Әлеуетi артқан әскери мектеп

Пятница, 06 Май 2016 11:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 12280 раз

Олардың бар арман-мақсаты – елін жаудан қорғайтын азамат атану, Қазақстан Қарулы күштерінің айбынды офицері болу. Осы мақсатта қандай қиындық кезіксе де төзуге бар. Қорғаныс саласы темірдей тәртіпті талап ететінін жанымен ұғынған. Бәрінің де кеудесінде намыс найзағайы ұшқындап тұр. Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқанымызда осындай ой келді.

Тәртiп пен талап күшейдi

DSC01583

Биыл әскери-мектеп интернаттың ашылғанына 32 жыл толады. Оқу орны ҚР Үкіметінің 2015 жылы 26 қыркүйектегі Қаулысымен ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына өтті.
Мектеп өзгеріс, өркендеу жолында тұр: сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелер көбейген, биыл оқу бағдарламасына түрік тілін оқу енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, мектепке тек 9-ы сыныпты бітірген мектеп оқушылары ғана қабылданады.
Мұның бәрі де алға қарай жылжудың, талап пен тәрбиенің қатаңдатылуында болса керек. Оқу орнының басшысы, полковник Ғазиз Төлеуішев осылай дейді. Былтыр қараша айынан бері басшылық қызметке тағайындалған ол бізге мұның негізгі себептерін түсіндіріп берді.
– ҚР Қорғаныс министрлігі қарамағына өтуіміздің ең бірінші маңызы – тәртіп күшеймек. Негізгі міндет – сабақ үлгерімін жақсарту, тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу. Мектепті бітірген ұландарымыз жоғары әскери оқу орындарына көптеп түсу керек. Бағдарламалар осы мақсатта қабылданып жатыр.
Мәселен, қазір киім кию үлгісі өзгерді. Тамақтандыру, басқа да жағдайлар одан әрі дами түседі. 7 сәуір күні мектебімізге облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов мырза келді. Кездесуде жаңа оқу корпусы керектігі айтылды. Яғни, алдағы уақытта заманға сай жаңа әскери мектеп ғимаратын салу жоспарланып отыр. Қазір екі жақты келіссіздер жүргізілуде. Біз өз тарапымыздан қандай нысандар салыну керектігін айттық. Қаражат мәселесі шешілсе, құрылыс жұмыстары осы жылы басталып кетуі де мүмкін.

DSC01592

Оқушылардан жақсы оқу үлгерімін, тәртіпті талап ету үшін материалдық-техникалық база да дұрыс деңгейде болу керек. Қазіргі күні еңселі спорт залымыз жоқ. Үлкен мәжіліс залын салу қажеттілігі де туындап отыр. Жаңадан салынатын ғимараттың жоспарына бәрін енгіздік. Әзірге барға қанағат етіп, оқу-тәрбие жұмыстарын ойдағыдай атқарып келеміз. Жетістіктеріміз аз емес. Облыс көлемінде, республикалық іс-шаралардың бәріне қатысамыз. Әрқашан да шырайлы Шымкенттің атын әйгілеуге, елдің Туын биік ұстауға шәкірттерім әрдайым дайын! – дейді мектеп басшысы.

Өзгеру, өркендеу жолы

DSC01590Сабақтан тыс уақытта үйірмелердің көбейгенін айттық. Қаңтар айынан бері 9 үйірме жұмысын бастапты. Болашақ офицерлер ағылшын тілінен бөлек, түрік тілін меңгеруге кіріскен. Әрине, қосымша сабаққа ең әуелі ынтасы зор, тіл үйренуге талаптылары қатысады.
Қазіргі күні 9, 10, 11 сыныптар бойынша барлығы 416 ұлан білім нәрімен сусындап жатыр. Оның 90 пайызы – жергілікті ұлт өкілдері. 38 мұғалім жұмыс істесе, оның 15-і – жоғары санатты. 

Оқыту қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізіледі. Жыл сайын мектепті 150 ұлан бітіріп шығады. 

Мектеп түлектерінің Ресей, Түркия, Беларусь еліндегі әскери оқу орындарында тәлім алып жатқандары баршылық.
Өңірлердің үлесін айта кетсек, мұнда негізінен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облысынан келіп оқитындар көп. Алда насихат жұмыстары күшейе бермек.

«Отан қорғауға дайынмын!»

