Озық ой құдіреті Избранное

Пятница, 14 Декабрь 2018 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3371 раз

Оңалбай АЯШЕВ
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, п.ғ.д. профессор, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ОҚО Құрметті азаматы

568c3251446f668bb572dbac64a54462 crop l 164 t 207 w 267 h 267 resize w 320 h 320

Алып Қазақ елін дүр сілкіндірген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық рухымызды, тарихымыз бен түп-тамырымызды, шыққан тегімізді тағы да бір айқындады.

Тәуелсіздіктің 28-жылына қадам басар тұста жарияланған бұл құнды дүние Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеген, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығы мен бабаларымыздың батырлығын жаңғыртты. «Жаяу жүрсе - бір қазақ, атқа мінсе - мың қазаққа» айналған ұлтымыздың ұлылығын, тасын түртсең тарихы сөйлейтін сайын даламыздың даңқын аспандатты.
«Ұлы даланың жеті қыры» – Елбасы бұрыннан қозғап жүрген ой таңдамалыларының жаңа, жинақы жиынтығы.

335f0cff8814af7bb51da6ce2c71637e

Мемлекеттің даму тарихында көптен күткен, жан-жақты негізделген, сарапталған, жүйелі тынысы бар тіршілік қазынасы. «Ұлы дала тарихы» деген ғылым саласы ашылды.
Елбасы ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын ұсынды. Архив құжаттары — тарих қазынасы, рухани байлық. Дәл қазіргі уақытта қоғамда тарихқа деген сұраныс артуда. Тарих ғылымының басты мақсаты – объективті, жүйелі, сенімді білімдер негізінде тарихи ақиқатқа қол жеткізу. Көрші елдердегі архивтерде сақтаулы деректердің құпиясын ашар уақыт келді. Ел тарихшылары бірігіп, аталған бағдарламаны жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылады деп сенім білдіреміз. Рухты көтеріп, бабалар ерлігімен мақтанатын, отаншылдық қасиетті көтеретін тарих жазылар заман туды. Қазіргі таңда тамсанып, таң қалып жүрген батыстың бізден үйренгенін, Қазақ елі материалдық мәдениеттің отаны екенін, мыңдаған жылдар бұрын ата-бабасы ойлап тапқан жаңалықтың бүгінгі өркениет бастауы екенін біліп өскен балалардың бойында еліне, ұлтына деген мақтаныш сезімі артары ақиқат. «Ұлы даланың жеті қыры» – осы бағыттағы темірқазық.
Еуразия кіндігінде орналасқан Алтайдан Қырымға созылған Ұлы даламыз – Шығыс пен Батысты жалғаған, өркениеттер мен мәдениеттер тоғысындағы алтын көпір. Әлемдік сауда жүйесінің дамуына, бүгінгі транзиттік «дәліздердің» пайда болуына тікелей ықпал еткен Ұлы Жібек жолы – қазақтың бағы. VI-VII ғасырларда Қытайдан бастау алған керуен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан даласын, Отырар, Тараз, Сайрам, Түркістан, Суяб, Баласағұн сынды мәдениет пен ғылымның орталықтары болған қалаларды басып өткен. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көшпенділер тарихының өркениет көшінде алдыңғы шепте болуы заңдылық.
Асқар Сүлейменовтің «Өзгелер маймылдан жаралса жаралған шығар, қазақ жылқыдан жаралған» деген сөзі «Ұлы даланың жеті қырын» оқығанда ойға оралды. Ұлы даланың айрықша қырының бірі – атқа міну мәдениеті екенін Елбасы ерекше атап өтті. ХХ ғасырдың 80 жылдары Көкшетаудағы Ботай қонысынан жүз мыңдаған жылқы сүйектері табылып, оған дейін ондай көп жылқы сүйектері ешбір жерден кездеспегені туралы кезінде баспасөзде жазылды. Жылқы сүйегінің көптігінен сол кездегі адамдар оны өз баспаналарын бекітуші құрал ретінде пайдаланған деген де ақпарат бар. Бірінші рет жылқыны қолға үйреткен көшпенділер екенін осы Ботай қонысынан табылған ауыздықтың сулықтарын зерттеу арқылы қорытынды жасалған: АҚШ-тағы Жылқы тарихы институтының директоры Дэвид Энтони жылқылардың бас сүйегінің азу тістерінің қажалғандығына көз жеткізген. Ағылшынның үлкен генетигі Алан Отрам Ботай қонысындағы үлкен құмыралардың түбіндегі жұғындыларды, органикалық заттарды зерттегенде жылқының сүті, яғни қымыз екендігін дәлелдеген екен. Демек, немістердің қымызды патенттеп иеленуіне ешқандай негіз жоқ. Бұған әйгілі тарихшы Герадоттың осыдан екі жарым мың жыл бұрын сақтардың қымызды қалай пайдаланатынын, қалай сақтайтыны туралы жазбасын қосыңыз. Археологиялық зерттеулер осыдан 6000 жыл бұрын ботайлықтардың жылқыны қолға үйреткенін, екіншіден, мініске пайдаланғанын, үшіншіден, жылқының сүтін ішкенін айқындаған. Және Ботай қонысынан табылған жан-жағын таспен қалап, ішін күйдіріп, жылқының етін қысы-жазы бұзылмайтындай етіп жасаған ет сақтайтын қамбаларды Сарыарқа қазақтары ХХ ғасырдың басына дейін пайдаланған.
