Кәсiптiң көзiн тапқан Рабиға

Суббота, 05 Март 2016 07:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4433 раз

Отбасының берекесін арттырып, ұл-қызына тәлім-тәрбие берумен қатар, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген нәзік жандылар қауымы жетерлік. Олар қоғамның сан алуан саласында белсенділік танытып, қолға алған ісін кеңейтіп, кедергілер мен қиындықтарға мойымай еңбек етіп келеді.

MG 8411Солардың бірі – шымкенттік Рабиға Байтемірова. Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер. Бірер жыл бұрын ойыншық шығаратын «Наурыз пластик» зауытын ашып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауды жөн көрген. «Мак» жүк көліктері мен құрастырмалы «Лего» шығарудан бастаған «Наурыз пластик» ұжымы бүгінде 14 түрлі ойыншық шығаруда.
– Өзім 2005 жылдан бастап Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен ойыншық әкеліп сатумен айналыстым. Десе де «неге біз өзіміз ойыншық шығара алмаймыз, неге зауыт ашпаймыз?» деген ой маза бермеді. Сан сауалға отбасымызбен жауап іздеп, кеңесіп, ойыншық шығаратын кәсіпорын ашуға тәуекел еттік. Сосын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 10,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оның үстіне өзіміздің бар жиған-тергенімізді қосып, Қытайдан арнайы қондырғылар сатып әкелдік, – деп бастады әңгімесін Рабиға Байтемірова.
Құрал-жабдықтар мен қажетті шикізатқа қол жеткізгенімен отбасының алдында кездескен кедергі көп болды. Өйткені техниканың тілін түсініп, ұғатын маман тапшы. Сол кезде Қытайдың белді бір университетінде ойыншық станоктарындағы компьютер бағдарламасын жетілдіру бойынша білім алып жатқан ұлы Наурызбек көмекке келеді. Ірі ойыншық зауыттарында жинаған азды-көпті тәжірибесімен телефон арқылы бөлісіп, әкесі Шухратты осы кәсіптің қыр-сырына қанығу үшін Қытайға шақырады.
– Ойыншықтың сапалы, үйлесімді шығуы технологтың бағдарламасына байланысты. Компьютер бағдарламаларын жетік біліп, температура, уақыт жиілігі мен қоспа мөлшерін дұрыс, дәл қоя білуің керек. Бізде бұл саланың білікті мамандары болмағандықтан жұбайым Қытайдың екі қаласында білімін жетілдіріп қайтты. Ол жақта алты мыңнан астам ойыншық шығаратын кәсіпорын бар. Мамандар бала психологиясын, қоғамдағы өзгерістерді жіті қадағалап отырады. Айталық, дәл қазір бір мультфильм немесе кино кейіпкері балалардың қызығушылығын тудырса, оны дереу ойыншыққа айналдырып, нарыққа шығарады, – дейді ол.
Бүгінде сегіз жұмысшысы бар шағын кәсіпорын 6-10 мың дана ойыншық шығарып жатыр. Алматы, Қарағанды, Астана, Орал, Ақтөбе қалаларынан сұраныс көп. Тіпті кезекте тұрғандар бар. Рабиға апай алдағы уақытта өз ісін кеңейтіп, баланың өздігінен айдайтын, пультпен басқарылатын көлемді көліктер мен балаға өздегінен жүруді үйрететін ойыншықтарды шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Әрине, ойыншық шығарудың машақаты аз емес. Әр күні әр бөлшегін жеке-жеке шығарып алған соң ғана құрастырады. Бүгінде біздің ойыншыққа сатып алушылар кезекте тұр. Өйткені біз шикізаттың ең таза сұрпын пайдаланып, бала денсаулығына қауіпсіз, экологиялық таза болуына аса мән береміз,– дейді Рабиға апай.
Кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау үшін кездескен кедергілерді жеңе білген Рабиға Байтемірова былтыр Корея, Қытай, Өзбекстан елдерінде болып, осы саланың білгір мамандарымен тәжірибе алмасып қайтты. Алматы, Астана қалаларында өткен көрмеде «Наурыз пластиктің» ойыншықтары көптің қызығушылығын тудырып, көркін келтірді.
Осылайша, Қытайдың улы иіс шығаратын, көр-жерден құрастырылатын ойыншықтары нарықтан бірте-бірте ығыстырылып, орнын отандық өнім басып келеді. – Баланың қуанышынан, күлкісінен асқан бақыт жоқ. Ал біз оларға өз ойыншықтарымыз арқылы бақытты балалық шақ сыйлай алсақ, мақсатымның орындалғаны, еңбегіміздің текке кетпегені, – дейді ол.
Біз қала тұрғындарын жұмыспен қамтып, әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосып, өзгелерге үлгі болып жүрген кәсіпкер әйелді ғана сөз еттік. Үй шаруасын дөңгелетіп, ұжымдағы мамандардың да жайын ойлап, ер азаматтармен қатар иық тіресіп, қызмет етіп жүрген барша арулардың, аналардың еңбегі өлшеусіз.

Последнее изменение Суббота, 05 Март 2016 08:51