Астанадан – асқақ арманмен

Среда, 19 Июль 2017 05:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4941 раз

Шымкенттік оқушылардың ЭКСПО–2017 көрмесіне саяхаты жалғасуда

Шымкенттік оқушылардың Елордаға саяхатының басталғанына да бір айдан асыпты. Көңілді сергітер қызықты оқиғалар, білім-ғылымға ынталандыру, жаңа достар табу... көзделген басты мақсат та осы. «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалап қайтуға 1650 оқушы мүмкіндік алған. Бүгінге дейін мыңнан аса талапты жасөспірімнің арманы орындалды. Әрине, жомарт жандардың арқасында. Қалалық білім бөлімінің қамқорлығы, «Жаңа талап» спорттық-туристік агенттігінің жетекшілік етуімен жүзеге асқан шарада біраз жайтты байқадық. Бұл сапар несімен қызықты? Ендеше, көрген-түйгенімізді баяндайық.

astanadan-askak-armanmen-56 2


Ойы озық
оқушылар бар

Бұл өмірде баланың қуанышынан артық қандай бақыт бар?! Жалпы айтқанда, талапсыз оқушы жоқ. Бар мәселе олардың қарым-қабілетін дер кезінде байқап, жігерлендіре білуде шығар. «Болар баланың бетінен қақпа, белін бу» дейді халқымыз.
Жалпы, білімге құйылған инвестиция ең дұрыс капитал. Мұндай саяхат жасөспірімдердің дүниетанымын кеңейтіп, отанды сүюге, өз елін құрметтеуге құлшынысын арттыратыны анық. Тарихыңды білуге үндейді.
«Жүз адамның түрін білгенше, бір адамның атын біл» деген екен бабаларымыз. Сол айтқандай, туған елдің бас қаласымен танысып, ұланғайыр даланы көзбен көріп, кең мағлұматқа қанығу – бұл ұмытылмас әсер.
Ойы озық оқушылар баршылық. Оларға жағдай жасап, көңілдерін бір сергіткенге не жетсін!?
Алла сәтін салып, біз де 150 оқушымен бірге, сегізінші лекпен саяхатқа жолға шықтық. «Жаңа талап» спорттық-туристік компаниясы ұсынған тамаша мүмкіндікте талапты жастарды байқауды мақсат еттік. Қуанышымызға орай, мұндай шәкірттер жетерлік екен.
Әрбір баланың зейінін ашуда соншалықты ғылымның қажеті жоқ. Аз ғана көңіл бөлсеңіз жеткілікті. Пойызда жанымызға жайғасқан он шақты оқушының болашақта кім болғысы келетінін сұрағанбыз. Негізінен, олардың басым бөлігі 8-9 сыныптың оқушылары. Әрбірінің талабы зор. № 82 мектептің 8 б сыныбының оқушысы Мақсат Абутакир ғарышкер болғым келеді дейді. Дүниежүзі тарихы, астрономия пәндерін құмартып оқып жүр осы күні. Әсіресе, тарихтағы әйгілі қолбасшылардың стратегиялық жоспарларына да қызығушылығы ауған.
Ойы зерек оқушының тағы бірі – Азамат Байжігіт. № 78 мектептің 9 сыныбында тәлім алады. Оның арманы – келешекте мемлекеттік қызметкер болу. Қазақ тілін тереңдетіп білуге деген ынтасы зор. Ал Мұхамедали Агментаев кәсіпкер боламын дегенді айтады. Сапар барысында балалардың қарым-қабілетін сырттай бақылап жүрдік. Расында да, оқушылар белсенділігімен көзге түсті.


