Қаланың бас басылымы

Пятница, 03 Июль 2015 07:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3383 раз

КЕШЕГІ 90-ЖЫЛДАРДЫҢ БАСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН «ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ», «ПАНОРАМА ШЫМКЕНТА» ГАЗЕТТЕРІНІҢ АЯҚ АЛЫСЫ АЛҒАШҚЫДА СӘЛ АУЫРЛАУ БОЛДЫ. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҰЖЫМ БОЛҒАНЫМЕН МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗА ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ ЕДІ. АЛАЙДА ГАЗЕТ БАСШЫСЫ, ТӘЖІРИБЕЛІ ЖУРНАЛИСТ-ЖАЗУШЫ ЖҰМАМҰРАТ ТҰЯҚБАЕВ ҚАЛА ХАЛҚЫНА ӨЗІНІҢ ШЕБЕРЛІГІ МЕН ІСКЕРЛІК ҚАБІЛЕТІН ТАҒЫ БІР ДӘЛЕЛДЕДІ.

nurlanОблыстық газетте талай жыл басшылық қызмет атқарған ағамыздың достас, сыйлас құрдастары, інілері де көп екен. Сол кездері Манап Өтебаев, Байдулла Қонысбек, Амалбек Тшанов, Болат Жылқышиев сынды ағалар газеттің алғашқы тынысына дем беріп, бірі құрал жабдық, компьютер, бірі ғимарат сыйлап, жұмысын енді бастаған журналистер қауымын бір көтеріп тастады. Кейін қала әкімі болған Анарбек Орман дербес баспахана орталығын ашуға қаржылай көмек беріп, үлкен ерлік жасады. Бойында бес қаруы сай журналистер өткен күндердің қиындығын ұмытып, іске бел шеше, белсене кірісті. Басылымда жаңа айдарлар ашылды. Ұлттық рухымызды көтеретін, патриоттық тәрбие беретін диспуттар, кездесулер ұйымдастырылды. Шынында да сол жылдар «Шымкент келбеті» үшін студенттер мен жастардың диалог алаңына айналды. Бекзаттар Дінәсілов, Райхан Ақбердиева, Айгүл Мамытқызы, Жәмила Мамырәлі, Оралхан Дәуіт, суретші Суат Бегманов, Алик Розметов жаңа идеялардың авторы атанды. Ал, «Панорамада» жаңашыл журналистер Фарида Шарафутдинова, Әлия Еңсебаева, Эльмира Бердіғалиева, Ольга  Каплина, тағы басқалар еңбек етті. Көп ұзамай кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Балбөбек», «Детский парк» қосымшалары дүниеге келді.
1995-1998 жылдары газет таралымы «Шымкент келбетінде» 25 мыңнан асты. Тіпті алыс аудандардан 5-6 мыңдай оқырман таптық. Темірдей тәртіп пен ұйымшыл ұжым ретінде қалың оқырманнан лайықты бағасын алған осы газет эстафетасын бүгінде білікті журналист Айгүл Қапбарова бастаған журналистер қауымы сәтті жалғастырып келеді. Кей-кейде соларға, бұрқ-бұрқ қайнаған жап-жас әріптестеріме қарап тұрып қызығамын әрі өзімнің жастау шағымды қызғанамын. Бірақ, өмір деген ұлы көш. Қаланың бас басылымы да едәуір жасқа келді. Біз басқа қызметтеміз. Бір қуаныштысы, өзіміз бастаған тар соқпақты кеңейткен бүгінгі газет ұжымының игілікті ісіне көңіл марқаяды. Бәрекелді дейміз!
Мереке құтты болсын әріптес іні-қарындастарым!

Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ,
облыстық
«Оңтүстік Қазақстан»
газетінің жауапты
хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.