Бас қаланың үш анығы Избранное

Вторник, 05 Июль 2016 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4559 раз

Немiстiң ұлы ақындарының бiрi: «Архитектура – таспен жазылған құдіреттi музыка» деп айтпақшы, Астанадағы «Бәйтерек», «Салтанат сарайы», «Пирамида», «Хан шатыр» сияқты ғажайып ғимараттар адамзаттың биiк ой-толғамынан шыққан туындылар.

Астана – Бәйтеректен бастау алады. Ол – Астананың символы десек те, оның бойынан ұлтымыздың ұстынын көремiз. «Бәйтерек» пен «Мебиус лентасы» Еуразиялық бiрлiгiмiздi, жалпы, «Бәйтерек» монументi – жер, өмiр және көк аспанның үйлесiмiн бiлдiредi. Қос құрлықтың үн қатысуын айшықтайды. Бұл – Астананың бiрiншi анығы.

Даналықтың сыры – ел мұқтажын өзгелерден тереңдеу ойлап, оның қажеттiлiгiн айшылық жерден көре бiлуде жатыр. Астананың Сарыарқаның қақ жүрегiнде бой көтеруiнiң мәнi болашақ дамуымыздың көкжиегiн көрсетедi. Бұл шара геосаяси, стратегиялық жағынан да дұрыс саяси шешiмi болатын.

photo 125910

Құрылыс iстерi қай дәуiрде де сәулет өнерiне иек артқан. Сондықтан да оның араласпайтын саласы жоқ. Соңғы жылдары Бразилия қаласы сәулет өнерiне басыбайлы бағыныста болып, соның ықпалымен бой көтердi. Қаланың бас жоспарында көлiк мәселесi өте үлкен шеберлiкпен және уақыт талабына сай шешiмiн тапқан. Онда тоқтаусыз жүретiн машиналар жолдары бiрнеше деңгейде өтедi, жеңiл машина мен жүк машиналары жүретiн жолдар бөлек, автокөлiк тұратын орындар ыңғайлы жерге орналасқан, жаяу жүретiн адамдар үшiн де жол қауiпсiз. Астанада қазiр және болашақта жүргiзiлетiн жұмыстар осы талап биiгiнен көрiнетiнi анық.

Елбасының 1998 жылғы наурызда республикамыздың шығармашылық, ғылыми зиялы қауым өкiлдерiмен кездесуiнде айтқан сөзi қоғам өмiрiне үлкен серпiлiс әкелгенiн мойындағанымыз абзал. Президент өз сөзiнде: «Мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз мекен еткен қасиеттi қазақ жерiнiң бiр бөлiгiн – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дархан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетiндер бар кезде, солтүстiктегi шұрайлы өңiрге суық көзiнiң сұғын қадайтындар бар кезде бiз мына жылы жерде, әсем қала Алматыда тыныш отыра алмас едiк» деген едi. Мемлекет басшысының осынау ой байламында үлкен көрегендiк жатқан болатын. Мұның өзi сол кездегi жат пиғылдылардың арам ойына бұғаулық салудағы бiрден-бiр тегершiк болатын.

Қала құрылысының салу мәдениетiнде болашақ шаһардың бой көтеретiн географиялық аумағы оның халық тұруға жайлылығы, қаланың басқа аумақтармен қарым-қатынас жасауға қолайлылығы ескерiледi. Бұл ретте, Астана жоғарыдағы барлық талаптарға жауап бере алады.

Ескi бiр аңыздарда көне грек елiнде қала салатын жерге байланысты мынадай бiр әпсана сақталыпты дейдi сәулет өнерiнiң профессоры Шота Уәлихан ағамыз.

