Бабамыз Сақтың қанынан – Анамыз Сақтан дарыған!

Среда, 06 Март 2019 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2570 раз

Ханбибі Есенқарақызы – қаламгерлігімен халқына танылған, азаматтығымен алты Алаштың ықыласына бөленген қайраткер қыз. Еңбек демалысына шықтым деп қол қусырып отырған жоқ.

Ханбиби1

Былтыр жыл соңында 10 томдық шығармалар жинағын шығарса, оның алдында ғана «Ақжол» кітабының (1920-26 жылдар) 25 томдығын баспаға әзірлеп өткізді. 10 томы жарық көрді. Сондай-ақ, «Шолпан» (1920-23 жылдар) журналының барлық санын архивтерден тауып, кітап етіп бастырып, халқына ұсынды.

Жақын күндерде өзбектің белгілі жазушысы Насыр Фазылдың «Еске алсаң көңілің ериді» деген кітабын қазақ тіліне аударып бітті. Онда қазақ-өзбек жазушыларының арасындағы достықты, туыстықты ту еткен авторды Ханбибі «Алтын көпір» деп ардақтайды.

Облыс әкімдігі шығарған 10 автордың 10 томдығының ішінде «Жібек» атты жаңа повесі де бар. Сондай-ақ, мәдениет министрлігінің қолдауымен «Эсселер» жинағы, түрік тілінде «Жүрек жырлағанда» атты кітабы және «Ақжол» кітабының 15 томдығы биылғы жылдың үлесінде.

Біз 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай айтулы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызының бір топ жаңа өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

DSC 1625

Сақ әйелдері

Жігітке айбат береді,
Дәстүрі, салты бай елде.
Көз жасы қайрат береді
Болмысы бөлек әйелге!

Тәуекеліне ереді,
Тәшпішіне де көнеді.
Биігін елге береді,
Төменін селге береді.
Қанша өліп, қанша тірілсін,
Сіресіп әлі келеді!

Игеріп соғыс... өнерді,
Жұртымен бірге көгерді.
Шіреніп садақ атқанда,
Кеудесі болды кедергі.

Ұл туса – батыр болсын деп,
Қыз туса – батыл болсын деп,
Шарана қыздың бір төсін,
Күйдірді істік темірмен,
Бір төсі ғана қалсын деп!

Жөңкіліп жауға шапқанда,
Керіліп садақ тартқанда,
Жебенің ұшы дәл тиіп,
Дұшпанын көрге кіргізді!
Бір төспен сәби емізіп,
Ормандай ұрпақ өргізді!

Ат үсті, түйе қомында,
Тәуелді болмау жолында
Ерлермен тізе қағысып,
Ерлікке жеткен соңында!

Алапат соғыс ішінде,
Айналды сұлу мүсінге.
Жауларын жайпап жүргенде,
Сәбиі жатты ішінде!

Жанары оттай қарыған,
Мүддесі биік арынан.
Кешегі Желтоқсаныңда
Опат та болды талай қыз
Билеуші таптың зорынан.

Бойына біткен тектілік –
Жалғасқан алмас қағынан.
Бабамыз Сақтың қанынан –
Анамыз Сақтан дарыған!

***
Пенде болып туған соң,
Көп қой оның керегі.
Табылмайтын дерегі,
Ойланбастан ештеңе,
Өмір сүргім келеді!
Бауырларың – қатыгез,
Балаңдікі «жөн еді».
Уын жұтпай өмірдің,
Өмір сүргім келеді!
Сауысқандай сақ болып,
Періштедей пәк болып,
Өтерге өмір көне ме?
Айналасың сол кезде
Оқшантайлы жебеге.
Қол жетпесті көздемей,
Елдің сөзін сөз демей,
Өмір сүргім келеді!
Қақ-соғыңды елемей,
Теңіздегі кемедей
Өмір сүргім келеді!

Қараңғылық қаптамай,
Кеме суға батпағай.
Сүру үшін өмірді,
Шаһарынан шайтанның,
Аллам, мені сақтағай!

