Жолаушылар тасымалы талапқа сай жаңғыртылады Избранное

Пятница, 25 Август 2017 05:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5469 раз

Бүгінде облыста 7 автовокзал және 23 автобекет жолаушыларға қызмет көрсетеді. Автовокзалдар мен автобекеттерді Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру – уақыт талабы. Бұл мақсатта облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен автовокзал басшылары арасында 2016 жылы Меморандум түзілген еді. Оған сәйкес, автотұрақтар заманауи талапқа сай болып, сапалы қызмет ұсынуы тиіс. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырған рейд барысында қаладағы бірқатар автотұрақтардың жағдайымен таныстық.

DSC 4709

Автовокзалдар төрт санатқа бөлінген

Меморандумға сәйкес, 2019 жылы автотұрақтар 100 пайыз талапқа сай болуы керек. Осы бағытта мекеме басшылары заманауи талапқа сай болуға әрекет етіп жатыр. 

Бекеттер – қаламыздың көркі. Жолаушылар, туристердің ең бірінші бас сұғатыны осы орындар. Сол себепті мекемелер жауапкершілікті сезінуі керек. Бүгінде бұл маңдағы ретсіз сауда нүктелері жойылуда. 

Қазір өңірде 63 тасымалдау мекемесі бар болса, 2700-ден астам автобус түрлі бағытқа қатынайды. Сапалы қызмет көрсету және қауіпсіздікті сақтауға көңіл бөлінуде. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаевтың айтуынша, қазір автовокзалдар төрт санатқа бөлініпті. 

– Облыста бірінші санатқа лайық 6 автовокзал бар. Олар 80 пайыз талапқа сай. Екінші санаттағылар 65-80, үшінші санаттағылар 50-65 пайыз аралығында талапқа сай. Ең төменгі – төртінші санаттағылардың жағдайы 50 пайызға дейін. Біз оларды тізімнен шығарып тастау мәселесі бойынша облыстық әкімдіктің комиссиясына ұсынамыз, – дейді Мақсат Сайлаубайұлы. 

DSC 4761

Заңсыз тасымалдаумен күресу – тікелей облыс әкімінің назарында тұрған мәселе. Аудандарда мобильдік топ құрылған. Жеті айдың ішінде 24 рейд өткізіліп, 145 хаттама толтырылыпты. Заңсыз тасымалдаушылар да толық анықталған: 145 үлкен сиымдылықты, 756 шағын автобус осындай тізімде тұр.

 

Заманауи талаптарға сай

2006 жылы ашылған Шымкенттегі халықаралық «Самал» автовокзалында оң өзгерістер баршылық. Аумағы 1 гектарды қамтитын нысанда 8 тамыз күні заманауи талаптарға сай екінші күту залы жолаушылардың игілігіне берілді. Мекеменің атқарушы директоры Асқар Шалабаев бірқатар жаңалықтардан хабардар етті. 

– Бізден 2 халықаралық, 7 облысаралық, 23 аудандағы елдімекендерге көліктер қатынайды. Келісімшарт бойынша 22 көлік компаниясымен бірлесе жұмыс істейміз. Бұған дейін келісімшартты бұзу мәселесі болған емес. Таяуда ауданаралық бағыттарға арналған күту залы ашылды. Қыста жылы, жазда салқын. Одан бөлек, облыста алғашқы болып электронды билет сату жүйесін іске қостық. Халықтың әлеуметтік жағдайына қарай баға көтерілген емес, – дейді ол. 

DSC 4730

Мұнда жолаушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Автотұрақ маңында 28 бейнебақылау орнатылған. Мобильдік топ күндіз-түні күзетеді. 

Жүргізушілерге де барлық жағдай қарастырылған. Яғни, олардың жолға шығу алдында дәрігерлік тексеруден өтуіне мүмкіндігі бар. 

Жаңадан ашылған күту залында кітап оқып отырған Азиза Исаевамен сөйлестік. Зейнет жастағы апай мұндағы жағдайға дән риза. Түркістанға жол жүріп бара жатыр. Қарт жолаушы көліктердің қолжетімділігіне, тазалық пен тәртіпке өз ризалығын айтты. 

«Бекжан» автовокзалында да барлық жағдай қарастырылған. Сауда қатарлары стандартқа сай. Мекеменің директоры Ғалымжан Әбуовтің айтуынша, мұнда күнделікті 300 автобус жолға шығады. Облысаралық 6, ауданаралық 27 бағыт бар. 19 компанияның жұмысы ретке келтірілген. 

Көлік компанияларына жүктелген міндеттің бірі – жолаушылардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу. Мәселен, бүгінде көліктерге өз мекемелерінің атаулары жапсырылып жатыр. Бұл жолаушыларға өте тиімді. Қай бағытқа жүретіні, қай фирмаға тиесілі екені айқын жазылып тұр. Жол патрульдік полициясы да көліктердің бағытын анықтап отырады. 

DSC 4660

Заңсыз жолаушылар тасымалына жол жоқ

Облыста шамамен 145 сыйымдылығы үлкен автобус пен 756 шағын автобустың заңсыз тасымалдаумен айналысатыны анықталған. Олардың енді тәртіпке мойынсынуына тура келеді. 

Басқарма басшыларының мәліметінше, бүгінге дейін ауданарлық тұрақты бағыттарға қызмет көрсететін 354 (75 пайыз) шағын автобусқа өз белгілері орнатылыпты. Яғни, бұдан былай, көлікте мұндай мәліметтері болмаса, ол заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік тізіміне кірмек. 

Сондай-ақ, тасымалдаушы компаниялар өз көліктерін жыл сайын жаңарту керек. Былтыр екі тасымалдаушымен келісімшарт бұзылған. Биыл 111 автобусты жаңарту жоспарда тұр.

БАҚ өкілдері де заңсыз жолаушылар тасымалдайтындардың әрекетіне рейд барысында куә болды. Шымкент-Ташкент бағытында қатынайтын бірқатар көліктердің заңсыздықтары анықталды. Мәселен, кейбір жүргізушілердің жолаушылар тасымалдау куәлігінің уақыты өтіп кеткен. Оларға жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал енді бірінің сақтандыру полисінің мерзімі жарамсыз болып шықты.

Последнее изменение Пятница, 25 Август 2017 06:18
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.