Мiндетiн мiнсiз атқарады

Суббота, 05 Март 2016 06:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4376 раз

DSC 1285Қалада автобус та, кондуктор да көп. Бірақ жолаушылардың тілін тауып, көпшіліктің  алғысын алу оңай емес. Біздің кейіпкеріміз - Малика Бейсенбаева үшін бұдан артық кәсіп жоқ.  Ол өз жұмысын абыройлы атқарып келеді.

№74 бағыттағы автобустың кондукторы Маликаның бос уақыты аз. Бұл қызмет оның үйреншікті ісі. 5 жылдан бері сүйікті жұмысының жемісін көріп жүр. Ол бұл кәсіпті Астана қаласынан бастапты. Таңғы 5-тен кешкі сегізге дейін тынымсыз жұмыс істейді. Алғашқыда жұмыстың ауыр болғанын жасырған жоқ. Кейбір кісілердің дөрекілігіне ренжитін. «Неге орын жоқ?» деп жанжал шығаратындар да кездеседі. Алайда келіншек биязы мінезімен тығырықтан жол тауып шықты. Үлкен-кішінің тілін тауып, сыпайы сөйлеуге тырысты. Жолаушыларды жақынындай жанына тартты. Көпшіліктің көңілінен шыққан кондукторға қала тұрғындары дән риза.
Маликаның жұмысы тек кондукторлықпен ғана шектелмейді. Көліктің тазалығын да, тәртіпті де басты назарда ұстайды. Адасып жүргендерге жол көрсетеді. Сұрағандарға жөн сілтейді.
– Мен қоғамдық көлікте жұмыс істеймін. Сондықтан, атымызға затымыз сай болуы керек. Жолаушылар ғана емес, қала қонақтары да Шымкент туралы жақсы әсер алуы тиіс, – дейді ол.
Әңгімесінен аңғарғанымыз, Малика кейбіреулер сияқты жұмысын бейнеті көп, беделі жоқ кәсіп деп санамайды. Салонға енгеннің бәрін жылы қарсы алады. Жауапкершілікті жақсы түсінетін келіншек өз міндетін мінсіз атқарады. Талай жолаушыға қызмет көрсетуге әрқашанда әзір.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.