Байқауда бақ сынаңыз, әріптес!

Пятница, 01 Апрель 2016 04:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3838 раз

Қаланың бүгінгі жетістіктері мен келбетін, тарихы мен мәдени кешендерін ел тұрғындарына насихаттау мақсатында «Шырайлы Шымкент» жобасы бастау алды. Осы жоба аясында қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігі журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері арасында республикалық байқау ұйымдастыруды қолға алып отыр.

 MG 9660Осыған орай БАҚ өкілдері мен блогерлердің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиында Қазақстан Журналистер одағы ОҚО филиалының төрайымы, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің директор-бас редакторы Айгүл Қапбарова мен «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлбосын Какимова байқаудың мақсаты мен ережесіне тоқталды.
Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – Шымкент қаласының мәдени, әлеуметтік, экономикалық дамуын, туристік және инвестициялық әлеуетін айшықтайтын ақпараттар, материалдар жариялау арқылы қаламыздың имиджін қалыптастыру, сонымен қатар БАҚ өкілдері мен блогерлердің кәсіби ынтымақтастығын арттыру. – Қаламызда жарты сағат жаяу серуендесеңіз, қаншама тақырыпқа кез боласыз. Шаһар тұрғындары, кәсіпорындары, тарихи кешендері жайлы мазмұнды, мағыналы, материалдар күтеміз, – деді А. Қапбарова.
Сондай-ақ, конференцияда Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков, «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО бойынша меншікті тілшісі Бақтияр Тайжан, «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева сөз алып, Шымкент қаласы соңғы жылдары ажарланып, әлеуметтік-экономикалық дамуы ілгерілегенін тақырып арқауына айналдырып, белсенділік танытуға шақырды.
Айта кетейік, байқауға 1 сәуір мен 30 тамыз аралығында баспасөз бетінде, теле-радио мен блогтұғырда жарыққа шыққан жұмыстар қабылданады. Ал байқау қорытындысы қала күні қарсаңында белгілі болып, жеңімпаздар төрт номинация бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.