыспайтын жат ағымдар еді. Діни ахуалдың күрделене түсуі, әрине, бұл – біздің қоғамымыздың дерті. Бұл дерттен арылу үшін ең алдымен әрбір отбасы балаға діни тұрғыдағы тәрбиені дұрыс беруі керек. Себебі, мектеп және өзге де қоғамдық құрылымдар баланың руханиятына көп көңіл бөлмейді. Ал, балалардың табиғатында 14-15 жастан бастап сенімділікке деген қажеттілік туындайды. Мектепте немесе отбасында өзінің осы сұранысын қанағаттандыра алмаса, көше кезіп үн-парақшалары мен кітаптарын таратып жүрген миссионерлердің айтқанына еріп кетуі ғажап емес. Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Бір қауым өздерін өзгертпейінше, Мен оларды өзгертпеймін», – дейді. Яғни, біз қазіргі діни шиеленісті жағдайдан жол тауып шығу үшін, біріншіден, өзімізді-өзіміз өзгертуіміз керек.

– Қазақтың ұлттық мәдениеті мен мұсылмандық мәдениет бір-бірімен қаншалықты үйлеседі?

– Қазақ халқы қанша ғасырдан бері ислам дінін ұстанып келеді. Біз ата-бабамыз ұстанған Ислам дінін дәріптей беруіміз керек. Өйткені, ата-бабаларымыз мұсылмандық қағидаларды өзінің салт-дәстүріне кіріктіріп жіберген. Осыдан біз бұрын мұсылманшылдықты ұлттық мүддеден бөліп қарастырмайтынбыз. Ал, қазіргі жағдайға келетін болсақ, кейбір мұсылманшылдықты қатаң ұстағысы келген топтар ұлттық мәдениетке қарсы шығып отырғаны белгілі. Бұл, меніңше, дұрыс емес. Себебі, ұлттық үрдістерімізді исламға қайшы емес деп білемін.

– Уаһһабшылардың негізгі мақсат-мүддесі қандай? Олардың өзіндік ұстаным-бағыты қаншалықты деңгейде жүзеге асып отыр?

– Тарихқа зер салар болсақ, дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың кейбірі уақыт өте келе жойылып кеткенімен, бірқатар идеялары мен принциптері қалып қойды. Бұл жайтты теріс пиғылды топтар өз мүддесіне жаратпай қоймады. Осы арқылы дәстүрлі Ислам дініне, сондай-ақ, қоғамның ұлттық ауызбіршілігіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың салт-санасына қараспай, қалың жұртшылық арасында бүлік туғызып жатқанына ел куә. Біршама уақыт Ислам дініне жеткілікті көңіл бөле алмаған болсақ та, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алғаннан соң, қазіргі таңда қазақ қоғамы діни ұйымдардың оңды-солдысына баға бере алатындай жағдайға жетті.
Жалпы, араб тілінен аударғанда «сәләф» сөзі тілдік мағынада «бұрынғылар, өткендер» ұғымын береді. Және бұл сөз Құран Кәрімнің бірнеше жерінде де кездеседі. Ислам әлемінде сәләфи-солихин атауы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) заманынан бастап алғашқы үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандар толқынына берілген. Олар Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабалары болған. Бұрынғы сәләфилер шынайы Ислам жолын ұстанушылар болса, қазіргілердің бағыты шын мәнінде олай емес. Қазіргі таңда әлемде сәләфия мен уаһһабизм сөзі қатар жүретінін білгеніміз жөн. Себебі, ағымды «белсенділікке» жетелеген Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың атына балау әлем мұсылмандары арасында орын алған.
Уаһһаби сөзі – осы ағымның негізін қалаушы Мухаммед ибн Абдулуаһһабтың көзі тірісінде оның соңынан ерушілерге берілген атаудан шыққан.

– Кертартпа діни ағымдардан зардап шеккен жандарды қалай сауықтырамыз?

– Осы орайда айта кеткім келеді, қазіргі таңда Қаратау ауданына қарасты аумақта барлығы 40 мешіт бар. Бұлардың ішінде 5 мешіт жанынан ашылған сауат ашу курстары қай кезде де келуші жамағат үшін қызметін көрсетуге әзір. Асыл дінімізге жаңа бет бұрған жастарды тәрбиелеп, тура жолды нұсқау үшін бізде қажетті базалық мүмкіндігіміз жеткілікті. Сонымен қатар, дін қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру мақсатында Шымкент қалалық сондай-ақ, Алматы қаласындағы республикалық діни медреселерге оқуға тұрақты түрде жіберіп отырамыз. Бекітілген кестеге сәйкес, жергілікті жамағатпен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырып, қоғамның түйткілді мәселелеріне зер салып, қажет болса, азаматтарға тиісті деңгейде рухани жәрдем көрсетудеміз. Нақ осы мерзімде қала тұрғындарын «Өткенге құрмет – елге құрмет» атауымен тазалық іс-шарасына жұмылдырудамыз. Яғни, өз тарапымыздан мазараттар мен мешіт айналасын таза ұстауға үндеп келеміз. Қала тұрғындарын діни сауаттылыққа тәрбиелеу – біздің айқын да негізгі межеміз болып қала бермек

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