Қазақы қалжыңның «Үлкен үйі»

Пятница, 28 Апрель 2017 09:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6918 раз

Бүгін біз «Асыл арна» эфиріндегі «Үлкен үй» телехикаясының түсірілім тобына барамыз. Міне, қаланың іргесінде орын тепкен «Алаш» базары маңындағы Шағала көшесі, №87 үйге табан тіредік. Есік ашылды. Иә, иә, көк жәшіктен тамашалайтын дәл сол үй, тапшан, аула, кейіпкерлер... Әбдіразақ ақсақалдың үлкен үйіне баспалдақпен көтерілдік. Фильмдегі шай ішіп отырып, қаншама тағылымды ойлар айтылатын сахна көзімізге оттай басылды. Түсірілім тобы кезекті түсірілімге дайындық үстінде екен. Дубль 1, 2, 3!..
«Асыл арна» телеарнасынан көрсетілетін телехикаяның режиссері Мақсат Оспановпен түсірілім арасында сұхбаттасып үлгердік. Кәсіби киногер бұған дейін 14 фильм түсірсе, оның ішінде «Ауылға бір қыз келді», «Өкініш», «Бізді күтер бір бақыт», «Мент», «Алтын ұя» туындылары көрерменге жақсы таныс. Ендеше сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

img 8578

– «Үлкен үй» телехикаясы – тағылымға толы, үлкенге де, кішіге де ой салатын тың туынды. Жалпы, «Асыл арна» эфиріндегі қай-қай шығарылым да имандылыққа, инабаттылыққа, жақсылыққа, ізгілікке шақырады ғой. Ал «Үлкен үй» көрерменнің қабылдауына да жеңіл, жүрекке жетеді. Идея кімдікі? 

– «Үлкен үйдің» идеясы – «Асыл арнаның» Бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Мұхамеджан Тазабек ағамыздыкі. Арнаның Бас продюсері – Ерлан Әбдірұлы. Жалпы біздің арнаны тек діни бағыттағы емес, отбасылық арна деп те қарастыру керек. Діни басқарма имамдарының уағызы да, балаларға арналған мультфильмдер топтамасы да, деректі фильмдер де, сериалдар мен көркем фильмдер де бар. «Асыл арнаға» жұмысқа келгеніме бір жылдай болды. Осы уақыт аралығында «Үлкен үй», «Бір келіншек» телехикаялары түсірілді. Бұлардан бөлек толықметражды фильмдер көп. «Үлкен үйдің» сценарий авторы – белгілі журналист Мұрат Есжан. Қазір АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында киносценарист мамандығы бойынша білім алуда. 

– «Үлкен үйді» тек қана комедия деп қарастырамыз ба, әлде?..

IMG-20170416-WA0049

– Комедия деп біржақты айтуға келмейді, терең философияға құрылған күрделі туынды деп те айта алмаймыз. Қарапайым қазақы қалжың арқылы тәлім-тәрбие ұсынатын туынды. Әзіл арқылы әр бөлімнің түйіні жасалады. Мысалы, көршінің тауығы ауласына жұмыртқалаған соң, оны өзімдікі екен деп қуырып жеу де ұрлыққа жатады. Үйдің үлкендері жастарға «Көршіге апарып беріңдер!» деп ақыл айтады. Мұның өзі ғибрат қой. Бір бөлімінде комедия, енді бірінде драма кездеседі. Мысалы, әйелі мен күйеуі болмашы нәрсеге келіспей қалады. Қу дүние жеткізбей, әйелі жиһазға, күйеуі басқа затқа жұмсағысы келеді. Содан келіспеушілік туындайды. Астарына үңілсек, адамды жылататын жағдайлар орын алады, яғни, драмаға толы.

Танымал тұлғалар тартылған

– Актерлердің ойыны шынайы. Бұл жолы да телехикаяның шығармашылық құрамы сол актерлерден тұра ма? Әлде өзгеріс бар ма? Әбдіразақ ақсақалдың рөлін сомдаған белгілі актер Ошат Рахимовтың өткен жылы дүниеден озғанын білеміз. Ол кісінің рөлін енді кім сомдайды?

