Антына адал жауынгерлер

Пятница, 06 Май 2016 11:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6184 раз

Әскер өмірі қашанда темірдей тәртіпті қажет етеді. Бұл – өмірін осы саламен байланыстырған жандар үшін бұлжымайтын қағида. Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуде. Олар еліміздің қауіпсіздігін ғана емес, ішкі тыныштығын да күзетеді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында әсери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысудың мүмкіндігі туды.

DSC 0734Біз әскери бөлімге келгенімізде сарбаздардың тынығу сәтіне кезіктік. Барлығы теледидар тамашалап отыр. Қай бөлімге бас сұқсаң да, әскери тәртіптің лебі байқалады. Қазіргі кезде жастар әскерден бой тасаламайды, керісінше Қарулы Күштер қатарына баруға ынтасы зор. Өйткені жас жігіттерге әскери өмірдің берері мол. Биыл да әскери бөлімге сарбаздар Алматы, Астана қаласынан, Солтүстік, Шығыс, Батыс өңірлкрінен келіпті. Ал оларға жүктелген міндет жеңіл емес. Сарбаздар үшін әрбір минут қымбат. Әскери мамандардың айтуынша, мектептен кейін жасөспірім алдымен мұнда тәртіп арқылы шыдамдылық пен төзімділікке үйренеді. Сондай-ақ, жастардың сана сезімінің қалыптасуына, жинақылыққа баулиды. Айтқандай-ақ, Отан қорғаудағы жұмыстың ұсақ-түйегі жоқ. Әскери жарғыда не жазылды, соны мүлтіксіз орындайды. Одан жігіттердің абыройы артпаса, кемімейді. Жауынгерлердің әскери өмірі таң қыла бере басталады. «Тұрыңдар!» деген белгі берілісімен төсектерін жинастырып, таңсәрілік жаттығуларын жасайды. Казарма ішін ретке келтірісімен сап түзегендер, ертеңгілік астан кейін орталық алаңда еліміздің Әнұранын шырқайды. Мұнда этнос өкілдері де қазақ тілін меңгеріп алған. Командирлердің бұйрықтары да қазақша. Бөлімде мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлінген.
Әскер бөлімі өңірдегі мемлекеттік маңызы бар нысандарды, түзеу колонияларын күзетеді. Сонымен қатар, қаланың күнделікті тыныштығын полицейлермен бірге қорғайды. Олар патрульдік полиция батальонымен бірге Шымкент қаласының аумақтарын күн сайын сағат 17-ден 23-ке дейін күзетеді. Таяуда әскери өмірде өздерін жақсы жағынан көрсеткен үш жауынгердің ерлігін естіп, марқайып қалдық.
... Кешкі уақыт. Күн ұясына батып, ымырт үйіріле бастаған шақ. Әдеттегідей сарбаздар жаяу жүргіншілер өтетін жол қиылысында тұрған болатын. Кенет жауынгерлерге жанұшырып әйел кісі жүгіріп келеді. Оған белгісіз бір адам күш көрсетіп, сөмкесін тартып алғанын айтып шағымданады. Қылмыскерді дер кезінде ұстау үшін уақытты босқа жібермеу керек. Жігіттер ұрының түр-түсін сұрастыра жүріп, тауып алады. Әскери сарбаздардың ізіне түскенін көріп, ол бой тасалағысы келді. Бірақ үлгермеді. Күнде спортпен шынығып жүрген жігіттер ұрыны лезде қолға түсіріп, құқық қорғау органына апарып тапсырады.
Сарбаздар барлығына дайын болуы керек. Отан алдындағы борышымызды адал атқару біз үшін үлкен міндет, абырой, – дейді қатардағы жауынгер Б. Бегейбаев.
Рухани бай, көзі ашық азаматтарды ел қорған тұтатыны анық. Осы орайда әскери бөлім командирі, полковник Жамбыл Кульбаевтың да еңбегін атап өтуге болады. Ол өз лауазымын абыроймен атқарып жүр. Өз ісімен, адами қасиеттерімен ерекшеленетін азаматты әскери ұжым ерекше құрметтейді.
– Біздің басты жұмысымыз – жауынгерлердің тәлім-тәрбиесі. Оларды ұлттық рухта, отансүйгіштікке баулуға көп көңіл бөлеміз. Нәтиже жаман емес, жауынгерлеріміздің мемлекеттік рәміздерге деген құрметі ерекше. Олардың әрқайсысы мемлекеттік Әнұранды әуелете шырқайды. Мереке күндері бөлімде еліміздің аспан түстес Туы желбіреп, әртүрлі спорттық ойындар өткізіледі, – дейді 3 взвод сержанты Сәкен Нұсқабаев.
– Әрине, әскери өмірдің өз қиындығы бар. Соған қарамастан, мұнда үйренгенім көп. Өз басым әскери қызмет барысында сержант, командирлерді үлгі тұтамын. Олардың қамқорлығын айқын сезінемін және әрдайым сенімдерінен шығуға тырысамын. Нәтижесінде қиындықты жеңіп, әскери тәртіпке дағдыландым, – дейді Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан келген Бижігіт Әлімжанұлы.
Ал Шығыс Қазақстан облысынан келген Азамат Мәуітханұлы Шымкенттің көркем қала екенін, қала тұрғындарының қонақжай, мейірімді, бауырмал екенін айтады.
Қазір әскери бөлімшенің өз музейі бар. Онда әскери мекеме өміріндегі елеулі оқиғалар, атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер келушілердің назарынан тыс қалмайды. Кезінде спорт саңлағы, боксшы марқұм Бекзат Саттарханов осы бөлімшеде әскери борышын өтепті. Әрбір жасқа өнеге болатын қаһармандардың да құжаттары мен наградалары музей сөресінде тұр. Ал бөлімдегі кітапхана қоры жыл сайын байытылып отырады. Бөлімше мерзімді баспасөзге де жазылған. Облыстық, қалалық қана емес, республикалық басылымдар да бар. Сарбаздар сейіл кезінде кітапханаға келіп, кітап оқиды. Соның бірі –қатардағы жауынгер Петр Свифидов. Ол тарихи шығармалар мен детектив кітаптарды оқығанды ұнатады екен.
Әскери бөлімшеде психолог мамандар да жұмыс істейді. Олар да сарбаздар тәрбиесіне үлесін қосып жүр. Жауынгерлерге маманның ақыл-кеңес айтатын кездері аз емес, себебі әскери бөлімше бір ұжым, бір отбасы сияқты. Сондай-ақ, сарбаздар қоғамдық жұмыстардың бәріне атсалысады.
6506 әскери бөлімінде осындай жақсы істер бар. Әрбір жауынгер Отан қорғау абырой екенін жан-тәнімен сезінеді. Бөлім еліміздің гүлденуіне, тыныштығы мен қауіпсіздігіне осылай үлес қосуда.

Последнее изменение Пятница, 06 Май 2016 11:28
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.