Санамыз сергек пе? немесе Өз қалаңызды қаншалықты құрметтейсіз? Избранное

Пятница, 09 Ноябрь 2018 04:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3455 раз

Қала тұрғындары негізінен сананың сергек болып, мәдениетке, өркениетке қарай ұмтылуымен ерекшеленсе керек. Мегаполис – биік әрі зәулім үйлер, инновация, жаңа технологиялар, жасанды интеллект қана емес, адамдардың түрлі ой-өрісі мен саналық қабілеті түйіскен орта. Ал, сананы тұрмыс билейтіні де рас. Бірақ XXI ғасыр білім-ғылым, өнер, жаңа технологияның, бәсекенің заманы емес пе?! Біз осы тұрғыда ойланып көрдік пе?

64

 

Күлетін жағдай емес еді...

Елбасы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы айқындап берді. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін», – деген еді Елбасы Рухани жаңғыруға үндеген мақаласында.
Рас, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалмақ.
Өзіме келер болсам, 10 жылдан астам уақыттан бері қала тұрғынымын. Әу баста бәсекелестік ортада дамып, өркениет көшіне ілесуді мақсат тұтқанымыз анық. Бірақ кей-кейде өзімді толық қала тұрғыны ретінде сезіне аламын ба деп ойланамын.
Қала аумағы ұлғайды. Көпқабатты үйлердің көлемі де артып келеді. Қазіргі таңда Шымкенттегі үйлердің 40 пайызы жеке сектор болса, 60 пайызы – көпқабатты үйлер екен. Адам қолайлылықты сезінген жағдайда, бәсекелік қабілетін күшейткен кезде алға қарай адымдайтыны да мәлім. Сол сияқты, құрылыс қарқын алған уақыт. Жеке сектор жылдан жылға азая беретіні де анық жайт.
Таяуда әлеуметтік желілерде ӘІО аумақтағы ірі қараның жайылып жүрген суреті таралған еді. Ірі қараның көк шөпті майқандаған суретіне күлдік те қойдық. Бұл негізінен байыппен қарайтын мәселе еді ғой?! Сиырдың иесі табылып, ішкі істер қызметкерлері тарапынан 48 мың теңге айыппұл салыныпты. Бірақ мәселе осымен шешілді ме?
Рас, үшінші мегаполисте әлі де үй жануарларын ұстайтын тұрғындар көп. Негізінен, олардың дені малды күнкөріс мақсатымен асырайтыны да мәлім. Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, бүгінде қала тұрғындарының иелігінде ұзын-саны 195 мыңнан астам үй жануары есепте тұр.
Дегенмен, тұрғындар қалада мал бағудың жауапкершілігін де сезінуі тиіс. Талап пен тәртіпке бағынуы керек. Басты талап – санитарлық ережеге сай келіп, мегаполис қаланың келбетіне нұқсан келтірмеу. Тұрғындар бұл мәселеде сананы оятып, мәдениетін көтеруге де назар аударатын сәт қазір.

Арнайы қағида дайындалған еді

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ғани Құрманбайдың айтуынша, жалпы, қалада мал ұстаудың да талабы мен тәртібі бар.
2017 жылдың 27 маусымында сол кездегі ОҚО мәслихатының шешімімен Шымкент қаласының аумағында үй жануарларын асырау қағидаларын бекіту туралы шешім әзірленген еді. Карта да бекітілген. Шымкенттегі 4 ауданның әкімдігімен, қалалық сәулет бөлімімен бірлесе қалада мал асырауды 3 аумаққа бөлу мәселесі талқылаған еді. ҚР ветеринария туралы заңы, басқа да заңдарға сәйкес, қала территориясы үш аумаққа бөлген. Ол мынадай аумақтар:
Бірінші аймақта көп қабатты үйлер, мектептер, балабақшалар көп. Бәйдібек би, Тәуке хан даңғылы, Жібек жолы, Сайрам көшесі, әкімшілік-іскерлік орталық, Арғынбеков, Сайрам көшесінен теміржол вокзалына дейінгі аумақта мал ұстауға болмайды делінген.
Екінші аумақта мал асырауға болады, бірақ үйінен шығармау қажет. Ол аумақтар – Самал-3, Қатын көпір, Ақжайық, Асар, Қызылжар, Забадам, Нұртас, Оңтүстік және т.б. шағынаудандар.
Үшінші аумақ – қалаға жаңадан кірген елдімекендер. Олардың жайылымдары бар болғандықтан, мал асырауға толық рұқсат берілген. Жалпы, бұл мәселе қоғамдық кеңесте талқыланған. Мәслихаттың шешімі де шыққан.
– Бұл мал ұстау қағидасы жан-жақты қамтылып, тәп-тәуір жасалған еді. Дегенмен, облыс мәслихатының шешімін Әділет департаменті қабылдамады. Олардың уәжі «Азаматтардың бостандықтары мен құқықтарына нұқсан келтіреді» дегенге саяды. Жеке және заңды тұлғалардың құқығы шектеледі дейді. Қала өз алдына үшінші мегаполис болғаннан кейін біз осы мәселені қайта көтеріп жатырмыз. Қала әкімі аппаратының заң бөлімімен ақылдасып, мәселенің заңдылығын қараймыз. Алда қоғамдық талқылау өткізіп, 4 аудан тұрғындарының пікірін біліп, біз осыны мәслихаттың шешімімен бекітуіміз керек. Қаланың ортасына қаншама қаржы бөлініп, жасыл желек егіліп жатыр. Оны жұлуға, майқандауға болмайды. Қалай да осы қағиданы бекітуіміз керек. Одан бөлек қаланың ортасында мал асырайтындарға қатысты да көршілерінен шағым түсіп жатады, - дейді басқарма басшысының орынбасары Ғ.Құрманбай.
Тиісті сала өкілі осы мәселелерді тез арада шешу керек дегенді айтады. Мәслихаттың шешімі шығып, заң күшіне енсе, қалада мал ұстаудың тәртібі нақты белгіленбек. Төрт ауданның әкімдігімен бірлесе, насихат жұмыстары да көбейіп келеді. Басты мақсат – мәслихат шешімі бойынша мал ұстау қағидасын бекіту.