Тарихтың атасы атанған әйгілі Геродот: «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген: садақпен және найзамен қаруланған, қарапайым қару мен айбалтаны да қолданады. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді» деп жазғанын білеміз. Ал араб саяхатшысы Ибн-батута «…Дешті Қыпшақтарда төрт доңғалақты үлкен арбалар болады. Оған екі немесе бірнеше ат жегіледі, кейде ат орнына арбаның жеңілдігі мен ауырлығына қарай қара мал немесе түйе пайдаланылады» дейді. Тіпті бүгінде ІІ Екатерина айтты дейтін аңызға бергісіз «Қазақтарды атқа мінгізбеңдер. Олар атқа мінсе кімді болса да таптап кетуден тайынбайды» деген де сөз бар.
Жылқыны адам еркіне көндіру арқылы адамзат кеңістікті меңгеру ісінде үлкен қадам жасады. Қазақтарды жылқы мінезді халық деп тегін айтпайды. Жылқы – таза, кірпияз, кінәмшіл, судың тазасын ішіп, шөптің асылын ғана жейтін, өте интеллектуалды жануар. Өзіне басқаның үстемдік етуіне, талауына, аяққа басуына жол бермейтін, еркіндікті сүйетін жылқы – бостандық символы. 20 шақырым жердегі дыбысты сезіп қоятыны, тас қараңғыда қаншама алыстағыны көзі көріп, адам естімейтін дыбыстарды құлағы шалып, иіс сезгіштік қасиеттері басқа жануарларда кездеспейді. Жылқы мінген қазақ алыстағыны көріп, қияндағыны шалды, ой-өрісі мен қиял көкжиегінде шек болмады. Қазақ жылқының етін жеп, қымызын ішкендіктен қуаты артып, тегеурінді алып күш иесі атанды. Атқа мінгенде арқаланды, жүйріктің тізгінін бос жібергенде құшағына бүкіл даланы сиғызардай құдіретке ие болды. Атқа міну мәдениетін әлемге көшпенділер осылай үйретті.
Қазіргі орта және жас буынның кейбірінің атқа отыра алмауы – ұлт қасіреті. Атқа мінбек тұрмақ, қасына баруға қорқақтап, қашып тұратыны да жасырын емес. Жайдақ мініп, бәйгеге шапқан, көкпар тартып, теңге ілген, аударыспақ ойнап, қыз қууға қатысқан бабалар салтын жаңғыртар уақыт келді. Осы тұрғыда ат спортын дамыту, жүйелі жұмыстар жүргізуді жетілдіруде қалталы ел азаматтарының қолдауы қажет. Шүкіршілік, ондай ұлт жанашырлары баршылық.
