Талап болса, жұмыс табылады

Среда, 20 Апрель 2016 06:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6280 раз

Шымшаһар – жуық арада еліміздің үшінші мегаполисіне, миллионер қалаға айналады деп болжануда. Тіршілігі қайнаған Шымкентте жұмыс беруші де, жұмыс іздеуші де көп. Оның үстіне, қала мектептерін жыл сайын мыңдаған түлек аяқтайтынын ескерсек, сапалы білім алу мәселесі өзекті мәселелердің бірі екені анық.

Жастардың жiгерiн жаныған бағдарлама

Әйткенмен, білім алумен қатар тұрақты жұмысқа орналасудың да маңыздылығы жоғары. Зауыт-фабрика иелері мен мекемелер дипломмен қатар біліктілік пен жұмыс тәжірибесін талап етеді. Оқуын кеше ғана тәмамдаған жас маманда ол қайдан болсын? Сондықтан да, жастарға қолдау ретінде қабылданған бірден-бір бағдарлама – «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасының» халыққа берері мол жоба ретінде мойындалды. Жұмыссыз жүргендерге, әсіресе жастарға жаңа мүмкіндіктерді ұсынған бағдарламаның былтырғы көрсеткіштері көңіл қуантарлық. Айталық 2015 жылы мыңдаған адамға екі қолға бір күрек табуға септігін тигізіп отырған бағдарлама аясында 12 996 адамды қамту жоспарланып, орындалса, 2016 жылдың басында жоспардың 120,4 пайызы орындалған.

DSC 0969

«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының ең маңызды бағыттарының бірі – жастар практикасы болып тұр. «Жастар практикасы» – арнаулы және жоғары оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамту мәселелерін шешудегі бірден-бір жол. Оқу орындарының түлектерін еңбек нарығындағы бәскеге қабілеттілігін арттырудағы «жастар практикасы» бағдарламасы жұмыспен қамту органдарымен ойдағыдай қолданылып келеді. Тиімді бағдарлама жас түлектерге, олар алған мамандық бойынша практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді және оларға келешекте тұрақты жұмыс орындарына орналасу үшін зор перспективаларға жол ашады. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар мен шектеулер де жоқ емес. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылатын жобаға 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Сондай-ақ, мұндай құқылылар қатарында балалар үйінің тәрбиеленушілері, тұл жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен 2013-2015 оқу жылдарының түлектері де бар. Өткен жылы «Жастар практикасының» жұмыс жасауына мемлекеттік бюджеттен 114,4 миллион қаржы бөлінсе, биыл 474,171 миллион қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақылары мамандықтарына қарамастан бірдей мөлшерде бөлінеді. Өткен жылы жастардың айлық жалақысы 35 676 теңге болса, биыл әр азаматтың айлығы 38 178 теңгені құрап отыр.

Түлектердiң 80 пайызы жұмыспен қамтылды

Бағдарламаның үшінші бағыты аясында жүзеге асып жатқан жастар практикасын және әлеуметтік жұмыс орындарын құру бағдарламаларын іске асыру жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге ықпал етуде. 2020 жылға қарай елдегі жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан асырмау көзделсе, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-дан аспайтын болады деп болжануда. Әлбетте, бұл биік межеге жету оңай емес.
Бағдарламаның аясындағы жастар практикасы бағытының мақсаты – жас маманды жұмыспен қамту ғана емес, оның бойында іскерлік қабілеті мен жауапкершілікті арттыруды да көздейді. Сонда ғана ол нағыз білікті маманға айнала алады. Былтыр Шымкент қаласында «Жастар практикасына» оқу орнын бiтiрушi 653 жас түлек жолданып, солардың 80 пайызы, яғни 523-і бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жастардың көбісі мемлекеттік мекемелерді таңдап, әрі сонда қалып жатыр. Әсіресе, көбісінің таңдауы медицина саласы. Яғни, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бағдарламаға мейлінше үлес қосатын мекеме. Сонымен қатар, білім саласының да үлесі бар. Әлеуметтік саладан бөлек, облыстық сот, прокуратураның да сұранысы ұлғайып келеді. Нақтырақ айтқанда бағдарламаға қатысушылар білім саласына – 211, денсаулық сақтау саласына – 216, мемлекеттік басқару – 52, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бағытында – 23 жас азамат жолдама алған. Жастар практикасына тартылған мекемелердің саны 232 құрады. Яғни көрсеткіш 80 пайызды құрап отыр. Бүгінгі таңда 171 қысқартылған азаматтарға Шымкент қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығы» тарапынан бос жұмыс орындары ұсынылып, тұрақты жұмысқа орналастырылды. Биыл өңіріміздегі жастар тәжірибесіне қатысушылардың құжаттары 5 қаңтардан бастап қабылданды. Ал оларды жұмыс ұсынған мекемеге жіберу жұмысы 20 қаңтарда жүзеге асқан болатын. Азғантай уақыттың ішінде ендігі 800-ден астам жасты практикаға жолдап үлгерген жұмыспен қамту орталығы биыл бағдарлама аясында 2070 азаматты жұмыссыздықтан құтқаруды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, мекемеде жолдамалар беру жыл соңына дейін жалғасады.

Еңбек еткен ерiнбей...

Қазақстанның еңбек нарығында қалыптасқан ахуалға көз жүгіртсек, жоғары білікті мамандарға деген сұраныстың жоғары екенін аңғаруға болады. Бұл тұрғыда мемлекет кәсіпорындардың өндіріс көлемі немесе өнімнің бағасы төмендеген жағдайда ондағы жұмыс орнының қысқаруына жол бермеу шараларын қолға алып отырғанын жағымды жаңалыққа теңесек жарасады. Себебі, бюджет қаржысы арқылы мамандар жалақысының үштен екі мөлшерінде уақытша субсидиялармен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл жұмыс орындарының қысқаруынан сақтайтын тиімді шара болмақ. Субсидиялар Шымкент, Кентау қалаларындағы қала құраушы кәсіпорындарына берілмек. Осыған байланысты, аталған қалалардың әкімдеріне қала құраушы кәсіпорындар бойынша тиісті мониторинг жүргізу және білікті қызметкерлердің жұмыс орындарын сақтау үшін мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалану қажет, ол үшін жоғалған айлықтан үштен екі бөлігін уақытша субсидиялауға қажетті өтінімді ұсынады.
Бағдарлама аясында еңбек ресурстарының сапасын жақсарту шаралары да қарастырылып отыр. Нақтырақ айтсақ, жұмыс берушілерге өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыскерлерді оқытуға (қайта даярлау/біліктілігін арттыру) грант бөлу ұсынылуда. Бағдарламаға қатысушының жұмыс орны сақталады, ал оқу шығынының 80 пайызын мемлекет төлесе, қалған 20 пайызы жұмыс беруші есебінен өтеледі. Осы арқылы кәсіпорындарға жұмысшыларының біліктілігін арттыруға оңтайлы мүмкіндік туындап отырғаны анық.
Жастарға қатысты мәселелер қашанда бірінші кезекте болуы және бәрімізді де толғандыруы тиіс. Себебі ел ертеңі жастарымыздың тұлға ретінде қалыптасып, белгілі бір мамандықтың иесі болуы өте маңызды. Бұл тұрғыда елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттiк жастар саясаты, еңбек және жұмыспен қамту саласы жас түлектерге мейлінше мол мүмкіндіктерді ұсынуды көздейді.

Бекболат ДОСЫМҰРАТОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.