Арыс тұрғындарына барынша көмек көрсетілуде Избранное

Пятница, 28 Июнь 2019 04:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2430 раз

Қазіргі таңда Шымкентте құрылған 49 эвакуациялық пункте Арыстың жалпы саны 26 мыңнан астам тұрғыны тіркелген. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы брифингте мәлімдеді.

Арыс брифинг 1

Баспасөз жиынында Ғабидолла Әбдірахымов БАҚ өкілдеріне эвакуациялық пунктердегі жағдай мен онда тіркелген азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық және гуманитарлық көмектер туралы баяндады.

Брифингте айтылған мәліметтер бойынша Арыста орын алған төтенше жағдайлардан зардап шеккен 7 941 адам жатаханаларға жайғастырылған, арасында 2 870 бала бар. Медициналық көмекке жүгінген 47 адам қалалық, ал 70 адам облыстық ауруханада емделуде. Оның ішінде 43 бала бар.

– Бұл – өте ауыр жағдай. Жарылыста қаза тапқандардың жанұяларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Ол кісілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі. Ел басшыларынан бастап, барлық қазақстандықтар қолдан келген көмектерін көрсетуде, – деді Ғ.Әбдірахымов.

Қала әкімінің айтуынша, Арыс қаласының тұрғындарын эвакуациялау үшін қаладан 56 автобус жіберілген. Ал қауіпсіздік үшін теміржол вокзалында тоқтатылған пойыздардың 3100-ден астам жолаушысы Түркістан қаласына 43 автобуспен тасымалданды.

Екі күннің ішінде жоғалған 19 бала ата-анасына табысталғанын айтқан қала әкімі еріктілерге, қаражат аударған кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Ғабидолла Әбдірахымов бұған қоса сын сағатта халыққа жалған ақпарат таратып, әлекке салмауға шақырды.

– Шымкент қаласы үшін ешқандай қауіп жоқ екенін қайталаймын. Өз кезегінде журналистер мен әлеуметтік желі белсенділеріне тек тексерілген, расталған ақпаратты пайдалануға шақырамын. Қазір біздің мамандар жарылыстан келген шығындарды есептеп жатыр. Министрліктің тапсырмасы түскен сәтте арыстық тұрғындарды үйлеріне жеткіземіз, – деді Ғ.Рахматоллаұлы.

Баспасөз жиынында қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов жалған ақпарат тартқан Арыс тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, ал жалпы, тәртіп сақшылары қатаң режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жақсыбаев та Арыстағы жағдай тұрақты екенін хабарлады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Арман Сұлтанов Шымкентке келіп тоқтаған жолаушыларды жеткізу барысы тұрақты екенін айтты.