Жезқазған мен Ұлытау жер қойнауларын зерттеуші және керемет білгірі Қ.И.Сәтбаевтың пікірінше Милықұдық кент жұрты Қазақстанның ежелгі металлургия орталығы болған. Металл өңдеуді, темір қорытуды алғашқы болып игерген көшпенділердің қолынан шыққан теңдесі жоқ асыл бұйымдар «скифтердің аң стилі» деген ерекше атауға ие болып, әлем халықтарын бүгінгі күнге дейін таңдандырумен келеді. Байлығы, сән-салтанаты ұстанған бұйымдары мен киген киімдерінен көрінетін орта ғасырлардағы ата-бабаларымыздың ұлттық киімдері олардың өмір сүру салты мен жағдайын айқындайды. Қазақтың әйгілі Әлкей Марғұланы бастаған ғалымдар Шілікті мен Берел қорғандарындағы қазбалар барысында «скиф-сібір аң стиліне» немесе сақ өнеріне (б.з.д. V-III ғғ.) жататын алтын бұйымдар тапқаны тарихтан белгілі. Қорымнан табылған бұл бұйымдар далалықтардың металл өндіру мен оны қорыту, әртүрлі бұйымдар жасаудың шебері болғанын әлемге әйгілеп, ұлы өркениеттің мұрагерлері екенімізді нақтылай түседі. Белгілі археологтар Кемал Ақышев пен Бекмұханбет Нұрмұханбетов анықтаған «Алтын адам» қазақтың қана емес, күллі көшпенділердің айбарына айналды. Грек тарихшысы Геродот өзінің атақты «Тарихында» былай дейді: «Сонымен өмірге қажеттінің бәрі скифтерде бар. Барлық халықтардың ішінде тек скифтер ғана қажетті өнерге ие». Ал грек географы Страбон: «Қымыздан ішімдік жасайтын скифтер әділетті. Шынында да, біз скифтерді ең ақкөніл, айлакерліктен неғұрлым алыстау, сонымен қатар, неғұрлым үнемшіл және бізге қарағанда, неғұрлым тәуелсіз деп есептейміз»-дейді. Сол кезеңнен бері үзілмей келе жатқан ата-баба дәстүрін келер ұрпаққа жеткізу – бізге аманат. Қолөнер, ағаш өңдеу мен темірден түйін түю сынды ұлт шеберлерінің далалық мектебінен үйренеріміз көп. Оларға өз өнерлерін жас ұрпаққа жеткізуге мүмкіндіктер жасағанымыз абзал. Орта мектептер мен арнайы, жоғары оқу орындарының жанынан қолөнер мектептері мен ағаш, темір өңдеу шеберханаларын ұйымдастыру нәтижелі еңбекке қол жеткізеді. Бұл өз тәжірибемізден белгілі: университеттегі «Сәндік өнер» бөлімінің туындылары бүгінде әлем назарында.
Алтай таулары – түркі дүниесінің ортақ үйі. Біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде осы Алтайда Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала тарихының жаңа кезеңі басталған. Адамзаттың ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабиді өмірге әкелген орны бөлек Отырар мен Қожа Ахмет Яссауи ілім алған Түркістан қалаларының тарих сахнасында қайта жаңғыруы – руханияттың жандануы. Әл-Фарабидің қазақ екендігін мың жылдан соң дәлелдеген әрі зиратын тапқан, фарабитанудың атасы, атақты шығыстанушы, академик Ақжан Машани – аспан мен жер ғылымын жаңаша зерттеудің негізін салған аса терең ғұлама ғалым. Ұлы даланың ұлы есімі деуге лайық тұлға.
Біздің еліміз алма мен қызғалдақтың отаны. Алманың сиверс аталатын сорты Қазақстан жерінде 165 млн жыл бұрын пайда болған екен. Әйгілі генетик Николай Вавилов 1929 жылы Қазақстанды «әлем алмаларының генетикалық орталығы» деп жариялаған. Алманың атауын иеленген Алматы қаласының апортын әлем біледі. Еліміздің оңтүстігінде өсірілетін алманың түрлі сорттарын экспорттап, шетелге шығаруды одан әрі жалғастырып, жандандыру экономикамыз үшін де тиімді. Тек істің көзін тауып, алма өсіруді шындап қолға алсақ болғаны.
Көктемде көк белді бар-жоғы 15-20 күнге қызылды-жасыл ғажайып түске бөлейтін қызғалдақ гүлінің 120-дан аса түрі бар болса, оның 12-сі тек Қазақ жерінде ғана өседі екен. Қазақстанды «Қызғалдақтың отаны» деп қалай атамайсыз мұнан соң?! Алайда, Қазақстанда өсетін қызғалдақтың 18 түрі «Қызыл кітапқа» еніп үлгерген. Кейбірін сату үшін, келесілерін хош иісті парфюмериялық заттарға, енді бірін дәрі-дәрмек жасауға пайдаланылатын қызғалдақтың сұлулығын ақындар өлеңге, сазгерлер әнге қосқан. Ел байлығын дәріптеп, қастерлеу соңғы жылдары қолға алына бастады. Түркістан облысы Түркібасы жеріндегі қызғалдақты алқап – Шұбайқызыл мемлекет қарауына өтіп, көздің қарашығындай сақталуда. Қызғалдақ өсіруді қолға алу жас ұрпақтың эстетикалық талғамын ғана қалыптастырып қоймай, Отанға, туған өлкенің әсемдігіне деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз. Нидерландықтар сияқты табыс көзіне айналдыруды да йластырған жөн.
«Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». ...Жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын». Елбасы осылай деді. Түркістанды түлету – перзенттік парыз. «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба аясына өткізілер іс-шаралардың негізгі мақсаты – түркі халықтарының басын біріктіру, Түркістанды әлемдік деңгейге көтеру.
Біз Елбасының «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу және оған Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициясы қою туралы тапсырмасын жүзеге асырудамыз: Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Ұлы Дала Елі – өркениеттер тоғысында (б.з.д. 100 мың жыл – ХІІ ғасыр)» атты археологиялық көрме орталығы бар. Көрмеде студенттік археологиялық жасақ материалдары қойылған. 1964 жылы негізі қаланған ОҚМПУ археологиялық жасағы – ғылыми-тәжірибелік қызметін үзіліссіз жүргізіп келе жатқан Қазақстандағы жалғыз студенттік ұжым.
Бас кезеңде қазба жұмыстарының алғашқы нысандары ерте IV ғасырдағы отырықшылар қоныстары – Қарауылтөбе, Наймантөбе, Төрткөлтөбе болды. ҚР орталық мемлекеттік мұражайында б. з. д. IV ғ. - б. з. IV ғ. Оңтүстік Қазақстандағы Арыс мәдениетінің негізін құрайтын ескерткіштердің атаулы қоры бар. ОҚМПУ-дың археологиялық жасағының бүгінгі жетекшісі А.Н.Подушкин – б.з.д. І ғ. - б. з. IV ғ. керамикалық кірпіш-кестелердегі қаңлы жазбаларының үлгілерін тапқан бірегей ғалым.
Университеттің «Ұлы Дала Елі – өркениеттер тоғысында (б.з.д. 100 мың жыл – ХІІ ғасыр)» атты археологиялық көрме орталығында Оңтүстік Қазақстанның ежелгі заманнан орта ғасырға дейінгі бай мәдени мұрасы мен тарихы бірегей артефактілер мен көрнекі жазықтық ақпараттар арқылы берілген. Материалдар оқу үрдісінде толық пайдаланылады. Орталықтың туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауда, қазіргі қазақ этносы мен мемлекеттілігінің бастауында тұрған ежелгі көшпелі және отырықшы-егіншілік халықтардың дәстүрлерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуде атқаратын рөлі зор. Көрмеде студенттердің археологиялық жасағының 54 жылдан бері жинаған далалық экспедицияларының нәтижелері – қорымдардан табылған қару-жарақ, керамикалық ыдыстар, тұрмыстық заттар, сүйектен, тастан, темірден жасалған бұйымдар көрсетілген.
Қазба жұмыстарының нәтижесі:
–Қаңлы мемлекеті кезеңіндегі Алтынтөбе, Көкмардан, Күлтөбе, Үшбастөбе қорымдары (б. з. д. ІІ ғ. – IV ғ.);
–Оңтүстік Қазақстандағы тас дәуірінің ескерткіштері (б. з. д. 100 – III мыңжылд.);
– орта палеолит дәуіріндегі Өгем шатқалы аймағындағы орман палеолит тұрағы (б.з.д. 100 мыңжылд.);
–Оңтүстік Қазақстандағы қола дәуірі (б.з. д. ІІ-І мыңжылд.);
- Оңтүстік Қазақстан аумағындағы сақтар дәуірі (б.з. д. VII ғ.– II ғ.);
– Оңтүстік Қазақстандағы Ғұн дәуірі (б.з. І ғ.);
–– III ғ. Оңтүстік Қазақстандағы сарматтар дәуіріндегі ірі ыдыстың қабырғаларында шикі балшық бойынша өңделген сармат белгісі – иконографиясы Солтүстік Қара теңізіндегі сарматтар билеушілерінің патшалық белгілеріне тиесілі (б.з. д. II ғ.);
–Қаңлы мемлекетінің Күлтөбе, Үштастөбе, Қылышжар, Күлтөбе қорымдары (б. д. II ғ. – б.з. IV ғ.);
– Қаңлы мемлекеті кезеңіндегі хат, оның арамей алфавиті мен идеограммаларымен ежелгі иран тілінің Шығыс диалектілерінің бірін таңбалауы (б. д. II ғ. – б.з. IV ғ.);
– Қараханидтер мемлекеті кезіндегі ою-өрнектелген ыдыстардардағы мөр секілді кескінделген кейбір үзінділерде араб тіліндегі жазулардың (эпиграфика) кездесуі (X-XII ғасыр).