2003 жылы мектепке Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымовтың аты берілгенін көпшілік білер. Әйгілі батырдың даңқын асыру, мектебін мақтаныш ету шәкірттердің басты ұраны екенін байқадық. Мектептің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін уақытша атқарушы Сәкен Қолдасбекұлымен бірге шәкірттердің сабақтарына қатыстық. Әуелі физика пәні кабинетіне кірдік. Мұндағы оқушылардың бәрі техникалық пәндерді сүйіп оқитындар екен. Солардың бірі Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласынан келген – Мадияр Қожаназаров. Арманы асқақ, мақсаты айқын. Бізге «Қазақстан Республикасының туын алып жүретін азамат болғым келеді» деп екпіндей сөйледі.

DSC01597

– Сабыр атамыз секілді, ел ді, жерді қорғайтын азамат болсам деймін. Отан үшін бәріне дайынмын. Мұнда тәртіп бірінші орында. Арманым – жоғары әскери оқу орнына түсіп, Отан қорғау. Қазір математиканы меңгеруге әрекет етіп жатырмыз. Жалпы, бізге техникалық пәндерді меңгерген дұрыс. Қазіргі заман талабы сондай. Сыныбымызда 25 шәкірт бар. Бәріміздің жоғары оқу орынында да бірге оқысақ деген үмітіміз бар, – дейді өзі.
Биыл мектепті бітіретін олар Қорғаныс министрлігіне қарайтын «Жас Ұлан» мектебінің 1-і түлектері болмақ. Қазір ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындық үстінде. Мадияр алдындағы барлық кедергілерден өтемін деген сенімде.
Қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне кіргенімізде 10 сынып оқушысы Шыңғысхан Төлеубай қолды сермей өлең оқып жатыр екен. Ол – Шымкент қаласындағы Маржан Тасова атындағы № 12 Дарын мектеп-интернатында оқыған. «Кішкентай кезімізде қолға қару алып ойнайтынбыз. Арманымыз мақсатқа айналды. Соған жету үшін тырысып келемін. Алдымен анам ұсыныс айтты. Одан кейін қызығып, мектеп туралы мәлімет жинай бастадым. Ақыры осында оқуға бел байладым. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан жерімізді қорғауға келіп отырмын». Өлең жазатын қыры бар шәкірттің де басты мақсаты осы. Кейінгі кездері шет тілдерін үйренуге ден қойып жүргенін де білдік. Оның жоғары оқу орынына түскенде пайдасы тимек.

Мерекенi өз деңгейiнде атап өтпек

20160504 123447

Мектеп басшылығы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңістің 71 жылдығы мерекесіне дайындықты сәуір айында-ақ бастап кеткен. Басшылар үшін де, оқушылар үшін де мерекелерді жоғары деңгейде атап өту маңызды.
Мектептің тәрбие және идеологиялық әскери патриоттық бөлімшесінің басшысы Жаңыл Басбақбаеваның айтуынша, балалар 25 сәуірден бастап қалалық іс-шаралардың бәріне қатысып келеді. Ардагерлерді құттықтап, құрметтеп жатыр. Екі айлық жоспар түзілген.
Кеше ғана оқушылар Ұлы Отан соғысы ардагерлері – Қорғанбай Елеуов, Абылай Қазыбаев, Алексей Зинченко және Владимир Савченконың үйіне барып, құттықтап қайтыпты. Мектеп кітапханасында соғыс ардагері Абылай Қазыбаевпен кездесу ұйымдастырылған.
Басшылар 7 мамыр күні «Түркістан» салтанат сарайында облыс әкімінің қатысуымен өтетін салтанатты жиынға 100 оқушыны қатыстыруды жоспарлап отыр. Бір ұлан құттықтау сөз сөйлемек.
Мектептің тәрбие жұмысының бағыты мен мақсаты да осындай іс-шаралар. Оқушылардың бойында патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, ҚР Конституциясын құрметтеуді үйрету – басым бағыттардың бірі.
– Мектебімізде екі жылдық патриоттық тәлім-тәрбие алған оқушы әрдайым Отан қорғауға дайын тұрады. Әскери жоғары оқу орнына түссе де, түспесе де. Біздің түлектер қай салада болса да абыройлы еңбек ететіне мен кәміл сендіре аламын. Денсаулығына байланысты өте алмай қалатындар бар. Түрлі жағдайлар болады ғой. Бірақ түлектеріміз ең әуелі тәрбиелі тұлға болып қалыптасады. Отан қорғауға әрқашан дайын! Ең негізгі мақсаты осы, – дейді Ғазиз Төлеуішев ең әуелі тәрбиеге көңіл бөлетініне айтып.
Біз осындай жағдайларды көкейге түйіп қайттық.

 

Последнее изменение Четверг, 15 Сентябрь 2016 04:40
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.