«Шымкент келбетiнiң» шекпенiнен шықтық Избранное

Пятница, 03 Июль 2015 07:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4796 раз

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ» ТУРАЛЫ АЙТҚАНДА ОСЫ БАСЫЛЫМНЫҢ ШАҢЫРАҒЫН КӨТЕРІП, КӨШІН ТҮЗЕП, АЯҒЫНАН НЫҚ ТҰРҒЫЗҒАН ЖҰМАМҰРАТ ТҰЯҚБАЕВ ТУРАЛЫ АЙТПАУ ТІПТЕН МҮМКІН ЕМЕС. МҰНДАЙ ЕҢБЕКҚОР, ТАЛАПШЫЛ, АЛҒАН БЕТІНЕН ҚАЙТПАЙТЫН БАТЫЛ РЕДАКТОРЛАР ІЛУДЕ БІР КЕЗДЕСЕДІ.


shk-111

oralkhan dautСтудент кезімде «Шымкент келбеті» газетінің редакциясына мақалаларымды жиі апарып тұрдым. Басқа-басқа қалалық газет жастардың шығармашылығына өте жауапкершілікпен қарайтын. Жылы сөзін айтып, ынталандырып, бағыт-бағдар беріп, алғаш қамқорлығын көрсеткен – Нұрлан Кенжеғұлов ағамыз болды. Нұрекең ол кезде бас редактордың орынбасары. Кішіпейіл, көпшіл болғандықтан шығар ол кісінің алдынан адам үзілмейтін. Қашан көрсеңіз көк түтінге көміліп, қағаздан бас алмай отырады. Институтты бітірген соң қалалық газетке жұмысқа тұруыма да Нұрлан ағаның көп көмегі тиді. Қызық болғанда қарапайым тілшілердің орны бос болмай, бірден жауапты хатшы қызметіне алындым. Мақала жазсақ, әріптерді әрең жинап, сөйлемді зорға құрастыратын әлі шикі кезіміз ғой. Макет дегеннен мүлдем хабарым жоқ. Сол қиын күндерде Жұмамұрат, Нұрлан ағалардың тәрбиесі, ақылы, өнегесі көп шыңдады.
Әлі есімде... Нұрлан аға екеуміз бір кабинетті, бір-бірімізге қарама-қарсы отырамыз. Бір күні ол кісі жоқта, кабинетте телефон шылдырлады. Қарасам, мен көрмеген өзгеше телефон. Өзгеше болғанда, тұтқасы бар, бетіндегі цифрларды теретін дөңгелек тетігі жоқ, бітеу телефон. Бұл бастықпен тікелей байланыстыратын қызметтік телефон екенін жұмысқа жаңа тұрған мен қайдан білейін...
– Алло, –  дедім тұтқаны көтеріп.
–  Тез, маған келіп кетші... – деді ар жақтағы дауыс.
Аң-таңмын.
–  Сен кімсің? Алдымен амандаспайсың ба? – дедім даусымды көтеріп. Ар жақтағы адам телефонды қоя салды. «Құдай біледі, астыңғы қабаттағы қарауылдардың біреуі болды-ау... Қатты айтып жібердім бе екен?» деп, екі ойлы болып тұрғанымда «Ал, амандастық... Ассалаумағалейкүм» деп кабинетке бастығым кіріп келді. Содан кейін бұл бітеу телефон шыр етсе, жүрегім қоса зырқ ететін боп тұрды.
Жұмекең «Шымкент келбетіне» мықты шығармашылық ұжымды жия білді. Ләззат Ноғайбаева, Айгүл Мамытқызы, Жәмила Мамырәлі, Атанбек Наурыз, орыс бөлімінде Галина Хан, Эльмира Бердіғалиева, Әлия Еңсебаева, Алик Розметов, бұлардың бәрі жазу стильдері ерекше, журналистика саласының ыстық-суығына төзген, нағыз майталмандар еді. Г. Хан сол жылдары Президент сыйлығына ие болды. Газеттен бір қате кетсе корректор Лира апамыз сол күні ауырып қалатын.
Күн сайын жұмыс Жұмекеңнің айқайынан басталады. Ол кісі ренжігенде «Адамның жігерін құм қылып жібересіңдер...» дегенді жиі айтушы еді. Тұла бойы намыс пен қайрат-жігерден жаралған Жұмамұрат ағаның айқайы қайта бізге үлкен күш береді. Кәдімгідей қатайып, күшке мініп, барған жерімізден қажетті мәліметті жұлып алмай қайтпайтынбыз. Бас редактор қандай болса, газет те солай шығады деп жатады ғой. Жұмекеңнің батылдығы арқасында қалалық газетпен ол жылдары облыстық әкімдіктің өзі санасатын. Тіпті әкімінің орынбасары қызметін атқарған Қылышбек Ізбасқановты сынап, бірінші беттен мақала бергені есімде қалыпты.
Әрине, одан бері заман өзгерді, қоғам өзгерді. Шырайлы шаһарға барған кезде көзім түссе дүңгіршектен «Шымкент келбеті» газетін алып тұрамын. Газеттің мазмұны да, сапасы да қатты өзгерген. Заманға сай өз жолын тапқан басылым. Газетті парақтап отырып бас редактор Айгүл Қапбарованың алға қойған мақсаты зор, талабы таудай, талапшыл басшы екенін аңғарамын. Ұжымда шығармашылық еркіндік бар.
Қайда жүрсем де «Шымкент келбеті» газетінің, Жұмамұрат Тұяқбаевтың шекпенінен шыққанымды мақтан тұтып жүремін. Мерейтой құтты болсын, әріптестер! Лайым, «Шымкент келбетінің» шамшырағы бұдан да биікте жарқырай берсін!

Оралхан ДӘУІТ,
Республикалық
«Егемен Қазақстан»
газетінің Жамбыл
облысы бойынша меншікті тілшісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.