Зәмзагүл Жолдыбекова, Шымкент қалалық өкпе-құрт ауруларына қарсы диспансері бас дәрігерінің орынбасары: «Қоршаған ортаға диспансерден келер қауiп жоқ»

Пятница, 18 Сентябрь 2015 06:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4377 раз

karshagan orataga 38Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкенттегі қалалық өкпе-құрт ауруларына қарсы диспансер орналасқан ғимараттың маңындағы тұрғындар аталған мекемені қала сыртына шығару жөнінде мәселе көтеріп, құзырлы орындарға бірнеше рет шағымданған болатын. Тұрғындар орталықтың халық жиі шоғырланған орында қауіпті екенін айтып, науқастардың айналасындағы адамдарға дерт жұқтыруы мүмкін дегенді алға тартқан еді. Осы мәселенің мән-жайын білу мақсатында және диспансердің бүгінгі жай-күйімен танысу үшін біз аталған орталыққа арнайы барған едік.

Орталықта оңалту жұмыстары жүргiзiледi

– Тұрғындар алаңдайтындай аса қауіпті ештеңе жоқ. Мұнда барлық шара сақтық ережелеріне сәйкес жүргізіліп жатыр, – дейді Шымкент қалалық өкпе-құрт ауруларына қарсы диспансерінің бас дәрігері Полат Бердалиев бізге берген сұхбатында. – Іргесі 1962 жылы қаланған орталық бұрын қаланың шетінде орналасқан болатын. Уақыт өте келе халық санының өсуіне байланысты бұл жер қазір халық жиі қоныс тепкен бөлігінде қалып қойды. 2011 жылдан бері аталмыш дерттің ашық әрі жұқпалы түрімен ауыратын науқастар Сайрам, Бәйдібек аудандарындағы ауруханаларға жіберіледі. Біздің ауруханамызда тек оңалту жұмыстары мен қосымша дерті бар науқастарға күтім жасалынады.
Мекеме басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, мұнда 2011 жылдан бастап стационарларды араластырмау үдерісі жүргізіліп келеді. Яғни, созылмалы әрі жұқпалы ауруы барлар басқа аудандарға жіберіледі. Орталық басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зәмзагүл Жолдыбекованың сөзіне құлақ түрсек, мұнда эпидемиологиялық талаптарды сақтауға барлық жағдай қарастырылған. Диспансерге емделуші науқастар мен оларға келіп-кетуші туыстарынан бөлек өкпе қуысын рентген-флюорографиялық тексеруден өткізетіндер, науқас есебінде тұрмайтыны жөнінде анықтама алушылар да келеді. Олардың барлығы диспансер ауласына міндетті түрде бетпердемен кіргізіледі, ал шығарда пайдаланылған бетперде арнайы медициналық қалдықтар үшін қойылған қораптарға тасталады. Диспансер айналасы да үнемі тазартылып тұрады.
karshagan orataga 38 2– Біз тұрғындар тарапынан болған шағымдарға зерттеу жасадық, – дейді Зәмзагүл Ергешқызы. – Бірақ онда көрсетілгендей, біздегі емделуші науқастар көшелерде бей-берекет жүрген жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы бойынша 4 жылдан бері диспансердің статусы өзгерген. Сол бұйрықта «мұнда туберкулез таяқшасын бөлмейтін (жұқпалы болмайтын) науқастар жатып емделсін» делінген. Яғни, бұрынғыдай бізде өкпе дертінің жұқпалы ашық дертімен ауыратындар ем қабылдамайды. Тек оңалту жұмыстары жүргізіледі. Стационарда эпидемиологиялық статусқа сәйкес, оларға диспансер ауласынан шығуға рұқсат етіледі. Оның өзінде ауру дәрежесі минус болған жағдайда ғана жіберіледі. Егер қауіпті санатта болса, қандай жағдай болмасын, сыртқа шығуға рұқсат жоқ. Сол себепті де, денсаулығына алаңдаған аурухана маңындағы тұрғындардың үрейленуіне еш негіз жоқ.