***
Бойда қуат, көңілде көрік барда,
Жаз, Ханбибі, ертеңге сеніп қалма!
Таразының басындай қылтылдаған
Бұл аумалы тірлікте ерік бар ма?

Ақиқат қой өтері дәурен бастан,
Өзі айырып біреуден,
Өзі қосқан...
Беті қалың тағдырың міз бақпастан,
Дұшпан тауып...
Жерітер және достан!

Бүгін ғана туғаң жоқ, және өлмейсің,
Ақтығыңды шыр-пыр боп дәлелдейсің.
Қажет пе еді ақталу біреулерге,
Қай жақсысы сөзіңе сенер дейсің?!

Сондықтан да ақталма ел алдында,
«Нағыз дос» деп біреуге сене алдың ба?!
Арқалатып жіберер өз күнәсін,
Жауларың жүр жалаңдап көз алдыңда.

Сырыңды төк тек қана қаламыңа,
Мән бермегін айлакер амалына.
Алланы сүй!
Оған сен!
Жалғыз әділ! –
Мейіріммен қарасын жамалыңа!

***

Қайырсыз ой қайдағы іздеп келіп,
Төсегімнен тұрамын жүз бүктеліп.
Екіжүзді, жәдігөй, ымырашыл –
Көз алдымнан өтеді тізбектеліп...

Есігімді тарс жауып алсам-дағы,
Өзіммен-өзім болып қалсам-дағы,
Сол көрініс көшеді көз алдымнан,
Аза бойды қаза ғып жан салмағы!

Жан салмағы еді ғой қауырсындай,
Мұзға тайған бүгін ол буыршындай.
Қабан қорсыл, сүйреңін сауысқанның
Мүмкін емес қабылдау ауырсынбай!

«Жынға пері қосылған» жынойнақтың,
Сарынымен мөлдірді лайлаттың.
«Ақтың отын ақымақ сөндірер» деп,
О, Құдайым, о баста кім ойлапты?!

Беті жылтыр болғанмен, ішегі лас,
Ту сыртыңнан тондарын пішеді, рас!
Қу түлкілер айналып өткен орға
Аң патшасы арыстан түседі, рас!

Атың озса, мінгесер арсыздарға,
Қолдау беріп қарқылдар сансыз қарға.
Әділеттің көзінен жас ағызбай,
«Мың қарғаға – бір кесек» – барсыздар ма?!

***
Бүгіні бар мықтыны жақтағам жоқ,
Балам бастық болсын деп мақтағам жоқ.
Шұбырынды қайғымды қарсы аламын,
Тұз себілген төзімді ақтабан боп!

Иттер – итті жұмсайды, ит – құйрығын,
Құйрықтардың көп көрдім ылдилығын.
Заман – түлкі болғанда, тазы болу
Жазбапты Алла маңдайға бұл бұйрығын!

Ақ та емес, қара да емес, ала қарға
Мен болып, көніп келем налаларға.
Елу жыл ескі ұлтандай болсам-дағы,
Пайда жоқ, не өзіме... балаларға!

Көрсем де бұл қоғамның ұлыларын,
Көрсем де бұл қоғамның ұрыларын,
Иілуге мойыным көнер емес,
Сондықтан да денеммен бұрыламын!

Атқан оғы дарымай, қамшысы да,
Кез келген соң асықтың алшысына.
Арындар асау өзен болмаған соң,
Айлакерлік айналар тамшысына!
Мықтыларға әлсіздер талай көнген,
Отырған соң төрінде сарайдың кең.
Аузымен ас, мұрнымен су ішетін
Қайран пілге қызығып қараймын мен!

***
Шарық етіп бетіне арды ұстана,
Қалың елден алғаны қарғыс қана.
Қорған етіп қорқауды жеткеніңмен,
Жолы ауыр мансаптың, байғұс бала!

Көрінгенмен жылтырап күннің көзі,
Ел басқару емес қой тілдің сөзі.
Қол көтермес шоқпарды белге байлау
Неге апарып соғарын білдің бе өзі?!

Жол тапқанмен сан айла, аярлығың,
Аруақ аттап жасаған даярлығың
Кәдеге аспай қалғанда түсінерсің,
Піскен астың «күйігі» жамандығын!