– Ошат атамыз фильм түсіріліп біткеннен екі-үш күннен кейін қайтыс болды. Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының майталман актерi, Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген әртiс Ошат Рахимовтың фильмдегі образы – үлкен үйдің, қала берді тұтас бір ауылдың абыз ақсақалы болды. Ол кісінің рөлін басқа адаммен жалғастыруға болатын еді. Бірақ біз сыншыл халықпыз ғой. «Әжесі тұрмысқа шығып алған ба?!» деген қаңқу сөздер болмас үшін ақсақалдың рөлін осымен тоқтаттық. Екінші жағынан, театр тарланының өмірден өткенін бүткіл Қазақстан біледі. Редакция алқасымен ақылдаса келе, қарияның рөлі тоқтайтын болды. Қайта үйдің үлкені, Әбдіразақ ақсақалдың көзі тірісіндегі үлгі-өнегесі екінші маусымда да жастарға үлкен ой салады. Өтірік айтпас бұрын: «Атам өтірік айтпа деп еді ғой!» деп атасының сөзін жиі еске алып отырады. Қалған актерлер негізінен өзгерген жоқ, сол құрам, керісінше, жаңадан актерлер қосылуда. Актерлерді тізбектейтін болсам, Уәлибек Әбдірайымов, Жүсіп Ақшора, Нұржан Құлшынбаев («Шаншар»), Күлия Рахымбердиева (Ж.Шанин атындағы драма театр), Майра Мақұлбекова [Түркістандағы Р.Сейітметов атындағы драма театры], Дәурен Жұмаділов, Берік Тұрсынбеков, Қарлығаш Тұрсынбекова («Шымкент-шоу»), Нұржан Төлендиев, Нартай Сүлейменов («Алдараспан»), Абай Аязбаев («Нысана»), Жұлдызай Дүйсенбекова («Мафия мен тақия»), Төреғали Төреәлі сияқты белгілі өнер өкілдері ойнайды. Бұл жолғы құрам былтырғыдан да мықты. Басында бұл туындыны тек үйдің ішінде ғана түсіріледі деп қарастырғанбыз. Келе-келе кейбір эпизодтарды далада түсіре бастадық. Сөйтіп, локациялық ауқымымыз да үлкейіп кетті. Бірінші маусымда телехикаяның бас операторы Манат Ешбай болса, екінші маусымды Еркін Сәтенов бауырымыз таспалап жатыр.

IMG-20170417-WA0003

– Сырттай қарағанда, барлығы бір ауылда түсірілгендей көрінеді. Түсірілім орнын қалай таңдайсыздар?

– Басында түсірілім орнын Түлкібас деп алғанбыз. Ол жақ қалаға қашықтау болған соң, актерлердің барып-келуіне қиын болды. Негізінен Шымкент қаласында түсіреміз, кейбір қосымша эпизодтарды Бадамның төңірегінде, кейде Бозарықтың арғы жағындағы ауылдарда түсіреміз. Түлкібас, Ақсу-Жабағылы жақта да бір сериямыз таспаланды. Ауылдың табиғаты оқиғаға сәйкес келуі керек. Шымкенттің ең көрнекті демалыс орындары мен қаланың әсем жерлері де біздің туындыда көрініс табады. Ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне, облыстық Ішкі істер департаменті басшыларына, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарына, Түлкібас ауданы әкімдігіне алғыс айтамын. 

– Ауыл адамдары түсірілім барысын қалай қабылдайды? Үйреніп те кеткен болар...

– Жергілікті тұрғындар жақсы қабылдайды. Кейде аппараттарды электр тогына жалғау үшін ауыл адамдарына өтініш айтуға тура келеді. Өткенде бір атамыз үйінен үлкен тостақпен қолдың айраны мен таба нанын алып шығып, ұсынып жатыр. Біздің шығармашылық топтағы қыз-жігіттердің көпшілігі қалалық, ауыл адамдарының ақ пейілдеріне бір жағынан таңырқаса, бір жағынан риза болды. Ауылдағы ағайынның пейілі кең ғой, шіркін. Бізге арнап арнайы дастархан жайған ауыл тұрғындары да болды. Кейбір көрермендер тарапынан «Неге таңдау Шымкентке түсті?» деген сауал қойылады. Оңтүстікте жергілікті кәсіби актерлер көп. Сценарий 

IMG-20170420-WA0123

Дәурен Жұмаділов пен Жүсіп Ақшораның болмысына арнайы тапсырыспен жазылды. Шымкентке көктем шуағы ерте түседі. Басқа өңірлерде әлі қар еріп үлгермегендіктен, түсірілімге қолайсыздық тудырар еді. Көктемде табиғат бір айдың ішінде сарғайып кететінін ескеріп, Шымкентті таңдадық. Мамыр айының соңында, ораза уақтысында фильмді көрерменге ұсынсақ деп отырмыз. Соған орай түсірілімді ерте бастап кеттік.

