Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімі ретсіз сауда орындарын жою мақсатында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Абай ауданында рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Оған аудандық жергілікті полиция бөлімі, сәулет және қала құрылыс, жер қатынастары бөлімінің мамандары қатысты. Олар Республика даңғылындағы «Көмешбұлақ» базары маңында заңсыз көкөніс, балмұздақ пен сусын, тағы басқа өнімдер сатып жатқан сатушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, айыппұл салды.
– Абай ауданы бойынша жыл басынан бері ретсіз саудаға қатысты 568 хаттама толтырылды. 1 миллион 166 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 646 мың теңгесі өндіріліп отыр. 85 ретсіз сауда орындары анықталып, сол бойынша қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Досанғали Ертаев.
Айта кетейік, аудан көлемінде бұдан бөлек 104 дүңгіршек анықталып, оның 80-ге жуығы алынып тасталған.