Қасіретті жылдардың қадірін ұққан ұрпақ

Пятница, 02 Июнь 2017 08:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7097 раз

31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Өткен ХХ ғасырда Кеңестік өкіметтің қоластында өмір сүрген халықтар қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. 1935-38 жылдар аралығында еліміздің біртуар, елеулі азаматтары жаппай қуғын-сүргінге ұшырады.

kasiretti-jyldardyn 43

Кеңес өкіметі халықтарды біржолата бұғаулау мақсатында ұлт зиялыларын қудалап, көздерін жою саясатын ұстанды және оны жүзеге асырды. Сол сұрапыл саясат қазақ жерін де айналып өткен жоқ.
Қуғын-сүргін салдарынан жүздеген отбасының шаңырағы шайқалып, әйелдері жесір, балалары жетім қалды. Әкелері жер аударылып, шешелері лагерьлерге жіберілді. Ал ұрпақтары балалар үйіне орналастырылып, «Халық жауының» баласы атанып, өмірдің қиындықтары мен азаптарына тап болды. Кезінде амалсыздан туған жерінен үдере көшкен өзге ұлт өкілдері жергілікті халықпен бауырласып, Қазақстанды өз Отаным деп қабылдады.
31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалында арнайы іс-шара өтті. Облыс, қала әкімдері, мәслихат, мемлекеттік және әкімшілік органдар басшылары, сондай-ақ ардаргерлер кеңесінің, этномәдени орталықтар, қоғамдық және діни ұйымдар өкілдері мен өзге өңірлерден келген қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты.
Өңір басшысы Ж.Түймебаев бастаған зиялы топ алдымен «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Қасірет» мемориалына жиналған қауым нәубет жылдары қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Облыс әкімі өз сөзінде қасіретті жылдары өңірімізде құрбан болғандардың саны мен талайлы тағдырына тоқталды.

– Біздің республикамызда 113 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың қазақ халқының және Қазақстан жерінде мекен еткен басқа да ұлттардың алдыңғы қатарлы азаматтары, көрнекті ұлдары жазықсыз атылды. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2500-дей адам «Халық жауы» деп атылса, 7000-нан аса адам ұсталып кетті. Ал енді соңғы деректердің табылуына байланысты бұл цифрлар көбеюде. Сұрапыл саясаттың салдарынан 507 мың шешен, 180 мың қырым татарлары, 102 мың поляк, тағы да көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға күштеп жер аударылды. Осынау алапат заманнан аман қалған асылдардың тұяқтары, ағаларымыз бен апаларымыз қаншама қиыншылықтарды бастан кешірсе де, туған жеріне аянбай еңбек етіп, аға ұрпақ ісін жалғастырып келеді, – деді.
Мұнан соң мінберге саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Кенбаевтар әулетінің ұрпағы Қайрат Бураханов шығып, зұлмат заманның қиындықтарын баяндады.
– Осы зұлмат заманда шайқалған мыңдаған әулеттің бірі – біздің үрім-бұтағымыз. Бір әулеттен он адам жазықсыз атылды. 1928 жылдары Әбсамат Тәшімұлы, Мырзахан Алтынбек аталарымыз қорланып, аштықпен өлтірілген. Ал енді 1937-38 жылдары 8 атамыз құрбан болды. Әжібай, Сейітбек, Ыбрайым, Жүніс, Әбдірахман, Құрманбек, Есен, Мұхаммед Бурахановтар осы жерде атылды. Репрессияға ұшыраған тұтас әулет туған жерін тастап, шекара асуға мәжбүр болды. Дәулеті мен сәулеті жарасқан ынтымақты әулеттің тағдыры әп-сәтте аянышты халге түсті. Сол заманда біздің ағайындарымыздың 70 пайызы ауру мен аштықтан дүние салды, – деді қария.
Ал саяси қуғын-сүргін құрбаны Тәңірберген Отарбаевтың қызы Ұлжан Отарбаева 1938 жылы әкесін «Халық жауы» деп жазықсыз атқан кезде небәрі бір айлық нәресте болған екен. Әкесінің кім екенін кейіннен, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста бір-ақ біліпті.
Атасының кім екенін білгенмен, оның қабірінің қай жерде екенін білмейтін ұрпақтың бірі – Хайретдин Болғанбаевтың жиен немересі Құралай Камелова. Құралай Тұяққызы Астанадан нағашы атасының әруағына құран бағыштау үшін арнайы келіпті. Сол сияқты Алматы мен Қарағанды қалаларынан да келген репрессия құрбандарының ұрпақтары баршылық.
Шара барысында көпшілік қауым зұлмат заманнан сыр шертетін театрландырылған қойылымды тамашалады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.