68 жылдан соң туған жердiң топырағы бұйырды

Пятница, 03 Апрель 2015 06:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5362 раз

...Анам түсіме кіріп, «Райхан, үш бала, үш қызымның ішіндегі еті тірісі, әрі бауырмалы өзің едің. Осыдан біраз жыл бұрын соғыста дерексіз кеткен үлкен ұлым Құрбанғалидың жалғыз суретін саған беріп: «Мен өліп кетсем іздестіре жүр» деген болатынмын. Сен де есіңнен шығардың ба?» – деді. Осы түстен соң, ағам Ұлы Отан соғысының ардагері Құрбанғали Шымкентбаевты іздестіре бастадық. Бұл ретте ұл-қыздарым, немерелерім де бірлесіп көмектесті. Ақыры ғаламтор арқылы Украинадан мәлімет табылды.

96-1Түлкібас ауданынан редакциямызға арнайы іздеп келген Райхан Алғабаева ағасы Құрбанғали туралы әңгімесін осылай бастады. Ұмыт бола жаздаған  бауырының қабіріне бір емес, бірнеше рет барып, құран бағыштап қайтыпты.
– Біз ағамыздың тағдыры туралы жылдар бойы ештеңе білмедік. Небәрі 18 жасында Сарыағаш ауданынан әскерге аттанып, 1939 жылы қараша айында басталған Финляндия соғысында шайқасыпты. Сол жылы әскери киіммен түскен суретін жіберіп, артына «Шымкентбаев Құрбангали. На долгую вечную память родителям от сына. Полевая почта. Минск. 1939 год» деп жазыпты.Содан хабар келген жоқ. Мұнан соң, 1941 жылы ҰОС басталды. Осы уақыт аралығында әке-шешем баласы туралы ақпараттан жұрдай еді. Ағамның қаза болғаны туралы «қара қағаз» келген- келмегенін де білмеймін. Мен ол кезде 3-4 жастағы бала едім. Шешем барлығымыз ұйықтады-ау дегенде, осы суретке қарап жылап отыратыны еміс-еміс есімде қалыпты. Ағам туралы ақпарат алу үшін аудандық, облыстық әскери комиссариаттарға да бардық, ресейлік «Жди меня» бағдарламасына да жаздық. Алайда, нәтижесі болмады. Сөйтіп, 2012 жылы ғаламтор арқылы Украинаның Днепропетровск облысы, Войсковое селосындағы бауырластар зиратында жерленгені туралы мәліметті таптық. Ағам 1943 жылы қазан айында қаза болған екен. Украинаға немерем Биназар екеуіміз ағамыздың зиратына барып, анамның аманатын орындадық, – дейді Райхан Алғабаева.

Абай аудандық ардагерлер кеңесі сәуір айында туылған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Есберген Қаратевты, Әбдіғали Есетовты және Төрегелді Зорбановты құттықтайды. Зор денсаулық, амандық және отбасыларыңызға бақыт тілейді.

96Бауырластар зиратында 792 солдаттың сүйегі қойылыпты. Оның 342-нің есімдері плитаға ойып жазылған. Қалған 450-нің аты-жөндері іздестірілуде екен. «Бауырластар зиратын тұрғызуға және онда жерленген солдаттарды іздестіру жұмыстарына жергілікті билік өкілдерінің сіңірген еңбегі зор» дейді Райхан апай. Зиратта сүйегі жатқан сарбаздардың есімдерін  тізімдеп, оны ғаламторға енгізу арқылы боздақтардың сүйегін туған-туыстары тауып жатыр. Солардың бірі – Құрбанғали Шымкентбаев. Украинадағы «Днепр ізшілері» қоғамдық ұйымы тарапынан ардагердің туыстарына архив құжаттары көрсетіліпті.  Онда гвардия лейтенанты, 25-ші Синельников гвардия дивизиясының 81-ші атқыштар гвардиясы полкының взвод командирі
Қ. Шымкентбаевтың Украина жерін неміс басқыншыларынан азат етуде жанқиярлық қиян-кескі шайқаста алдыңғы сапта жүріп, 1943 жылдың күзінде Гроза селосында ерлікпен қаза тапқаны жазылған. Сол жылы Днепрдің оң жақ жағалауында орналасқан елді-мекендерді немістерден азат ету барысында он екі мыңға жуық  солдат қаза болыпты.
Арада 68 жыл өткен соң, жат елде сүйегі жатқан сарыағаштық Құрбанғали Мықтыбайұлына туған жерінен бір уыс топырақ бұйырып, бауырластар зиратының жанына ардагерге арналған ескерткіш тақтасы орнатылыпты. Бауырластар зиратынан алынған топырақ Сарыағаш ауданында әкесі мен шешесі жерленген зират жанына әкелініп, ол жерге де тақтайша орнатылды. Онда 20 жасында ата-анасына дала почтасы арқылы келген Құрбанғали Шымкентбаевтың әскери киімдегі суреті тасқа басылған. Сол кезде оның жанарында алдағы күнге деген сенімі мол еді...

Последнее изменение Пятница, 03 Апрель 2015 06:54
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.