«Ескендiр Зұлқарнайдың аты әлемге жайылып тұрған кезi болса керек. Динократ атты сәулетшi онымен тез арада кездескiсi келсе де, сәтi түспей қояды. Сәулетшi Ескендiрдiң шатырына жақындап барады. Өзi ұзын бойлы, көз тартарлықтай сұлу жiгiт болса керек, үстiндегi киiмiн шешiп тастап, денесiне жылтыратып май жағып, иығына арыстан терiсiн жамылып, қолына гүрзi алып, патшаға қарай ұмтылыпты. Диуаналау жiгiтке назар аударған Ескендiр оны шақырып алып, оның кiм екенiн сұрапты. «Мен, Македониядан келген сәулетшiмiн» деп бастапты сөзiн Динократ. «Сенiң даңқыңа сай жоба әкелдiм. Афон тауынан сенiң мүсiнiңдi қашамақ ойым бар. Сол қолыңның алақаныңа үлкен қала салмақшымын, ал оң қолыңда таудан құлаған бұлақтардың суы жиналатын үлкен кесе болады. Кеседегi суды кейiн теңiзге ағызамын» дептi. Тамаша жобаға таңғалған патша: «Құрылыс салынатын жердiң айналасында қала халқын астықпен қамтамасыз ететiндей егiстiк алқап бар ма екен?» деп сұрапты. «Ондай жер жоқ» деген жауап алғаннан соң, сәулетшiге: «Динократ, сенiң жобаңның көркемдiк шешiмiн жоғары бағалаймын және оған таңғалып тұрмын, бiрақ жаңа туған бала емшектен айырылса, күнi қараң болатыны сияқты, қала халқын аш ұстай алмаймыз, дәл мына жерге құрылыс салуға болмайды екен» дептi. Осы бiр аңызда шындық жатыр! Иә, аңызда да шындық бар. Бүгiнгi Астананың айналасы халықтың өз нәпақасын айыруға толық қауқары жетедi. Ол астықты өлке. Бұл – Астананың екiншi анығына саяды.

Қазақ елiнiң тарихында үш астанасы болды. ХХ ғасырдың еншiсiнде қалған астаналар көшi өз заманына қарай тиесiлi мiндеттерiн атқарды. Уақыт тұтқынында қалған ол қалалар әр кездерде түрлi атаулармен аттарын өзгертiп отырды. Ор өзенiнiң бойындағы алғашқы астанамыз – Орынбор аталса, орталықтың 1925 жылы Ақмешiтке көшуiне байланысты оның аты Қызылордаға өзгертiлдi. 1929 жылы астана Алматыға көшiрiлгенде оның аты көштен бiраз бұрын Верный атауынан өзгертiлген екен.

Астанасын да, оның бастапқы атын өзгерткен де жалғыз Қазақстан емес. 1868 жылы Жапонияның императоры Муцухито ел астанасын Киотодан Эдоға көшiрiп, кейiн ол атау Токио болып өзгертiлген. Норвегияның астанасы – Осло 1614 жылы түбiрiне дейiн жанып кеткен. Оның орнына салынған жаңа қаланың аты сол тұстағы монахтың құрметiне Кристания деп аталып, 1925 жылы Осло (орман iшiндегi алаңқай) деген атын қайтарып алыпты. Канада мемлекетiнiң астанасы – Оттава («үлкен өзен» дегендi бiлдiредi) ХIХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары бой көтерген. Оның бұрынғы атауы Ридо каналын салушы, полковник Байтаунның атында болған. Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласының аты картада 1917 жылы пайда болған. Ол – 1550 жылдан берi Гельсинчфорс деген атпен аталған. Сол секілді мұндай мысалдар өте көп кездеседі.

Патша үкiметi әйгiлi Қараөткелдi Ақмолаға өзгертсе, Кеңес үкiметi оның өз саясатына қарай Целиноград деп өзгертуге мәжбүр болған. Үшiншi рет қазақ елiнiң астанасының орналасқан жерiн және оның атын өзгертудi қазақ елiнiң өз байламына қалдыруы тәуелсiздiкпен бiрге келген үлкен сыбаға деп бiлген жөн. Ол қоғамда үлкен талас тудырған жоқ.
Жалпы, Астана атауы – парсы ұғымында босаға, табалдырық, салтанатты орданың қақпасы деген байыпты ұғымды бiлдiредi екен. Бұл – Астананың үшiншi анығы.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Последнее изменение Вторник, 05 Июль 2016 05:56
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.