×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Байқаудың бас жүлдесi Мелдебековтер әулетiне бұйырды

Пятница, 18 Сентябрь 2015 07:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4563 раз

Отбасы күніне орай, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі ел аумағында жаңа жоба - «Үлгілі отбасы» байқауын ұйымдастырды. Қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының ғимаратында өткен ардагерлер арасындағы байқауға аудандық деңгейде үздік деп танылған 7 отбасы қатысты.

baikaudin bas 38Өнерге кең өріс берген үміткерлер арасынан үлгілі отбасын анықтау қазылар алқасы үшін де оңайға түскен жоқ. Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сейдахмет Байдәулетов бастаған әділ қазылар алқасы әрбір отбасының өнері мен қарым-қабілетін бағамдай отырып, лайықты бағасын беріп отырды.
– Байқау барысында біз шын мәнінде, отбасылық тәрбиенің үздік үлгілерін және қазақ этнопедагогикасындағы отбасы тәрбиесі құндылықтарын насихаттап, «Үлгілі отбасы» моделін құру, ата-ана мен бала және ерлі-зайыптылар қарым-қатынасын жетілдіру, үлгілі отбасын анықтау және олардың татулығын арттырып, қолдау көрсетуді өзіндік меже етудеміз, – дейді Сейдахмет Әуелбекұлы.
Байқауда отбасы мүшелері өздерін таныстырып, өнерлерін көрсетті. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, білім сайысында сынға түсті. Өз әулетінің шежіресінен, тарихынан дерек беретін фото-слайдтар мен бейнеүзіктер де әділқазылар тарапынан тиісті бағасын алып жатты.
Сонымен, әділқазылар алқасының шешімімен, 4 отбасыға ынталандыру жүлдесі табысталды. Атап айтқанда, Амановтар, Усмановтар, Досановтар және Серімбаевтар әулетіне арнайы дипломмен қоса, ақшалай жүлде берілді.
Байқау жүлдегерлері арасынан үшінші орын – Абдуллаевтар отбасына бұйырды. Ұлы Отан соғысының ардагері Жұман Абдуллаев 52 жыл ғұмырын темір жол саласын өркендетуге арнаған ардақты азамат. «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталып, отанасы Қызмария екеуі отбасында бүгінде 8 ұл-қыз, 18 немере, 22 шөбересі тәрбиелеп отыр. «Батыр ана» атанған Қызмария апа да бірнеше мәрте Құрмет грамоталарын иеленген. Байқау барысында алғырлығы мен шеберлігін көпшіліктің алдында паш еткен Абдуллаевтар әулетіне арнайы диплом мен 100 мың теңге ақшалай сыйақы табыс етілді.
Көпшілік күткен екінші жүлдеге – Үсенбековтер отбасы ие болды. 2 ұл, 2 қыздан 12 немере сүйіп отырған Өмірбек ақсақал қай кезде де ұрпағын қарапайымдылыққа тәрбиелеп, үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу дәстүрін берік ұстануға шақырудан жалыққан емес. Әділ қазылар алқасының шешімімен, білім-парасаты өзгелерден даралана білген Үсенбековтер отбасы дипломмен қоса, 150 мың теңге сыйақыға ие болды.
Шаңырағы шаттыққа бөленген Мелдебековтер отбасы – кімге де болса үлгі екендігі осы байқау барысында және бір дәлелденді. Бұл жолғы байқауда «жүзден жүйрік» ретінде танылған ардагер Әбдімұрат қажының отбасы қашанда үлгілі әрекетімен есімдері көпшілікке кеңінен танылған. Отанасы Қаламқас апа әркез түрлі пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып жүрген Әмина, Әлібек, Нуриза, Асылхан, Динара, Әлиханның есімдерін мақтаныш етеді. Бұдан бөлек, Айдана республикалық байқаудан «Көркем ару» номинациясын иемденген болса, Жандәулет жуырда ғана грек-рим күресінен ел біріншілігінің жеңімпазы болып оралыпты. Талантты ұл-қыздарының қызықшылығын көріп, әрбір жетістігіне сүйсіне білетін «Алтын алқа» иегері Қаламқас апа «Отан отбасынан басталатынын» әркез әңгімелеп отыратыны бар. Балалардың тәрбиесінде еңбекқорлық, үнемі ізденіс, әділдікті басшылыққа алады екен.
– Үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білуді бала кезден бойға сіңіру маңызды. Бұл қазақы тәрбиенің негізі. Бала бойында адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеуге үлкен мән берген жөн. Наныңды адал еңбекпен табу керек. Үлгілі болуға ұмтылған отбасы өзінің жанұясына ғана емес, қоғамға да мейірімді болуы тиіс. Қоғамда қазір жетім-жесір, қариялар көп, мұндайды болдырмауға атсалысып, жанашырлық көзқараспен қарау қажет, – дейді байқауда үздік шығып, жаны тебіренген Қаламқас апа.
Иә, алғаш рет ұйымдастырылған айтулы доданың жеңімпаздары – Мелдебековтер отбасы өнегелі жанұядан үлгілі ұрпақ өседі деп есептейді. Шаңырақ берік болуы үшін жастарға төзімділік пен сабырлық танытып, отбасылық тәрбиенің жақсы сабақтастығын үзбеуге кеңес береді. «Үлгілі отбасыға» диплом мен 200 мың теңге жүлдені табыс еткен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай өз кезегінде, барша ардагерлер қауымын «Отбасы күнімен» құттықтады.