Жаһандық
мәдениет пен ғылымның тоғысқан ордасы

Сонымен, «Жаңа талап» спорттық-туристік агенттігінің жолбастаушысы Илья Данилов, қалалық білім бөлімінің нұсқаушысы Әлия Өтебаева бастаған сегізінші лектің екі күндік сапары әсерге толы болды. Елордаға табанымыз тие салысымен еліміздегі әлеуетті Назарбаев университетінің жатақханасына жайғастық. Білім мен ғылымның ордасы. Шетелдік оқытушылар мен студенттердің шоғыры осында.
Жүз елу оқушы алдымен «Қуат», «Мөлдір» және «Сәуле» атты үш топқа бөлінді. Бұл атаудың өзі саяхатымыздың мән-маңызын ашып тұрғандай. Әлем назарын аударған «ЭКСПО-2017» көрмесіне зор қуанышпен бағыт алдық. Дүниежүзінің әр қиырынан келген елдердің технологиялық жобалары, салт-дәстүрі мен мәдениеті оқушыларды таң-тамаша етті. Бұл сәтте конгресс орталықта «Болашақ энергиясы» Форумы өтіп жатты.
Әдеттегідей, алдымен тамашалағанымыз – Қазақ елінің «Нұр-әлем» павильоны. Әрине, ең төменгі қабатындағы Ұлттық павильон елдігімізді танытады. Одан әрі ғарыш, күн, жел, су, биомасса, кинетикалық энергия қиялымызды сан-саққа жүгіртті. Түске дейін өзіміздің ұсынған жобалармен таныссақ, түс ауа тақырыптық павильондардағы технологиялық шоуларға куә болдық. Одан әрі өзге әлем елдерінің тартуы...
Оқушылар жыл бойы баламалы қуат көздері тақырыбында ашық сабақ өткен. Жасыл экономика тақырыбында өздері де түрлі жобалар жасады. Сол теорияда алған білімдерін тереңінен түсініп, іс-жүзінде көруге мүмкіндік алды.
Түстен кейін халықаралық павильондар орналасқан аумаққа беттедік. Мұнда халық ығы-жығы. Ресей, Таиланд, Шри-Ланка, Африка елдерінің салт-дәстүр мәдениетіне қаныға түсті. Шағын ел бола тұра, энергетика саласында қарыштап дамығаны қызықтырмай қоймайды. Әсіресе, Африка плазасында қара құрлық елдерінің өкілдері ән мен жырдан шашу шашады. Қай күні барсаңыз да осыған куә боласыз. Бұл аумақта құрлықтың 21 мемлекетінің павильондары орналасқан. Әрбірі де болашаққа көз тіккен. Сонымен қоса, салт-дәстүрі мен мәдениетін, отандық өнімдерін әлемге танытуға әрекет етеді-ақ.
Мәселен, соның бірі – Гана елі. «Гана – жаңғыртылатын энергия көздері мүмкіндіктерінің тоғысқан жері» атты тақырыпты арқау етіпті. Қара құрлықта СЭС-тiң игiлiгiн көрiп отырған әлеуеттi ел. Гана Үкіметінің энергетикалық саясатының ортақ мақсаты – 2020 жылға дейін елдің жалпы энергетикалық балансында жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесін 10 пайызға дейін өсіру екен. Павильон басшысы Кофи Элис мырза бізге осылай әңгімелеп берді. Көрменің келесі күні өтетін Ұлттық күніне дайындалып жатқан беті екен.
Ал Таиланд павильонының жетекшілері оқушыларымызға естелік ретінде өз сөмкелерін сыйға тартты. Балалар мәз-мейрам.