Отандық сериалдардың арасында рейтингі жоғары

– Түсірілім барысында кадрдан тыс қызықтардың болып жататыны белгілі. Сіздерде есте қаларлықтай, қыран-топан күлкіге қарық болған қандай қызықтар орын алды? 

– Кейде актерлер тойдан немесе қосымша фильмдердің түсірілімінен келеді. Сондай бір сәттерде сценарийде жоқ әрекеттерді айтсам, кейбірі дұрыс қабылдайды, біреуі: «Сценарийде ондай жоқ еді ғой!» - деп қалады. Сценарийді оқыған, оқымағанын көбінесе содан білемін. Мысалы Дәуренге: «Қақпадан кіресің де, тапшанның астына тығыласың!» десем, «Болды, болды, дайынмын ғой!» деп орындай береді. 

IMG-20170423-WA0022

Есте қалған оқиға, Дәуреннің туған күні кезінде:

– Қосымша сценарийдегідей қоқысты алып көлікке барасың, - деп 5-6 дубль жасатқыздым. Көліктің есігін ашайын деп жатқан кезде есік ашылып кетеді немесе біреу жолдан өтіп кедергі жасайды. Соңында есікті ашып қалғанда, ішінде актерлер, әріптестер гүл шоқтарымен, тәтті тортымен ән айтып құттықтады. Сол кезде де Дәуреннің сценарийді оқымағанын білдік (күлді). Түсірілімі көп болғаннан кейін оны да түсінуге болады, оқып үлгермейді. Кейде 7-ші серияны түсіріп жатып, 5-ші сериядағы бір эпизодтарды қайта түсіруге тура келеді. Сондай кезде актерлер сценарийден шатасады. Жүсіп Ақшора іспетті актерлер импровизацияға жақын. Жазылғанда бөлек, ойнағанында бөлек. Біздің айтқымыз келгенді кейде өздері ізденіп, ой қосады.

– Нұржан Төлендиевтің қыз қуып келген бөліміндегі қолына тас алып кіретін тұсы өте сәтті шыққан. Көрерменді риясыз күлдіреді. Өзіміз көзімізден жас аққанша күлдік...

– Тас алып кіру деген сценарийде болмаған. Мен актерлерге: 

– Есікті тарсылдатып ұрып кіресіңдер. Мотор! - десем, олар қолдарына тас алып кіріп тұр. Бір қарасам, операторлардың бәрі камераның қасынан кетіп қапты. Жерде күлкіден бүктетіліп жатыр. Олардан мұндайды күтпедік. Таспен үй иелерін ұрады екен десек, итті ұру үшін алған екен. Бұл да актерлердің ізденісі. Бұл кісілердің барлығы сахнаның адамдары ғой, оқиғалар жанына жақын болған соң ба, шынайы ойнайды.

20170419 155933

– Фильмнің рейтінгі жоғары екенін білеміз. Екінші маусымды түсіруге рейтингтің жоғары болуы әсер еткен болар?

– Интернеттегі ең аз көрілім – 200-300 мың. Ең жоғарғысы – 500 мың. Екі-үш аптаның ішінде сондай болған. Қазір қандай екенін көргенім жоқ. Кейбір отандық фильмдердің жылдық көрілімі 20-30 мың, «Үлкен үйдің» көрілімінің жартысына да жетпейді. Басшылар да фильмді қайта түсіруге осындай көрсеткіштерге сүйенді деп ойлаймын. Фильм прайм-тайм уақытта, яғни түнгі 22:15-те беріледі, күндіз түскі ас кезінде қайталанады. Оған дейін барлық арналарда үнді, түрік сериалдарының жарысы болады. Сондықтан көрерменге ыңғайлы уақыт сол деп шештік. 

 

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Последнее изменение Пятница, 28 Апрель 2017 11:25
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.