Киноиндустрияның бір кілті – Шымкентте Избранное

Среда, 28 Декабрь 2016 05:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4479 раз

немесе «Жанұя» фильмі көрерменге жол тартты

Шымкентте «Жанұя» атты фильмнің тұсауы кесілді. Жаңа туындының премьерасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ ғимаратында өтті.

Киноны тамашалауға келгендер алдымен киножасаушылармен танысты. Режиссер Серік Таласов бастаған түсіру тобы мен актерлер бастан кешкен қызықты оқиғаларды баяндады. Олар жиналғандарға киноның әсерлі екенін айтып, көруге кеңес берді. 

DSC 0356

Бұған дейін Оңтүстіктің көрермендеріне «Майдангерлер», «Өтелмес борыш», «Жастық шақ», «Жаңғырық» бейнетуындыларымен танымал режиссер Серік Таласов өзінің толқынысын жасыра алмады. Фильмнің сәтті шығуына атсалысқан барлық техникалық құрам мен актерлерге алғысын білдірді. 

– Шынымды айтсам, отандық телехикаялар жоқ емес, бар. Бірақ көпшілікті түріктің не корейдің сериалдары сияқты жаппай баурап алатыны некен-саяқ. Фильм үшін әрбір адам өз жұмысын тиянақты атқарды. Нәтижесінде оқиғамен өрнектелген туынды көрерменге ой салып, отбасылық құндылықтарды арттыра түседі, – дейді режиссер Серік Таласов. 

zhanuia9Айтқандай-ақ жаңа киноның тұсаукесерін көрермен тапжылмастан отырып тамашалады. Телехикаяда қиыншылықтарға мойынсұнбай, өздерінің махаббаты мен сенімдері үшін күрескен жандар бейнесі сомдалған. Бас кейіпкер – Асқардың отбасысын тастап кетуі, жары мен балаларының барлық ауыртпалықты қайыспай көтеруі бейнеленеді. Сондай-ақ, ұлы Олжастың табандылығы мен өжеттігі, өмірге деген құштарлығы, отбасына деген қамқорлығы мен жауапкершілігі шебер суреттеледі. Фильм өз қаламызда, Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен облыстық «Жастар ресурстық ортылығының» жобасы аясында түсірілген. Тың туынды өзге туындылардан шынайылығымен ерекшеленді. Көркем фильм көрермендерді отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауға шақырады. 

Толық метражды фильмнің бас рөлінде қазақ киносының танымал актері Ержан Жарылқасын ойнайды. Сондай-ақ, Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық драма театрының актрисасы Ақмарал Маханова мен облыстық әзіл-сықақ театрының актері Ғалымжан Қалыбаев өз кейіпкерлерін жақсы сомдайды. Жастар арасында есімі кеңінен таныс Олжас Бекбауовтың өз рөлін шеберлікпен алып шыққанын атап өтуге болады. Тұсаукесер рәсімінде киноның жарыққа шығуына үлес қосқан жас актерлер мен шығармашылық топ облыс әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. 

Жалпы еліміздің киноиндустрия саласында шымкенттік жас режиссерлар өнімді еңбек етіп жүргенін мақтанышпен айтып өтсек артық емес. Бұл орайда Серік Таласов, Шапағат Орынбаев, Батырхан Дәуренбеков, Еркебұлан Жолдасов сынды режиссерлардың өнімді еңбек етіп, кино өнері саласында өзіндік қолтаңбаларымен танылып келе жатқаны белгілі.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.