Науқастар қатаң қадағалауда

Байқап қарасақ, бүгінде орталық қызметіне жүгінетіндер аз емес екен. Шалғай аудандардан келіп жатқандар да көп. Мұны аурухана бөлмелерін аралау кезінде және сырқаттармен әңгімелесу барысында байқадық. Осында ем қабылдап жатқан Шымкент қаласының тұрғыны Нұргүл есімді келіншек орталықтағы дәрігерлердің біліктілігіне көңілі толатынын, қызмет сапасының жоғары деңгейде екенін айтады.
– «Басты байлық – денсаулық» деген ғой. Мен дер кезінде келдім. Осында емделіп жүргеніме 4 айға жуықтады. Қазір жағдайым жаман емес. Дәрігерлер тиісті дәрі-дәрмегімен қатар, жылы сөзімен де көңілімізді көтеріп тастайды. Оларға алғысым шексіз, – дейді Нұргүл.
Сарыағаш қаласынан төрт жасар Әбілмансұр есімді сырқат немересін жетелеп келген Гүлімжан әже да осында жүйелі түрде ем-дом қабылдап жатыр. «Өзімізден де қателік болды. Немеремізді мұнда ауыр жағдайда алып келдік. Жағдайы тым қиын еді. Медбикелердің көмегінің арқасында 6 айдан бері ем жүргізіліп, беті бері қарады. Бала деген болашағымыз ғой. Қазір күні-түні қасындамын», – дейді Гүлімжан әже.
Айта кету керек, бүгінгі таңда бұл орталықта 145 науқас ем қабылдап жатыр. Жалпы алғанда орталық 200 адамға лайықталған. Оның ішінде 60 орындық жасөспірімдер бөлімшесі бар. Науқастар 4 мезгіл тегін тамақтанады. Әр науқас қосымша дертіне сай диеталық тағамдарды да тұтынады. Оларға республикалық бюджет есебінен кепілдемеде көрсетілген дәрілер, ал қосымша ем үшін қаралған дәрілер жергілікті бюджеттен беріледі. Бір атап өтерлігі, дәрі-дәрмектің бәрі де ақысыз. Белгілі тұрағы жоқ адамдар болса, емін толық қабылдағанша осында болады. Толықтай сырқатынан айығу үшін Түлкібастағы «Балықшы» шипажайына жіберіледі.
Зәмзагүл Жолдыбекованың айтуынша, қазір орталықта қауіпсіздік шараларына да үлкен мән беріліп отыр. Науқастардың ем алуы, жүріп-тұруы ұдайы қадағалауда.
– Бұрын біздің мекемеде қоршау жоқ-тұғын. Оған 2009 жылы өтініш берілген еді. Биыл сол іс өз шешімін тауып, жүзеге асты. Қазір мекеменің айналасына шарбақтар жасалынды, 2,5-3 метр қорғанмен биіктеттік. Міне, өзіңіз көріп тұрғандай, құрылыс жұмыстары аяқталып та қалды. Арнайы күзет мекемесімен де келісім-шартқа тұрдық. Олар тәулік бойы науқастардың сыртқа шығып кетпеуін қадағалайды. Қысқасын айтқанда, науқастардың себепсіз ауруханадан шығуына жол жоқ, – дейді бас дәрігердің орынбасары.
    
Жылына бiр рет тексерiстен өтiңiз

Орталықтағы жасөспірiмдерге арналған бөлімше жанында арнайы жабық мектеп те жұмыс істейді. Мектеп меңгерушісі Жанар Маханованың мәлімдеуінше, онда туберкулезге шалдыққан 1-11 сынып аралығындағы барлық оқушыларға білім беріледі. «Оқушылар ауырған жағдайда да мектеп бағдарламасынан тыс қалмауы тиіс. Осы бағытта бізде орта мектептегі пәндерден сабақ өткізіледі. Тек алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру сабақтары ғана жүргізілмейді. Сабақтың ұзақтығы – 35 минут. Мектепте жалпы 14 пән мұғалімі бар. Олар мерзіміне қарай біліктілігін арттыру курстарына қатысып тұрады», – дейді мектеп меңгерушісі.
Жалпы, бүгінгі таңда орталықта 63 дәрігер, 161 медбике бар. Дәрігерлер түнгі ауысымда да қызмет көрсетеді. Мұнда науқастар сырқаттарының дәрежесіне қарай кейбірі 6 ай, енді бірі 10 айға дейін емделеді. Науқастардың қатарында 60 пен 70 жас аралығындағы қариялар да бар.
– Туберкулез тұқым қуаламайды, емделсе, жазылатын ауру, – дейді орталықтың бас медбикесі Әсия Сәлімбаева. – Қауіпті дертті жұқтырмас үшін жеке бастың тазалығына мұқият болған жөн. Сондай-ақ, кез келген азамат жылына бір рет флюрографиядан өтіп тұру керек. Бізде арнайы флюрографиялық машиналар бар. Жергілікті жерлердегі емханалармен бірігіп, жиі қабылдаулар өткізіп тұрады. Бұл да тегін жүргізіледі.
Ұлт денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы жолда орталық қызметкерлерінің аянбай еңбек етіп жатқанына көз жеткіздік.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Последнее изменение Пятница, 18 Сентябрь 2015 07:01
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.