Соңын қуып әр сағым, әр елестің,
Тек жүруге жаралған сен емессің.
Қайтып соғар қарғыстың өз заңы бар,
Артық сөз бен бас жарар төбелестің!
Қысқаша айтсам, тағдырың аянышты,
Шала сауат – аңсайсың қай алысты?!
Сауын айтпай көр-жер мен ібіліске,
Тазалықтан іздесей таянышты!

* * *
Жазылғаннан қашпайсың маңдайыңа,
Парықсыздар мән бермес қал-жайыңа.
Жасыратын несі бар, сүрдім өмір,
Бал тамызып қайғының таңдайына!

Тілім ауыр, емеспін «тамаша» ақын,
Түсініп бақ, жетсе егер парасатың.
Кеңдігімді білген соң қалмай ерді,
Бұралқы иттер сүйекке таласатын!

Сусатып кептіретін кенезені,
Мықты өлең ашып берер терезені.
Ақынды сақтайтын да – ардақ жыры,
Ақынды жақтайтын да – өз өлеңі!

Қара адам
Қара аспанның қайдасың, қара адамы,
Қайғы ұлғайып... мұңым да балалады?!
Ұшып кетті ұямның шағалары,
Жар да кетті. Жанымды жаралады!

Менің сенен күткенім осы ма еді,
Енді мені қай саяқ кешіреді?!
Тегеурінді тағдырдың тепкісінен
Арқам – жауыр. Қос өкпем тесіледі...

Сүрудесің жайлы өмір аспаныңда,
Білем, өмір өтеді қас қағымда.
Абыр-дабыр, у-шуды жақтырмайтын,
Жалғыз жаннан сен дағы қашқаның ба?!

Ақ киімде сен алғаш көрінгенсің,
Араб сынды аспаннан келінгенсің.
Арбаушы етіп бір тылсым жіберді ме,
Төзімге емес дегендей, сезімге енсін.

Сезім де жоқ, бұл күнде төзімім де,
Бір хабарсыз кеттің ғой өзі мүлде...
Сәулем толып, баяғы бейнең болып,
Соғып кетсең болмай ма көз ілерде?!.

Кешір, кінә сенде емес – арманымда,
Абайсызда қартайып қалғаным ба?!
Жастықта емес көңілдің сұлулығы –
Жүректегі бір мысқал салмағында!
Соқпай-ақ қой,
Қара аспан – Қара адамы!..

Тағы да өзің жайлы
Жиі соғып тұрушы ең жас шағымда,
Дүние түгел, көңілдің асқағында.
«Қара жігіт» – бабамның рухтары –
Шаршадың ба, мені әлде тастадың ба?

Жігер, қуат бойыңда тасығанда,
Кім көрінген келеді қасыңа онда.
Желеп-жебеп жүрер деп ойлаушы едім,
Құлазыған көңілім жасығанда!

Жә, аруақ!
Қолдасай пақырыңды,
Жел кіндік жаулап алған ақыныңды!
Мақсат өтті. Мұратқа жеткізе гөр,
Арманда етпей дүние-ғапылымды!

***
Дегендей өмір сүрем, «жарайды осым»,
Келмеске кетті тастап талай досым.
Көңілден ақбоз үйлер көшкенімен,
Қисайып құламай тұр қалай қосым?!

Ойсырап,
Жадау-жүдеу,
Жамау жүрек,
Кеткендей бар асылын біреу күреп...
Амалсыз қимас өмір құрсауында,
Жүресің бір Алладан медеу тілеп!

Кетті ғой кіл жақсылар тізбектеліп,
Дұрысын таңдайды ажал іздеп келіп.
Қарамайды екен ғой кімдігіңе,
Келгенде суық ажал сызбеттеніп!

Фариза, Әбіш – жайғасты бас қорымға,
Келді. Кетті. Өмірден қас қағымда...
Келесі кім екенін білмейді ешкім,
Әзірейіл тақсырдың жоспарында!

 

Последнее изменение Среда, 06 Март 2019 05:09
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.