astanadan-askak-armanmen-56 1

Ең көбі – Оңтүстіктің жастары

«ЭКСПО» сапары кезінде басқа өңірлерден келген оқушыларды кезіктірдік. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан 96, Ақтөбе облысынан 50, Алматы қаласынан 70 оқушы келіпті. Алайда әлемдік шараны тамашалауға келгендерің ішіндегі ең көбі – Оңтүстіктің жастары.
Саяхатымыздың екінші күні негізінен танымдық саяхатқа арналды. Астананың жаңа келбеті, зәулім ғимараттар, сәулеттік нысандары да оқушылардың таным-түйсігін кеңейткендей.
Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Бәйтерек» монументі, «Думан» ойын-сауық орталығы... Әрбірінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Алғашқы бағытымыз – «Пирамида» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы. Біз барғанда мұнда Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің 25 жылдық мерекесіне арналған іс-шараға қызу дайындық жүріп жатыр екен.
Әсіресе, Ұлттық музейге жасаған сапарымыз есімізде ұзақ сақталардай. 2014 жылы Астана күніне орай пайдалануға берілген нысанның сәулеттік келбеті де көз тартады. Ондағы тарихи жәдігерлеріміз, ұлттық құндылықтарымыз жүріп өткен жолымызды айқындап тұр. «Алтын адам», ерте және орта ғасырлардағы көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын құнды дүниелер, батырларымыздың соғыста қолданған қару-жарақтары, т.т., тәрбиелік мәні зор дүниелер.
Күрделі жөндеуден өтіп, таяуда халық игілігіне берілген «Бәйтерек» монументіне жасаған сапарымыз да мәнділігімен есте қалды. Монументтің алдында кезек күткен халық көп. Біздің оқушылар да осы сәтте өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Ән айтты, би биледі. Севара Усманова жетекшілік ететін №76 мектептің оқушылары белсенді.
Осы сәттегі ең бір есте қалғаны – оқушылардың «Атамекен» әнін орындауы еді. Осы мектептің шәкірттері көпшіліктің көзінше туған елді құрметтеуге үндейтін әнді топпен шырқап берді. Сондай-ақ, флешмоб аталған биі де жиналаған жұртшылықты таң-тамаша етті. Осылайша астаналықтар шымкенттік оқушылардың белсенді екеніне куә болды-ақ.


«Жаңа талаппен» бірге
жаңашылдыққа ұмтыл!

Таяуда ғана газетімізде «Елорда күні елдіктің тойы» деп жазған едік. Расында солай. Астана аз ғана уақыттың ішінде-ақ, дүниежүзі таныған қалаға айналды. Бүгінгі Астана – зәулім ғимараттар бой түзеген, адамзат өркениетінің жауһарлары тоғысқан білім мен мәдениеттің ордасы.
Ең бастысы, ел жастарының қиялына қанат бітіретін, арман қуған жастарға пана болған шаһар. Екі күндік сапарда оқушылар осындай ой түйді. Бәрінің де Елордаға алғаш рет келуі. Бәрі де зор әсер алып, туған жерге нақты мақсатпен қайтты. Астанада білім алғысы келеді. Әңгімелерінен ұққанымыз, енді олар өздері қона жатқан Назарбаев университетінде білім алуды жоспарлап отыр. Міне, бұл саяхаттың басты мақсаттарының орындалғаны ғой.
Оқушылардың осындай мүмкіндік жасаған қалалық білім бөліміне, «Жаңа талап» туристік-спорттық агенттігіне алғысы зор. Білікті маман Денис Жарменов басқаратын «Жаңа талап» спорттық-туристік агенттігінің жұмысы ерен. Бір лекте 150 баланы Елорда төріне апарып, қуаныш сыйлау айтуға ғана оңай. Компания басшылары сенім үдесінен шығып келеді. Оқушылардың әрбіріне жолда жүру ережесі жайында нұсқаулық ұсынылған. Барлығына бірдей бейсболка үлестіріледі. Компания өкілдерінің өз ісіне адалдығының арқасында қалалық оқушылардың көңілі шат-шадыман. Жақсы жаңалықтар да баршылық. Біздің алдымыздағы жетінші лектің оқушыларын Түркияның «ТРТ аваз» арнасы сұхбатқа тартыпты. Пікірлерін білген. Кеше ғана оқушыларымыздың сұхбаты арнаның эфирінен берілді.
Қуаныш емей не?! Денис Қасымұлының айтуынша, бұл жетістіктердің басы. Алдағы жоспарлары да ауқымды. Жексенбі күні оныншы лек Елордаға аттанды. Зор үмітпен. Қызыққа толы саяхат одан әрі жалғаса бермек...


Ал осы кезде...

ЭКСПО-ның миллионыншы қонағы анықталды. «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға келген миллионыншы қонақ – 27 жастағы Астана тұрғыны Гүлжиһан Жаңабергенова.
Жалпы, ұйымдастырушылар екі айдың ішінде 2 млн адам келеді деп болжаған еді.


 

Т. ҚАСЫМ
Шымкент-Астана-Шымкент

Последнее изменение Среда, 19 Июль 2017 05:10
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.