Тұрғындар тәртіпке қаншалықты бағынып жүр?

Жалпы айта кетсек, қазіргі таңда Шымкент аумағында 74 160 ірі қара мал, 110 мыңға жуық уақ мал, 9 300 шошқа, 10560 жылқы, 35 түйе есепте тұр. Тұрғындар ветеринариялық заңдылықты сақтаса, малды асырауына рұқсат. Бірақ ҚР Ветеринария туралы заңында жеке және заңды тұлғалар қажетті іс-шараларды атқаруы тиіс. Үй жануарларын дер кезінде тексертіп, құжаттарын реттеуі тиіс.
Одан кейін, ветеринариялық іс-шараларды дер кезінде атқару – түрлі аурулардың алдын алуға сеп. Ол, ең алдымен, мал бағушының өзінің отбасының денсаулығы үшін керек. Егер үй жануарлары сырқаттанатын болса, дер кезінде тиісті орындарға хабарлауы тиіс.
Тағы бір ескеретін жағдай – қорада малды ұстауға рұқсат болғанымен, оны үйде союға тыйым салынған. Жалпы, ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары халықпен кездесуде осы жағдайға назар аударып келеді. Қалада арнайы белгіленген 4 мал сою бекеті, 8 мал сою алаңшасы бар.
Малды қараусыз қалдыратындарға да талап күшейе түсуде. Қараусыз қалған үй жануары біреудің егістігін таптайтын болса, қоғамдық жерді бүлдірсе, оның иесіне айыппұл салынады. Сонымен қатар, малды қараусыз қалдыру ұрлыққа жол ашатынын есте ұстаған жөн.
– Қазір мал ұрлығы да көбейіп тұр. Малды жайылымға жібереді де, қарамайтындар көп. Ұрланатын малдың бәрі - осы қараусыз қалғандар. Әр адам өзінің мүлкіне ие болу керек қой. Одан кейін, елдімекендерде мал ұстайтындарға қатысты бізге шағым айтатындар жеткілікті. Ал көршімен тату-тәтті болғанға не жетсін. Мал асырадың ба, оның жауапкершілігін сезін. Үй жануарының денсаулығы, тазалығы бар. Қазір осы мәселе бойынша түсіндіру жұмысын күшейтіп, бейнероликтер түсіруді қолға алдық. Екпе жүргізу кезінде де халыққа жан-жақты түсіндіреміз. Біз өз тарапымыздан барлық жұмысты атқарып жатырмыз, - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Жалпы, қалада бекітілген іс-шараларға сәйкес, 15 түрлі аурудың алдын алу бойынша екпе жүргізіледі. 25 түрлі ауруға қарсы диагностикалық талдау тағы бар.

Санаңыз қаншалықты сергек?

Шымкент – ТМД елдері арасында үздік қала. Халықаралық ассамблея ұйымына мүше. Шымқала 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанып отыр. Сондықтан мегаполис тұрғындарының санасы мен мәдениеті мәселесіне ерекше назар аударатын сәт қазір. Сана дамыса, қала да дамиды.
Бүгінде бәсекелік қабілетімізді дамытар кезең екенін айттық. Санасы сергек адам жоғарыға көз тастап, өзінің мүмкіндігін жүзеге асыруға, туған қаласын дамытуға үлес қосуды ойласа керек. Себебі, қала - білім мен мәдениеттің әлеуетін, жаңа технология мен инновацияның қауқарын көрсететін орта.
Тарихтан сыр тартып айтар болсақ, Шымкент – ежелден мәдениеттің орталығы болған шаһар. Ұлы Жібек жолы бойындағы қалада қолөнер, сауда, мәдениет, ақша айырбасы дамығаны тарихтан мәлім. Бүгінде алдымызда қаланы одан әрі дамыту міндеті тұр.
Француздарда «Дарынды адамдар провинцияда туып, Парижде өледі» деген тәмсіл бар. Сіз де осы туралы бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Сіз өз қалаңызды қаншалықты құрметтей білесіз?

Последнее изменение Пятница, 09 Ноябрь 2018 10:00
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.