×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Сарыағаштағы оқиға: Жауаптыларға шара көрілді Избранное

Четверг, 15 Март 2018 11:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5340 раз

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектептердегі орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға шара көрді.


Осыған байланысты арнайы жиын өткізген әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан бұқаралық ақпарат пен қоғам арасында резонанс тудырғанын айтып, осы мәселеге қатысты жауапты азаматтарға шара көрілетінін жеткізді.

Нақты айтқанда осы мәселе бойынша тергеу амалдарының объективті және жан-жақты жүргізілуінің қамтамасыз ету үшін, тергеу амалдарының аяқталғанына дейін осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер өз қызметтерінен уақытша шеттетілді.

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының заңдылықтарына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке қатаң ескерту берілді. Ал Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы О.Бердалы мен Сарыағаш ауданы, Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ә.Ибрагимов, ювеналды полиция бөлімшесінің №73 және №74 жалпы орта мектептеріне жауапты полиция инспекторы Қ.Сәриевтер қызметтерінен босатылды.

– Сонымен қатар аудандағы жағдайды дер кезінде назарға алып, тиісті шара қабылдамаған аудан әкімі Қ. Әбдуәлиевке қатаң сөгіс жариялаймын. Бұдан бөлек сол салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Қ. Қыстаубаевқа шара көруді және Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп директорларын тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетуін тапсырамын. Бұл оқиға аудандағы білім беру саласында бірқатар проблемалардың бар екенін көрсетіп берді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен жұмыс тобы құрылып, аудандағы жағдай мұқият тексеріледі, – деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, өңір басшысы облыстық білім басқармасының басшысы И.Сағындықовқа сөгіс түрінде шара көрілетінін атап өтті. Аймақ басшысы, бұған қоса аталған мәселе бойынша эксперттік комиссиямен ауданда және облыста екі рет медициналық тексерулер жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша баланың зорланғаны расталмағанын мәлім етті.

Жиын барысында өңір басшысы еліміздің бала жөніндегі уәкілі Зағипа Балиеваның облысымызға арнайы келгенін мәлімдеді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева 14 наурыз күні «жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді» делінген баланың жай-күйімен танысты. Облыстық ішкі істер департаментінде өңіріміздің журналистерімен кездесіп, оқиғаға қатысты пікірін білдірді. Бұған кейін еліміздің бала жөніндегі уәкілі 1 сынып оқушысын Астана қаласындағы арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасына өткізу үшін алып кетті. Алдағы уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынып, өңірдегі барлық білім ұяларында алдын алу жұмыстары жүргізілетін болады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.