Қаламыздың барлық мектептерiнде соңғы қоңырау соғылып, 6519 бітіруші үлкен өмірге аяқ басқалы отыр. Олардың 156-сы «Алтын белгіге» үміткер. Ал, ҰБТ-ға қатысатыны – 3943. Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, түлектерге ақ жол тіледі. Салтанатты іс-шараға, сондай-ақ, Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ілиясов, қалалық білім бөлімінің басшысы Ы.Мәдиев қатысты.
– Бүгін мектеп түлектері үшін маңызды күн. Әрқайсыларыңыз қимастық пен қуаныш сезіміндесіздер. Бiлiмге құштар қарымды жастарымыздың қатарын толтыратын тағы бiр жаңа толқынның легi сіздерді алда алғашқы үлкен сын күтіп тұр. ҰБТ-да шымкенттік оқушылардың жақсы нәтижеге қол жеткізетініне сенімдімін. Өйткені, білім саласына көп көңіл бөлінуде. Мәселен, былтыр, 40 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 17 мектептің құрылысы басталды. Оның 7-уі биыл пайдалануға беріледі. Биыл Шымкентте 6519 жас түлек мектеппен қоштасты. Сіздерге сәттілік тілеймін!, – деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясын 158 оқушы бітіреді. Оның 10-ы «Алтын белгіге» үміткер. Солардың бірі – Ерлан Белас. Оның үздік оқуына әжесі ықпал етіпті. Жастайынан әдеби кітаптарды оқуға баулыған. Ерлан Шығыс және Еуропа классиктерінің шығармаларын көп оқыпты. Жас түлек бағдарламашы мамандығын таңдап отыр. Алдағы ҰБТ-дан жоғары балл жинайтынына сенімді. Аталмыш оқу орнының директоры Қатира Қадырбаеваның айтуынша, мектеп оқушыларының барлығы да дарынды.
Мәселен, Болгария, Франция, Ресей және Санкт-Петербург қалаларында өткен математикалық жарыстардан жеңіспен оралған. Республикалық сайыстарда да жүлделі орындардан көрінуде. Бір ғана халықаралық олимпиаданың өзінен 300-ден астам оқушы грант жеңімпазы атанып отыр. Бес ұстаз үздік мұғалім атанған.
№45 мектеп-гимназиясы да соңғы қоңырау салтанатын түлектердің есінде мәңгі сақталардай етіп өткізуді дәстүрге айналдырған. Биыл мектеп бітіретін 35 түлекті құттықтап, сәт сапар тілеу мақсатында салтанатты іс-шараға қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Ілиясов, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары С.Байдаулетов арнайы қатысты. Мектеп-гимназия директоры Р.Пак ұжымды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, бітіруші түлектерге алдағы жауапты сынақ ҰБТ-ны жақсы бағалармен тапсыруларына тілектестігін білдірді. «Бұл күн – мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алатын күн. Елімізде сендердің сапалы білім алып, кәсіби мамандық иесі болуларың үшін барлық жағдай жасалған. Жоғары білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңа тілектеспін. Алдағы уақытта да жетістіктеріңмен қуантып, жоғары білімді азамат, білікті маман болатындарыңа сенемін», – деді мектеп директоры.
Адам өмiрiндегi жүрек толқытар, әсерлi де сәулелi сәт – мектеп қабырғасындағы соңғы қоңырау салтанаты. Бұл күн қаламыздағы барлық мектеп бiтiрушi түлектердiң өмiрiнде ерекше орын алып, есiнде мәңгі қалары анық.