Ғабидолла Әбдірахымов – Шымкент қаласының жаңа әкімі Избранное

Среда, 19 Август 2015 07:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 15787 раз
zzzz7Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтіп, онда облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов депутаттардың назарына Шымкент қаласы әкімі лауазымына Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымовтың кандидатурасын ұсынды. Өз кезегінде қалалық мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс берді.
 
Қала активі алдында сөз алған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов шаһардың жаңа басшысын таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Облыс әкімі мәжілісте Шымкент қаласының көркейіп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келе жатқанын атап өтті.
 
– Шымкент – экономикасы мен құрылысы қарқын алған еліміздегі үшінші қала. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгінде қаланың жаңа келбеті айшықталып, үлкен мегаполиске айналды. Қазіргі таңда қалада жаңа әлеуметтік нысандар, балабақшалар бой көтеруде. Жүйелі жұмыстар алда да жалғасын табатын болады. Қаланың жаңа әкімі болып тағайындалған Ғабидолла Раxметоллаұлы Оңтүстіктің тумасы, бұған дейін бірнеше қызметтік сатыларда жемісті еңбек етіп, Елбасының сеніміне ие болған білікті азамат. Жаңа жұмысында жүктелген міндетті абыроймен атқарады деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.
 
Айта кетейік, Ғабидолла Раxметоллаұлы 1975 жылы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауылында дүниеге келген. 1996 жылы экономист-бухгалтер мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 1999 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша мемлекеттік басқару неміс жоғарғы мектебін бітірген. Еңбек жолын 1996-1997 жж. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ассистенті болып бастаған. 1999-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы мемлектетік қызмет істері агенттігінің маманы, бөлім бастығы, төраға кеңесшісі, төрағасының орынбасары және төрағасы лауазымына дейін қызметтер атқарған. 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болып тағайындалды. Ал, 2013 жылдан бері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып келді. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген. Отбасылы. Екі баласы бар.
 
Жиында облыс зиялылары атынан сөзге шыққан белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт өңірдегі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, пайымды пікірін ортаға салды.
 
– Елбасымыз облысымызға келген әрбір сапарында өңірдегі игілікті істердің молайып жатқанын айтып, ризашылығын білдіреді. Шын мәнінде, Оңтүстікте жан жадыратарлық көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Облыс орталығы Шымкент қаласында да тындырымды тірлік көп. Осыған дейін қаланы басқарған Дархан Сатыбалдыға да үлкен алғысымызды айтуымыз керек. Ол күрделі кезеңде басшылыққа келді. Қаланың Бас жоспарын жасау, қалаға қосылған елді мекендердің инфрақұрылымын ретке келтіруде Дархан Амангелдіұлы нәтижелі жұмыс атқарды. Қала басшылығына келген Ғабидолла Әбдірахымовтың әр түрлі қызметтерде шыныққан, ширыққан, ысылған тәжірибелі маман екенін бәріміз білеміз. Сондықтан жаңа әкім өз жұмысын жоғары жауапкершілікпен орындайды деп сенеміз, – деді М. Байғұт.
 
Сондай-ақ, мәжіліс барысында қаланың жаңа әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа да сөз берілді. Шаһар басшысы өз сөзінде Шымкентті көркейту жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
 
– Шымкент – өсіп, өркендеп жатқан қала. Халық саны да миллионға жуықтады. Қазір қалаға жер-жерлерден көп қонақтар келеді. Біз оларға Шымкенттің нағыз шырайлы келбетін көрсете білуіміз керек. Қала тұрғындарымен қатар, жан-жақтан келген азаматтар да Шымқаланы тек жақсы қырынан танып, әрдайым мақтанышпен еске алуы тиіс, – деді Ғ. Әбдірахымов.
 
Еске сала кетейік, бұған дейін екі жылдан астам Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған Дархан Сатыбалды облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне ауысуына байланысты қала әкімі қызметінен босатылды.
 
Сәбит ТАСТАНБЕК
Последнее изменение Среда, 19 Август 2015 07:41
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.