Апатты жағдайдағы үйлер жаңартылды Избранное

Среда, 20 Апрель 2016 06:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6949 раз

Шымкент қаласындағы Төлеби көшесінде орналасқан №15 тұрғын үй сейсмонығайтудан өтіп, тұрғындардың пайдалануына берілді. Бұл жұмыстар «Қазақстан Республикасының сейсмоқауіпті өңірлерінде орналасқан тұрғын үйлердің сейсмотұрақтылығын қолдауға бағытталған іс-шаралар» бюджеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Апатты үйді қалыпқа келтіру үшін 112 млн 594 мың теңге бөлінген.


turgyn ui

Үшқабатты үй қабырғасының қаланғанына биыл 59 жыл болыпты. Осыған дейін ешбір жөндеу көрмей, апатты үй саналып келді. Алайда, өткен жылдың қазан айынан басталған сейсмикалық нығайту жұмыстары биыл ақпан айының соңында аяқталып, үй тұрғындары жөндеуден өткен баспаналарына қайта көшіп келді. Осы жатақханада Мәдина Сейітбекованың тұрғанына бес жыл болыпты. Оның айтуынша, ғимарат жөндеуден өткенге дейін өте лас, қабырғалары қақырап тұрған.

20160415 153318

– Бұл үйдің бірінші қабатында коммерциялық нысандар орналасқан. Ал қалған екі қабатында 40 отбасы тұрады. Бұрын үйдің жағдайы өте нашар болатын. Оған қоса, орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ еді. Әр қабатта бір ғана әжетханадан болса, жуынатын бөлме тіпті болмаған. Мердігерлер әр бөлменің қабырғаларын сылап, есік-терезелерін ауыстырып берді. Үйге кіреберіс есігімізді де орнатып берді. Бірақ үшінші қабаттағы су құбыры жарылып, екінші қабатқа өтті. Кей жерлерде қабырғалар аздап жарылып тұр, – дейді М.Сейітбекова.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген «Нүрі-Л Төлеби» ЖШС-і директорының орынбасары Нағашыбек Анарбеков алдағы уақытта құрылыс барысында кеткен бірқатар кемшіліктерді ретке келтіреміз деп отыр.

20160415 153028

– Біз сылау жұмыстарын қыста жүргіздік. Күн жылыған соң, жасайық деген ұсынысымызға тұрғындар қарсы болды. Олар жөндеу жұмыстарының ертерек аяқталып, өз баспаналарына көшіп келуді қалады. Ал құбырлардан аққан суға келер болсақ, жатақхана тұрғындары өз бөлмелеріне су тартпақ болған. Осының салдарынан құбырлардан су кетіп, біраз әбігерге түстік, – дейді директордың орынбасары.
Сейсмонығайту жұмыстары кезінде жатақхана тұрғындары өзге жерге көшірілген. Бұл ретте мердігер мекеме әр отбасыға пәтер жалдап тұру үшін тиісті қаражат бөлген. Қазір тұрғындардың бөлмелерінің іші, дәліздері жөнделіп, ауласы ретке келтірілді. Үйдің сырты да сыланып, боялған. Құбырлары, кәріз жүйелері мен электр сымдары жаңартылған.

Последнее изменение Среда, 20 Апрель 2016 09:13
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.