Көрмеге қойылған жәдігерлер мен табылған заттар біздің дәуірімізге дейінгі 100 мың жылдан бастап және біздің дәуіріміздің XII ғасырына дейінгі кезеңді қамтиды. Ол қазіргі қазақ халқының этногенезі үдерісіне тікелей қатысатын ежелгі көшпелі және отырықшы-егіншілік этностарының материалдық, рухани мәдениеті мен өркениетінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Түркістан облысының Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласынан 30 шақырым солтүстік-шығыста, «Үтірлі» ауылынан 12 шақырым солтүстік-батыста, Сырдария өзенінен 2 км оңтүстікте, Сырдарияға құятын Сорөзек саласының жағалауында ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының орны бар. Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласын Қазақстан археологтары зерттемеген. Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді Жетісай қаласындағы мемлекеттік емес «Сырдария» университетінің профессор-оқытушылары қолға алды. Университеттің қаржыландыруымен 2004 жылы белгілі археолог М.Қасенов бастаған «Сырдария» археологиялық экспедициясы, ал 2009-2017 жылдары «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС директоры, т.ғ.д., профессор М. Елеуов бастаған Сырдария университетінің профессор-оқытушылары мен студенттерінен құралған «Мырзашөл» археологиялық экспедициясы ортағасырлық Ұтырлы (Үтірлі) қаласына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде қала құрылыстары, ондағы бөлмелер ашылып, баға жетпес тарихи жәдігерлер табылды.
Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына жүргізілген археологиялық қазбалар:
– Үтіртөбе қаласының өмір сүрген уақыты ҮІІІ-ХІІ ғғ. Қаланың салыну кезеңі оғыз дәуіріне сәйкес. Оған қаладан табылған жәдігерлер дәлел. Үтіртөбе өзінің жобасы жағынан өте ерекше құрылыс. Қала дамуының шарықтау шегі Х-ХІІ ғғ. Бұл кезең бүкіл Орта Азия мен Қазақстан қалаларына тән. Қала басқа қалалармен сауда және экономикалық байланыста болған. Қазбалардан табылған құмыра, металл, зергерлік бұйымдар басқа қалалардағы жәдігерлерге өте ұқсас.
– Үтіртөбе қаласы геосаяси жағынан Ұлы жібек жолының Сырдың сол жағалауындағы тармағында, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерде орналасқан. Қаланың құрылыс жобасы да орта ғасырлық қалалардың жобасына сәйкес. Сонымен бірге бір ерекшелігі қала сыртында зираттың болғандығы. Ислам діні қала тұрғындары негізгі діні болғандығын көруге болады. Бұл қаланың құрылыстары шикі кірпіш пен қыш кірпіштен салынан. Бұл дәстүрлі құрылыс Сыр бойы қалаларына тән.
– Үтіртөбеде сырттан келген заттардың (моншақ, шыны т.б.) табылуы оның жібек жолының бір тармағында жатқандығына дәлел болады. Ұлы Жібек жолының бір тармақшасы осы өңірден өткен деп есептеуге толық негіз бар.
Ұлттық сана-сезімнің тірегі – тарихи сана-сезім. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және мемлекеттік емес «Сырдария» университетінің археологиялық студенттер жасағының осы тәуелсіздік жылдары жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған ел тарихын шегелейтін, сирек кездесетін жәдігерлерді Ресей, Алмания, Корея, АҚШ, Франция, Испания, Португалия, Түркия, Египет елдерінен келген қонақтар көргенде бастарын шайқады. Бұған не дейсіз?! Дәлелге дәлелдің қажеті жоқ.
Ғылымның түбі – тазалық. Олай болса абыройы асқақтаған біздің елге досты қуантатын, ала көздің мысын басатын ғылыми тұрғыдан дәлелденген, Ел мақтан тұтатын «Ұлт тарихы» керек. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» осыны меңзейді. Бірге болайық. Түнде ұйықтамайық, күндіз отырмайық. Елбасының терең қозғауын мен осылай түсіндім.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.