Н.Назарбаев: Полицияны реформалауға кірісу қажет Избранное

Среда, 21 Ноябрь 2018 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2196 раз

Мемлекет басшысының төрағалығымен ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

101

 

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жүргізу мәселелерін қатаң бақылауда ұстап отырғанын айтқан Нұрсұлтан Назарбаев соңғы үш жылда елімізде қылмыс деңгейі 17,5 пайызға азайғанын атап өтті.
– Адамдар қылмыстық әрекеттен қорғану үшін, ең алдымен, полицияға барады. Тәуелсіздік жылдары 779 полиция қызметкері қаза тауып, екі жарым мыңға жуығы жарақат алды. Мұны естен шығармау керек. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының қазіргі жағдайы қоғам талабына толық жауап бере алмай отыр, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы полицейлердің азаматтармен өзара қарым-қатынасының қазіргі стандарттары ескіргенін әрі заман талабына сай келмейтінін атап өтті.
– Ішкі істер органдарының жұмысы қоғам күткен сенімді толық ақтай алмай отыр, азаматтардың көңіл толмастығын туғызуда. Адамдар өздерін қауіпсіз сезіне алмайды. Біз онсыз басты бағдарымыз саналатын қазақстандықтардың жоғары сапалы өмір сүруін қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан, полицияны реформалау ісіне шұғыл кірісуіміз қажет, – деді
Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдаудың бағыттарына сай ішкі істер саласында мазмұнды әрі сапалы өзгерістер жасау қажеттігіне тоқталды. Полицияны жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, ішкі істер органдарының құрылымы мен штатын оңтайландыруды, өзіне тән емес функцияларды алып тастауды тапсырды.
– Құрылымдар оңтайландырылады. Соның нәтижесінде бір басшының қарамағында үшеу емес, бес адам болады. Штат саны 10 пайызға қысқарады. Бұл еуропалық орташа деңгейге сәйкес келеді. Осыған орай 16 миллиард теңге үнемделмек, – деді Қазақстан Президенті.
Президент сонымен қатар полицейлер кезектен тыс аттестациядан өткізіліп, заманауи талаптарға сай келгендер ғана қалатынын айтты. Ал елдегі ішкі істер министрлігіне қарасты 12 оқу орнының бесеуі ғана қалады.

Последнее изменение Среда, 21 Ноябрь 2018 08:06
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.